Қоғам

Көпір көпшілік көңілінен шықты

Көпір көпшілік көңілінен шықты

Қордай ауылының іргесіндегі «Болашақ» шағын ауданы жыл санап көркейіп келеді. Қазір онда табиғи газ, ауызсу жүйесі тартылған. Көшелерге электр бағандары орнатылып, жарықтандырылған. Орталық көшеге асфальт жабыны төселген. Шағын аудан тұрғындары көпір мәселесін талай жылдардан бері көтеріп келген еді. Өйткені іргедегі орталыққа жету үшін шағын аудан тұрғындары айналма жолмен жүруге мәжбүр болатын. Бұл әсіресе жаяу жүргіншілерге қиын соғатын. Осыған дейін қолданыста болған кішігірім өткел соңғы жылдары тозып, жүруге жарамай қалған еді. Тұрғындарды толғандырған мәселеге аудан басшылары көз жұма қарай алмады. Сөйтіп өткен жылы көпір салуды жоспарға енгізіп, қаржы бөлген. Жаңа көпірдің құрылысын жүргізу «Алира сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сеніп тапсырылды. Мердігер көпірді 5 айда салып бітірді. Жаңа көпір көпшіліктің көңілінен шықты. Онда күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдары орнатылған. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Болатбек Байтөле, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. – Бұл көпір жергілікті тұрғындардың көптен күткен арманы еді. Шағын ауданнан күнделікті мыңға жуық адам айналма жолмен орталыққа қатынайтын. Бұл, әсіресе, мектеп оқушыларына едәуір қиын соққанын жақсы білеміз. Бүгін бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып отыр. Сондай-ақ болашақта жаңа көпірмен 2700 жер телімі бар «Солтүстік-Шығыс» жаңа шағын ауданның тұрғындары да қатынайтын болады. Атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Енді осы көпірге апаратын Төле би көшесіне кеңейту жұмыстары жүргізіліп, екі жақты жаяу жүргіншілерге арналған жол да салынатын болады. Сондай-ақ «Болашақ» шағын ауданындағы жолдар жасалып, жарықтандыру жұмыстарын да аяқтау жоспарда бар. Бұл алқапта бүгінде әлі толық шешімін таппаған су мәселесі 2020 жылы барша тұрғындарға қолжетімді болады. Алдағы жылы «Солтүстік-Шығыс» шағын ауданына орталық магистральды құбырдан су тарту үшін қаражат бөлінді, осы құбыр арқылы «Болашақ» шағын ауданының ауызсу мәселесін кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр, – деді ол. Жаңа нысанның лентасын ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай мен ардагерлер кеңесінің мүшесі Қарлығаш Жұмажанова қиды. Осыдан кейін көліктерге жол ашылып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер көпірмен өтіп, «Жаңа көпір құтты болсын!», – десті. Фариза ҚОРДАБАЙ. Қордай ауданы.