Саясат

Кооперативтерге ауыл шаруашылығы техникалары берілді

Кооперативтерге ауыл шаруашылығы техникалары берілді

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаға енген ауылдық округ тұрғындарын несиелендіру қарқынды жүргізілуде. Жобаның екінші бағыты бойынша мал алып, шаруасын бастап кеткен шаруалар қатары арта түскен. Шаруалардың жемшөп мәселесін шешу мақсатында аталған округтерде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған болатын. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Бұл техникалар кооперативтерге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 5 процентпен кепілсіз, лизингке берілуде. Осы техникалардың күшімен үй іргесіндегі 1 071,7 гектар жер телімін, ауыл сыртындағы 77 362 гектар алқапты игеру көзделген. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 миллиард 070 миллион теңге бөлініп, оған 29 түрі бойынша 194 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Атап айтсақ, оның ішінде 33 трактор, 11 комбайн, 3 «КамАЗ» жүк автокөлігі мен 147 дана түрлі агросалаға қажетті тіркемелер мен техника бар. Бұлардың 80 проценті өз елімізде құрастырылған. Сонымен қатар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей және Польша мемлекеттерінен жеткізілгендері де бар. Техника тапсыру рәсімі «Атакент-Тараз» сауда орталығы қасындағы ашық алаңда ұйымдастырылды. Қаз-қатар қойылған тракторлардың тұсына олардың жаңа қожайындары кооператив төрағалары мен механизаторлары келіп тұрды. Жаңа тракторлар мен ауыл шаруашылығы тіркемелеріне ие болған кооператив төрағаларының жүзінен қуаныш табын аңғардық. Бізге олар бұл шаруаның жауапкершілігін сезініп, алдағы көктемгі дала жұмыстарына ойша дайындықты бастап кеткендей көрінді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов келіп, техникаларды көре бастағанда кооператив төрағалары жоспарларымен бөлісті. Өңір басшысы жаңа тракторларды тізгіндеген механизаторлардың шеберлігіне баса мән берді. Сондай-ақ аймақ басшысы кооператив төрағаларына жобаның басты мақсатын естен шығармауды тапсырды. Сарысулық «Саудакент – 2019» ауыл шаруашылығы кооперативі жалпы құны 88 миллион теңгені құрайтын 20 техника алыпты. Оның 3-еуі трактор, қалғандары агросалаға қажетті тіркемелер. Кооператив төрағасы Бақыт Жартыбаевтың айтуынша, округтегі 984 ауланың 901-і кооперативке кіруге өтініш берген. Қанатқақты жобаның екінші бағыты бойынша мал алуға 314 адам өтініш түсірген. Бүгінде 93 адам 265 миллион теңгеге мал алған екен. Оларды жемшөппен қамтамасыз ету үшін ұжым осы техникаларға тапсырыс беріпті.

Кооперативтердің ішінде көп техника алып отырған да осы Сарысу ауданы. Қалғандары 19 бен 13 техниканың арасында бөліп алған. Бұдан бөлек, алдағы күндері 10 комбайн мен 10 шөп оратын техника алынбақ. Ол да кооперативтерге осылай таратылып берілетін болады. Кооперативтерді жағалай аралап, әрқайсысымен жеке сөйлесіп шыққан өңір басшысы Асқар Мырзахметов негізгі рәсім тізгінін өз қолына алды. – Былтырдан бастап бұл жобаның мақсатын халыққа түсіндіріп айтып келе жатырмыз. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалар көп. Олардың әрқайсысының өз мақсаты, өз бағыты бар. Ал бұл қанатқақты жоба ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған. Біздің облыста бірінші рет қолға алынып отыр. Бұл жобаның бір артықшылығы, халықты жаппай қамтуға мүмкіндік береді. Мұны Президентіміз де қолдады. Кезінде бұл жобаға Елбасы да үлкен мән берген болатын. Үкімет біз сұратқан қаржыны толығымен берді. 7,2 миллиард теңге республикалық, 2 миллиард теңге облыстық бдюжеттен бөлінді. Бүгінгі таңда 9 миллиардтан астам теңге 10 аудандағы 11 ауылдық округке бөлініп берілген. Қазір бұл жоба Жамбыл облысында қалай жүзеге асырылады екен деп бүкіл республика қарап отыр. Жоба өз нәтижесін берсе, басқа округтерді де қамтитын боламыз. Сөйтіп республика деңгейінде таратылады. Бұл жобаны бірден-бір іске асыру тетігі – кооперативтер құру. Өзі 5 бағыттан тұратын жобаның бір бағыты техника сатып алу. Бұл бірінші және екінші бағыттағы жұмыстарды іске асырудың бірден-бір тетігі. Осылайша ауладағы қолда бар, жаңа алынған мал мен құсты жемшөппен қамтамасыз етуді көздедік. Егер біз жемшөп мәселесін шешпейтін болсақ, жобаның ары қарай дамуы екіұдай. Сондықтан осының бәрі сараланды, есептелді. Қарап отырсақ, біз бөлген қаржының 6 миллиард теңгесіне 40 мың бас мал мен құс сатып алынады екен. Осының бәрін ұстап тұру үшін жемшөп керек. Үй іргесіндегі жер телімінен шаруа жемшөп жинай алмайтын болғандықтан кооперативтер құрып, техника бөліп бердік. Олар өздеріне тиесілі ауыл сыртындағы 2-3 гектар жерін игерсін, сол жерден мал азығын дайындасын деп осы техникаларды беріп отырмыз, – деген өңір басшысы Асқар Исабекұлы басқа да жоспарларымен бөлісті. Жиналғандардың арасынан «Атамекен-Бастау» (Жуалы) мен «Даму-Сұрат» (Меркі) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің төрағалары Зайыр Сұлтанмұратов пен Дәуіржан Алтынбаев сөз алып, ауылды дамытуға мұндай мүмкіндік беріп отырған Үкімет басшыларына алғыстарын айтып, сенімнің үдесінен шығатындықтарын жеткізді. Тараз қаласы. Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Марат Құлибаев