Абадан ақынның аңсары бөлек...
Абадан ақынның аңсары бөлек...
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="111817,111818,111819"]
Талантты ақын Данияр Әлімқұлдың «Жүрек хаттарын» жырсүйер қауым жылы қабылдады
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің мәжіліс залында облыс әкімдігінің қолдауымен талантты жас ақын, бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Данияр Әлімқұлдың тұңғыш кітабының тұсаукесері өтті. Жыр кітабы Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан 1 мың дана таралыммен жарық көрді. Аталған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова қатысты.Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы талантын ізденісімен шыңдап, еліміздегі әдеби ортаға мойындалған ақынның бірі – Данияр Әлімқұл екеніне тоқталды. Ол соңғы жылдары Әулиеата топырағынан бір шоғыр талантты жас ақындар шыққанын айтып, ақынның қадамына сәттілік тіледі. Тұсаукесерге облыс әкімінің кеңесшісі Жасұлан Әбдіхалық та қатысты. Ақын Данияр Әлімқұл өзінің «Хат жолдау», «Бәрі де түгел» атты өлеңдерін оқып, жиналғандардың ризашылығына бөленді. Жас әнші Қайсар Көкішевтің орындауындағы «Тоқта жаным» (сөзі Д.Әлімқұлдікі), әріптесіміз Мұратхан Әлімхан «Құс қанат ғұмыр» (сөзі Серік Томановтікі) әндері құлақ құрышын қандырды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман алғаш жинағы шыққан жас ақынның «Көз жасым» өлеңін талдап, «Келмедім... у ішіп ем, Келмеумен болған күндер. Көзімнен су ішіңдер, Көзімде солған гүлдер» деген жолдардың мән-мазмұнын ашып берді. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы ізбасар інісіне ағынан жарылып, ризашылығын білдірді. – Біз ақынға арналған, қасиетті өлеңге төрін берген іс-шараға жиналып отырмыз. Облыс әкімдігі жас ақындарға қолдау танытып отырғаны үлкен қуаныш. Мұндай сәтте поэзия пырағын парасат биігіне самғатуымыз керек. Даниярдың алғашқы кітабынан-ақ оның үлкен ақындық қуаты байқалады. «Көктемдік локация» деген бір ғана өлеңінің алғашқы шумағына тоқталайын.
«Көктем келді дегенге кепілдей боп, Тебіндеуге тырысты жетілмей көк. Айға асығып жұлдыздар жамырады, Анасына жүгірген жетімдей боп. Айыр жолдың жағасын жапқан қар тұр, Айран жұққан кесенің шетіндей боп,
– деген жолдар қандай керемет сурет. Біз Даниярдың өлеңдерін кеңінен жариялауға дайынбыз. Таланттар кейде редакция жағаламай, ақындық мінез танытады. Оның жыры оқырман өзі іздеп жүріп оқитын жауһар жырлар, – деді ол. Бұдан кейін ақындар Болат Бекжан, Ғайни Әлімбекқызы, Бақытжан Советұлы, Баймаханбет Ахмет және бірқатар қаламгерлер ақжарма тілектерін ақтарды. Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов бастаған жерлестері келіп, жас ақынның мерейін бір көтеріп тастады. Мектептегі әдебиетке баулыған ұстаздары Әлимаш Айтқұлова, Ләззат Исабекова, Гүлден Әлменқызы, ақынның әкесі Ілияс пен анасы Ахлима да лебіздерін білдірді. Таластықтар алдағы айларда Қаратауда «Жүрек хаттары» кітабының тұсаукесері өтетініндігін, 150 кітап аудан кітапханаларына таратылатынын айтты. Жиын соңында Данияр Әлімқұл поэзия жанашырларына, қолдау білдірген облыс әкімдігіне шынайы алғысын жеткізді. Даниярды жас ақын достары «Абадан» дейді. «Жүрек хаттары» кітабына белгілі ақын Ғалым Жайлыбай алғысөз жазса, ақын Танакөз Толқынқызы талдау жасап, өзінің лебізін білдірген екен. Бұл жинаққа енген өлеңдер Әулиеатада жаңаша ойлап, өзінше бөлек болмыспен жыр жазатын тағы бір таланттың қалыптасып, шеберлігі шыңдалып келе жатқанын көрсетті.
Е.Жаңабайұлы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.