- Advertisement -

Виктория Трегубова деген орыс қызы…

80

- Advertisement -

Бас редакторымыз әлеуметтік желіде ақын Қалқаман Сариннің «Туған ауыл» атты өлеңін нәшіне келтіре жатқа оқыған ұлты орыс Виктория туралы мақала жазуды тапсырды. Бұл видеожазбаны фейсбук қолданушыларының көбісі көргені анық. Сол кезде іштей «ойпырм-ай, қазақша тілі жатық екен, қалай, кімнен үйренген?» деген сауалдың туғаны да рас. Бірақ онымен кездесіп, пікірлесуді ойламаппыз.
Кейіпкеріміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқыған екен. Өзі қазақшаға судай. Аталған университетке хабарласып, Қалқаманның жырына «ғашық» қыздың ұялы телефонының нөмірін таптық.
Сөйтсек, Виктория Трегубова өткен жазда университетті журналистика мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі таңда «77» облыстық телеарнасының орыс редакциясында редактор-жүргізуші болып жұмыс істеп жүр екен. Мемлекеттік тілді құрметтей білген қызды жұмыс орнына іздеп барып, әңгімеге тарттық.
Виктория 1998 жылы Ресейдің Ульяновск облысында өмірге келіпті. Анасы Светлана Копкова бала күнінде Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылында тұрып, мектеп бітірген соң, оқу іздеп Ресейге кетеді. Сол жерде Вячеслав деген орыс жігітімен танысып, екеуі шаңырақ құрып, сонда 6-7 жыл тұрып қалады. Олар 2000 жылы Мойынқұмның Ұланбел ауылына көшіп келгенде тұңғыштары Владислав – 5, Виктория – 2 жаста болатын. Светлана Ұланбелде қалған бауырларын, достарын қимай қайта оралғысы келген. Бұл шешімге жолдасы Вячеслав та қарсы болмапты.
Елге келгенде екеуіне де жұмыс табыла кеткен. Ұланбелге оралған Вячеслав оба ауруына қарсы стансада еңбек етсе, ал Светлана – метрология саласының маманы. Достары, әріптестері түгел жергілікті ұлт өкілдері болғандықтан шығар, олар перзенттерін Ұланбелдегі М.Әуезов атындағы қазақ орта мектебіне береді. Қазақ балаларымен дос болған Владислав та, Виктория да мемлекеттік тілді өздерінің ана тілдеріндей еркін меңгеріп, өсіпті. Викторияның өзінен үш жас үлкен ағасы да қазақша сөйлегенде, кейбір қазақ ұл-қыздарын шаң қаптырып кететін көрінеді.
– Әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан басталған Абай Құнанбайұлының шығармасын оқуға арналған челлендж-эстафетаға қатысып, хакімнің «Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы» атты өлеңін жатқа оқып, әлеуметтік желіге салдым. Менің бұл видеожазбам еліміз бойынша ең көп оқылуымен, астына көп пікірлер жазылуымен ерекшеленді. Өткен жылғы Конститутуция күніне орай Астанада Мемлекет басшысы қатысқан салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Сол концерттік бағдарламада басқа өңірлерден келген 11 өзге ұлттың өкілі Абайдың өлеңдерінен үзінді оқыдық. Астаналықтар және әр облыстан келген делегаттар бұл өнерімізге өте риза болды. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Астанада өткен салтанатты шараның концерттік бағдарламасында да мен Абай Құнанбайұлының жырларын жатқа оқыдым.
Жалпы әлеуметтік желі пайдаланушыларының назарын аударған видеожазбаға тоқталсам, жоғарыда аталған Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында туған жер, туған ел туралы өлеңдерге челлендж жарияланған болатын. Осыны көріп, мен де оқитын өлең іздей бастадым. Өзім Таразда болғандықтан, Ұланбелдегі ата-анамды, өскен ауылымды сағынып жүргенмін. Сондықтан менің жаныма ақын Қалқаман Сариннің «Туған ауыл» деген өлеңі жақын келді, осы өлеңді оқыдым, – дейді Виктория Вячеславқызы.
Өткен жыл кейіпкеріміз үшін өте табысты болған сияқты. Жыл соңында «Ұлы Дала ұландары» атты республикалық форумға делегат болып қатысып, сол жиында Президенттің Алғыс хатына ие болыпты.
Өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов бір топ жастарды қабылдап, кездесу өткізді. Бұл жиынға да Виктория Трегубова да қатысып, сөз сөйлеген. Университетті енді бітірген жас маман үшін осының өзі үлкен белес. «200 отбасы тұратын Ұланбел ауылын қатты сағынып жүремін. Шалғайдағы осы шағын елді мекенді ата-анам да қимайды. Мұның бәрі қазақ халқының пейілінің кеңдігінен, меймандостығынан деп білемін», – деген Викторияның көңілінен қазақ халқына деген үлкен құрметті аңғардық. Өзге ұлт өкілінің қазақ ақындарының жырын жатқа оқып, шалғайдағы қазақ ауылын сағынып жүргені өз ана тілін білмейтін қандастарымызға ой салса екен деген тілегіміз бар.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support