Саясат

Халық қолдауына ие болған құжат

Халық қолдауына ие болған құжат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған тарихи құжат болды. Президентіміз «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз жоғары білімді ұлт болуымыз керек» екендігін айтып, Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндеттерді атап көрсетті. Қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларына – өнеркәсіпке, қаржыларға, білім беруге қазіргі заманғы технологияларды енгізуін басты міндет етіп қойды. Мемлекет басшысы жастар мәселесіне де мән беріп, жастардың дүниетанымы қарқынды өзгеріп жатқанын, олардың үлкен технологиялық және саяси өзгерістер дәуірінде өз орындарын табуы маңызды екенін атап өтті. Президент белсенді және алдына мақсат қоя алатын жастардың осындай күрделі заманда аяқтарынан нық тұрып кетуіне мүмкіндік беруге ерекше ықылас танытты. Осы мақсатта Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Рухани жанғыру» бағдарламасының аясында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты облыстық инновациялық идеялар байқауы өтті. Байқау 9 аталым бойынша жүргізілді. Колледжімізден «Өндіріс саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша І-орынды 2 АиУ 18-1 тобының студенті Шерхан Қасым иеленіп, Талдықорған қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Сонымен қатар Жолдауда ғылым-білім мәселесіне ерекше назар аударылды. Жастарды ғылымға тарту, болашақта маңызды рөл атқаратын жасанды интеллект, ғылыми жетістіктерге қол жеткізу керектігін атап көрсетті. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жандандыру алға қойылды. Қазіргі таңда ауылдағы мектептерде білім сапасы төмендеу. Себебі ауылдық жерлерде оқытатын кәсіби мамандар аз екендігі белгілі. Осы ретте «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының маңызы зор. Көптеген білікті мамандар ауылға барып, білім берумен айналысса және қала мен ауылдағы мектептер бірдей техникалық жабдықтармен жабдықталса, бұл еліміздің ауылдық жерлерінде білім жағдайын көтеруге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Жолдауда қозғалған үлкен мәселелердің бірі – мұғалімдердің еңбекақысын екі есеге көтеру. Президентіміздің бұл бастамасын мен толықтай қолдаймын. Қазіргі кезде мұғалімнің мәртебесі айтарлықтай жоғары деңгейде емес, осы себептен көптеген жастар мұғалім мамандығынан шеттеп жатады. Бұл бастама жас мамандар үшін үлкен мотивация болатынына сенімім мол. Еліміздің болашағы жас педагогтердің жаңа инновациялық идеяларымен, құндылықтарымен, уәждерімен, перспективаларымен анықталады. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында колледжімізде Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасы өткізілді. Төрт кезең бойынша өткізілген республикалық педагогикалық олимпиадаға 144 педагог, 73 оқушы мен 10 жетекші, 67 студент пен 17 жетекші қатысты. Жолдауда айтылған басым бағыттарды әр қазақстандық өз салалары бойынша жүзеге асыру мақсатында жұмыс жасаса, еліміздің тез көркеюі мен гүлденуі жолында зор жетістіктерге бірге жете аламыз деп сенемін. Себебі бұл – біздің мемлекетіміз, біздің мақсатымыз, ортақ мүддеміз.

Майра Темірбекова, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің әдіскері.