Жүкембаевтың жойқын соққылары

4

қарсыласын екінші раундта нокаутқа жіберді

Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген жерлесіміз, Шу өңірінің тумасы Батыр Жүкембаев шаршы алаңдағы он сегізінші кездесуінде жеңісті жорығын жалғастырды. Мексикалық кәсіпқой боксшы Рикардо Ларамен қолғап түйістірген Батыр қарсыласын мерзімінен бұрын ұтып, жанкүйерлерін желпінтіп тастады.
Бастапқыда отандасымыз өзіне тиесілі WBA Continental Americas және IBF Inter-Continental белбеулерін қорғауы керек болатын. Алайда соңғы сәтте аталмыш белбеулер сарапқа салынбайтыны анықталды. Бұл бәлкім боксшылардың салмақ дәрежесін бірлесіп келісуінен де шығар. Өйткені бұл жекпе-жекте былғары қолғап шеберлерінің салмақ өлшеу рәсімінде 900 грамға дейін артық салмақ көрсетуіне рұхсат берілген еді.
Сонымен Канаданың Монреаль қаласындағы «Montreal Casino» кешенінде ұйымдастырылған бокс кешінің басты шайқасында шаршы алаңға көтерілген Батырдың көзінде от ойнап тұрды. Оның жанарынан жеңіске деген құштарлықты айқын байқадық десек, қателеспеспіз.
Он раундқа жоспарланған кездесудің қандай сценариймен өрбитіні бірінші үш минуттықта-ақ түсінікті болды. Ә дегеннен қарсыласының осал тұсын іздеген Батыр шабуылға көшті. Бірінші нөмірде жұмыс істеген ол жойқын соққыларымен мексикалық боксшыны кәдімгідей қаймықтырып тастады. Лараның жүзінен қобалжуды аңғардық. Екінші раундта Лараңыз қорғанумен әлектенді. Іске шындап кіріскен қазақстандық боксшы қарсыласын екі мәрте жер бауырлатты. Бірінші нокдауннан кейін бойын жиған Рикардо Лара Батырдың ауыр соққыларына бәрібір шыдас бермеді. Екінші раунд аяқталар тұста тағы да ринг төріне сұлқ құлады. Бұл жолы ол жекпе-жекті жалғастыруға дәрменсіз екенін аңғартты.
Иә, осылайша Батырдың он сегізінші шайқасы екінші раундта аяқталды. Жерлесіміз кезекті мәрте жарқын мәнердегі жеңісіне қол жеткізді.Ол он сегіз кездесудің он төртін мерзімінен бұрын жеңгенін мақтанышпен айта кеткен ләзім.
Батыр қазірдің өзінде толыққанды әлем чемпионы атағына таласуға дайын секілді. Мұны оның промоутері Камиль Эстефан да айтып отыр. Сондай-ақ ол қазақстандық боксшының АҚШ төрінде жекпе-жек өткізуі үшін серіктестерімен келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізді. Ал «Eye of the Tiger Management» промоутерлік ұйымы өзінің фейсбуктегі парақшасында мынандай жазба қалдырды. «Батыр бізді таңғалдыруын жалғастырып келеді. Осы жылы оның әлем чемпионы атағына таласуына бар күшімізді саламыз. Сіздер Батырдың қарсыласы ретінде Хосе Рамирес пен Джош Тэйлордың қайсысын көргіңіз келеді?», – делінген ресми парақшада. Естеріңізге сала кетейік, ағылшын боксшысы Джош Тэйлор WBA (super) және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болса, америкалық Хосе Рамирес WBC және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.
Жанкүйерлер Батырды жоғарыда аттары аталған екі боксшының кез келгенінің қарсыласы ретінде көргісі келеді. Өйткені олар рейтингте Батырдың салмағында бірінші және екінші орында тұр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.