- Advertisement -

Даналық пен өркен жайған өлең өнерінің қуанышы

64

- Advertisement -

Күллі қазаққа ортақ алқалы той Арқа төсінен бастау алды. Тұтас ұлттың болмысын айшықтаған Абайдың 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты салтанатты шараның мәні мен маңызы жоғары. Осыдан-ақ ақынның тойы той тойлау үшін емес, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін қажет екеніне көз жеткіздік. Ел газеті «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға созылды. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеу тәсілі», – деп бекер атап көрсетпегені белгілі.
Ақынның есімі әр қазаққа бала күнінен құлағына сіңісті болған. Балғын шағымыздан Абай әндерін айтып, өлеңдерін жаттап, қара сөздеріндегі даналықтың мәйегін көкейімізге тоқып өстік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы жарияланғанда, көңілдегіні дөп басқан салиқалы сөз күткендер суатқа құлаған құландай, бас алмай оқығанымыз да содан.
Әлемдік деңгейде мұралары зерттеліп, құрметтеуге Абай Құнанбайұлы өте лайық. Хакім бір ғана ақындықпен, ойшылдықпен шектелмей, еліміздің музыка өнерін дамытқан композитор. Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, Абай әндері маңызын жоймай, әр адамның қызығушылығын оятып, құнды қалпын сақтап келеді. Дананың өзі: «Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең, менше сүй», – деп жүрек толқытар сөзін жас ұрпаққа арнаған.
Иә, Абай – композитор. Абайдың қай әнін тыңдасаңыз да, терең сыр мен сезімге толы. «Сегізаяғы» шырқалса, көңіліңді баяу толқын тербей бастағандай болады. Әртүрлі ой әр қиырға ала қашқандай күйге түсесіз. Өстіп отырып, еріксіз әуенге ілесіп, ыңылдап отырып, әннің сөзін жаттап та алғаныңызды байқамай қаласыз.
«Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндерін екі қазақтың бірі жатқа біліп, айтып жүргені анық. Бұл қандай керемет десеңізші! Ән сөзінің жылдам жатталуы Абай рухының, сезімінің әр қазаққа жақындығында болып тұрған тәрізді. Бүгінгі таңда жеңіл, мағынасыз әндер көбейді. Олардың көбісі екі күннен соң ұмытылып жатыр. Оның туындылары бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері жаңа шыққандай жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа алмасып келеді. Хакім жазған әндердің құндылығы да міне осында. Абай туғызған әндер де – әр қазақтың таусылмас үлкен қазынасы. Алдағы уақытта оны ғылыми тұрғыдан зерттелуі, талдануы, бұдан да биік деңгейде өз бағасын алуы қажет деп ойлаймын. Ол әрине, алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс.
Біздің білім ордасы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі деп аталады. Онда музыкалық бағытта да мамандықтар бар. Өзім музыка маманы, ұстазбын. Студенттерден құралған фольклорлық ансамбльді басқарамын. Бар қазақтың мақтанышы – Абай, оның мол мұрасын біздің колледждің әр студенті жатқа білуі тиіс деп есептеймін. Сондықтан біз Абай әндерінен қалалық, облыстық байқау өткізуді жоспарлап отырмыз.

Төрехан Көрпебаев,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі халық аспаптар пәндік циклдік комиссиясының меңгерушісі, «Тараз-ғасыр» фольклорлық ансамблінің жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support