Мәжіліс Үкіметтің, мемлекеттік органдардың арасындағы құзыреттілікті бөлуге бағытталған құжатты жұмысқа алды
Мәжіліс Үкіметтің, мемлекеттік органдардың арасындағы құзыреттілікті бөлуге бағытталған құжатты жұмысқа алды
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төртінші сессиясының алғашқы отырысы өтуде. Оның барысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.
«Аталған заң жобасы еліміздегі мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату туралы ағымдағы жылғы тамыздағы ҚР Президентінің Жарлығын жүзеге асыруды көздейді. Заң жобасы Үкімет, орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттікті бөлуге бағытталған», деді депутат Сейітсұлтан Әйімбетов. Оның айтуынша, ҚР Президенті аталған құжатты қарауды шұғыл деп жариялаған болатын. Осыған орай, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасына оныншы қыркүйекке дейін қорытынды шығаратын болады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да өндіріске алды. Бұл құжат да Елбасы тарапынан шұғыл деп жарияланған.