Экономика

Жүйелі жұмыс жалғасын табады

Жүйелі жұмыс жалғасын табады

Ләззат Құралбаева

Кеше Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек өткен жылы атқарған жұмыстары және 2020 жылға жоспарлаған міндеттері туралы Ақтоған, Жамбыл және Меркі ауылдық округтері тұрғындары алдында есеп берді. Есепті кездесулерде аудан әкімі әдеттегідей баяндама оқымай, слайд арқылы өзінің атқарған жұмыстарын түсіндірді. Атап айтсақ, былтыр ауданда бюджеттің кірістер жоспары 16000,9 миллион теңгеге жоспарланып, ол 100,5 процентке орындалған. Слайдта барлық ауылдық округтердің кіріс салықтары туралы ақпарат 2018 жылмен салыстырмалы түрде көрсетіліп тұрды. Сонымен қатар аудан бюджетінің шығындары 16186,3 миллион теңгеге жоспарланып, 100 процент игеріліпті. Аудан әкімі өзінің жылды қорытындылау сөзінде аудан бойынша 2019 жылы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 5302,5 миллион теңгені құрап, ағымдағы жылмен салыстырғанда 36,5 процентті құрағанын жеткізді. Бұл көрсеткіштің төмендеу себебі «Меркі қант зауыты» ЖШС-ның 2019 жылдың қаңтар айынан бастап 25 қазан аралығында шикізат тапшылығынан уақытша тоқтап тұруымен байланысты болған. Дегенмен басқа да шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 218,8 миллион теңгеге артық. Аудандағы ірі шаруашылықтар аудан, облыс көлемінде ғана емес, өндірілген өнімдерін шетелдерге экспортқа шығаруда. Бұл шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлерді несиелендіру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Аудан көлемінде жұмыс атқарып отырған «Меркі несие серіктестігі» ЖШС тарапынан 2019 жылы 192 шаруа қожалығына жалпы 1641,8 миллион теңгенің несиесі берілген. Нәтижесінде, ауданның ауыл шаруашылығы саласында 2019 жылы жалпы өндірілген өнім көлемі 29495,6 миллион теңгеге жетіп, 104,9 процентке артқан. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында арнайы жоба қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Сұрат ауылдық округі пилоттық ауылдық округ болып бекітіліп, оған 630 миллион теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, пилоттық жоба аясында ауыл сыртындағы жерлерді тұрғындармен бірлесіп пайдалану арқылы мал азығымен қамту, техника, тұқым және басқа да тауарлық құндылықтармен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігу арқылы жұмыс жүргізу, жобаларды қаржыландыру арқылы азаматтардың өз кәсібін ашуға мүмкіндік берілгелі отыр. Жиын барысында ауыл тұрғындары аудан әкіміне көшенің жөнделуі, ағын су, жайылым жерлер туралы тағы басқа сұрақтар қойды. Мәселен, Ақтоған ауылының тұрғыны Серік Құралбай: «Аудандық орталық аурухана жарты жылдан аса уақыт басшысыз тұр. Денсаулық саласындағы үлкен кедергілер осыдан деп білем. Бір-біріне сілтеген дәрігерлер. Тездетіп басшы тағайындалса, осыған дейінгі болған басшылардың бәрі сырттан келген дәрігерлер. Өз ауданымызда басшылық қызметке лайықты азамат жоқ болғаны ма?» деген ұсынысын білдірді. Оған аудан әкімі аудандық аурухана басшысына тағайындау жүргізу туралы облысқа ұсыныс берілгенін, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табатынын айтып жауап берді. Сонымен қатар ауыл тұрғыны Жоран Аляхунов «көгілдір отынға» төлемақы түбіртегімен бірге ай сайын 2700 теңге төлеу туралы ескертпе келетінін және газ пештерін ешкім де тексермейтінін айтты. Оған «Қазтрансгазаймақ» АҚ аудандық бөлімінің басшысы Шыңғыс Әшім 2700 теңгені ай сайын төлеудің қажеттігі жоқ екенін түсіндірді. Ал газ мамандарын 104 нөмірі арқылы шақыртса, әрдайым келіп, пешті тексеріп беретінін айтты. Сонымен қатар, ауылдықтарды қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертті. Есепті кездесулерге келген тұрғындар аудан әкімінің атқарған жұмыстарына оң баға берді.

Меркі ауданы.