Сұхбат

«Парасат тылық парақорлықтан сақтандырады»

«Парасат тылық парақорлықтан сақтандырады»

Алик ШПЕКБАЕВ:

Жемқорлықты түп-тамырымен жою – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, елдің ілгерілеуіне үлкен кедергі келтіретін бұл «кеселмен» күреске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден айрықша мән беріп, осы бағыттағы іс-шараларды күшейту үшін өз Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құрғаны белгілі. Біз агенттік төрағасы Алик Шпекбаевпен арнайы жолығып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде сұрап білдік.

Көп асқанға – бір тосқан

– Алик Жатқамбайұлы, былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құру кезінде жаңа департаменттер ашу туралы шешім қабылданды. Соның ішінде квазимемлекеттік секторда жемқорлықтың жолын кесу арнайы бір департаментке жүктеліпті. Нәтижесі қалай болып жатыр? – Өздеріңізге мәлім, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгілеп, әрдайым назарында ұстаған болатын. Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен Агенттік қайта құрылғаннан кейін, оның идеологиясы мен жұмыс тәсілдері де өзгерді. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында әділдік, сенім және парасаттылық құндылықтарына негізделген түбегейлі бетбұрыс жасап жатырмыз. Үкіметтің былтыр 15 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Президент квазимемлекеттік сектордағы субъектілер қызметінің тиімділігі, сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық қорғау және сот жүйесін реформалау туралы мәселе көтерген болатын. Осыған орай Агенттік былтыр квазимемлекеттік сектордағы, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, жолын кесу міндеттерін іске асыратын дербес департамент құрды. Оның құзыретіне құқық қорғау және сот саласының мекемелері, сондай-ақ аудандық құрылымдарға қоса республикалық және облыстық деңгейдегі 154-тен аса мекеме кіреді. Барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан еншілес компанияларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың 58 шаруашылық субъектісі бар. Сектордың қаржылық айналымы елдің ішкі жалпы өнімінің 59%-дан астамын құрайды және 35 триллион теңгеден асады. Бұл – жемқорлыққа бейім кейбір басшылар мен қызметкерлердің бюджет қаражатын жымқырудың түрлі жолдарын жасауына түрткі болады. Аталған департаменттің жұмысы сондай жүйелі жемқорлық фактілерін анықтауға бағытталған. Жалпы, мемлекеттік органдармен қоса, сыбайлас жемқорлыққа бейім келетін квазимемлекеттік секторда былтыр 324 құқық бұзушылық тіркелді. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 196 тұлға жауапкершілікке тартылды, олардың жартысына жуығы, 82-сі – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Негізінен сатып алу, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезіндегі жымқыру, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, парақорлықпен тұтылғандар. Квазимемлекеттік сектор ұйымдарының арасында жемқорлыққа ең бейім «Қазақстан Темір Жолы ҰК» АҚ қызметінде 45 тұлғаға қатысты 81 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 34 тұлға сотталды. Кейбір басшылар вагондарды кедергісіз өткізу үшін кәсіпкерлерден ірі көлемде пара бопсалаумен айналысқан. Бұл ұйымдасқан қылмыстық схемалар заңсыз баюға мүмкіндік беріп, пара сомасы 100 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін жеткен. Мұндай фактілер Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды. Сонымен қатар бюджет қаражатын жымқыру фактілері акционерлік қоғамдардың корпоративтік қорлары құратын жеке мекемелерде де анықталды. Мысалы, «Astana Motorsports» мекемесінің басшысы («Астана» Президенттік спорт клубының құрамында) Артур Ардавичус әлем чемпионаттарына қатысып, Қазақстанның имиджін арттыруға арналған 2,1 млрд теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын жымқыру бойынша күдікке ілінді. Бұл қаражат команда мүшелерінің оқу-жаттығу жиындарына және жарыстарға қатысуға арналғаны анықталды. А.Ардавичусқа халықаралық іздеу жарияланып, тергеу жалғасуда. Күдікті кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады. – «Astana Motorsports» басшысына халықаралық іздеу жарияланғанын айтып қалдыңыз. Жалпы қазір шетелдерде қанша адам жасырынып жүр? «Астана LRT» жобасына қатысты айыпталған азамат та шетелде жүр. Бұл жобаның төңірегіндегі дау-дамай қалай шешіліп жатыр? – Жалпы, шет мемлекеттерде жасырынған, халықаралық іздеу жарияланған Қазақстан азаматтарын іздеу Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен бұйрықтарының негізінде және еліміздің құзіреттi органдарының Интерполмен өзара іс-қимылы арқылы іске асырылады. Қазіргі таңда Агенттік алыс және таяу шетелдерде жасырынған 33 тұлғаны іздестіруде. Соның 21-і Еуропа елдерінде жасырынып жүр. Біз тиісті жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Ал «Астана LRT» құрылысы жөніндегі мәселеге келсек, бұл – Мемлекет басшысының және қоғамның жіті назарында. Былтыр 9 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Президент осы даулы істі тергеуді жеделдетуді тапсырған еді. Бүгінде «Астана LRT» құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасымен үш күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Іздестіруді өкілетті органдар, сондай-ақ Интерпол жүргізеді. Тиісті заңнамаларға сәйкес, іздестірілетін тұлғалардың жүрген жері анықталғаннан кейін оларды ұстау және Қазақстанға қайтару шаралары қабылданады. Бұл мәселе халықтың ерекше назарында екенін ескеріп, Агенттік былтыр БАҚ өкілдері үшін 2 мәрте баспасөз мәслихатын өткізді. Тергеу кезінде анықталған фактілерді жұртшылыққа уақтылы жеткізуге және бөлісуге тырысамыз. – Қазақстан шетел асқан қылмыскерлерді жазалауға ықпал ететін Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) бастамасына қосылды ғой. Бұл мүшеліктің жалпы қандай мүмкіндіктері бар? – 2019 жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы ГРЕКО және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойып, Қазақстан аталған ұйымның 50-ші мүшесі болып танылды. Таяуда ғана 15-16 қаңтарда ГРЕКО Атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито елімізге алғашқы сапармен келіп, Президентпен, менімен және Жоғарғы Сот төрағасымен, құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Ең бастысы, бұл мүшелік Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын халықаралық сарапшылардың объективті бағалауына жол ашады. Сондай-ақ ГРЕКО жұмысына белсене қатысу әрі қарай сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияны ратификациялауға мүмкіндік береді. Келешекте бұл Еуропа елдерімен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олардың заңсыз иемденген мүліктерін қайтару мәселелеріндегі ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.

Қарамағындағы қызметкер үшін әрбір басшы жауапты

– Президент өз Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек екенін айтты. Соған орай, бағынышты қызметкері жемқорлықпен ұсталған басшының қызметтен кетуі қоғамда көп талқыланды. Осы мәселеге тоқталсаңыз. – Президент былтыр 26 қарашада Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін басшылардың дербес жауапкершілігін қарастырған заңнамалық түзетулер пакетіне қол қойды. Заңның жаңа редакциясына сәйкес саяси басшының өз қызметін доғаруға өтініш беруінің басты шарты – оған тікелей бағынышты қызметкерге қатысты заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі болуы немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің қабылдануы. Басшының жұмыстан кетуге өтініш беретін мерзімі – 10 күнтізбелік күн. Екінші шарт – тікелей бағынышты қызметкер жасаған қылмыс басшы саяси лауазымға тағайындалған күнінен бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы. «Қызметтен кету» түсінігі тек саяси қызметшілерге қатысты қолданылады. Жұмыстан кетуді қабылдау немесе қабылдамау саяси мемлекеттік қызметшіні тағайындаған тұлғаның құзыретінде. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып саналатын басшылар осыған ұқсас жағдайларда жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік субъектілердің басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды өз міндетінде жүйелі ескермегені үшін тәртіптік санкциялар енгізілген. Мен бұл мәселе бойынша былтыр 6 желтоқсанда Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі парақшамда арнайы жазба жариялаған болатынмын. Біздің міндетіміз – басшыларды өз ұжымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен және ескертумен сөз жүзінде емес, іс жүзінде айналысуға мәжбүрлеуге саяды. – Жалпы кейбір жоғары лауазымдағы тұлғалар ұсталып кеткенімен, олардың орнын басқан қызметкерлер де жемқорлықпен шатылып жатады. Неге мұндай жаманат жағдайлар кейінгілерге сабақ болмайды? Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолы қайтсе кесіледі? – Өкінішке қарай, сіз айтқандай фактілердің орын алғанын мойындауға мәжбүрмін. Бұл мәселені моральдық тұрғыдан тарқатып көрейін. Шындығында, кейбір басшылар өкінішті істен сабақ алудың орнына, сол отқа қайта түсіп жатады. Адамның өкінішті немесе өнегелі іс-әрекеті оның бойындағы моральдық-адамгершілік қасиеттерінің тереңдігіне байланысты деп ойлаймын. Біз «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп өмір сүрген ата-бабаның ұрпағы емеспіз бе? Таяуда ғана Президент Қ. Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында халқымыздың дана перзенті Абай Құнанбаевты «бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» деп атап өтті. Ендеше, біз осы жаһандану заманында жаманнан жиреніп, жақсыны үйренуіміз және «көнерген» түсінік пен «қалтаның ғана қамын» ойлайтын қамсыздықтан арылуымыз қажет деп санаймын. Елбасы айтпақшы, «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы». Сондықтан біз әрдайым Абайдың сарқылмас терең философиясына жүгінеміз. Ұлы ойшыл «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп алдымен арды асқақтатқан. Ар-ұяты терең, ынсапты, тәрбиелі және адал адам ешқашан «ала жіпті аттамайды» деп сенемін. Кемеңгер ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Сондықтан тәрбиеге аса мән беру керек. Тәрбиесіздік тойымсыздық пен түрмеге жетелейді, ал қанағат қарын тойғызады. Осы ретте, кез келген қызметкер «қалта мен қарынның» қармағынан шығып, жемқорлықты өзінің ертеңгі ұрпағының бақытты болашағын ұрлау, тұтас Отанына жасаған опасыздық ретінде түсініп, парасаттылық және ізгілік қағидаларын ұстанса, Қазақстан келешекте жемқорлықсыз мемлекетке айналады деп сенемін. Менің ойымша, жемқорларды түрмеге тоғыту, қоғамды үнемі қорқынышта ұстау жемқорлықты түбегейлі жеңе алмайды. Бізге сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, оған жол бермеу және жемқорлықты мәнсіз ету – өте маңызды. Парасаттылық идеологиясын қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы табыстың басты факторы. Осыған орай, Агенттік үкіметтік емес сектор мен сарапшылардың әлеуетіне сүйене отырып, қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру арқылы жемқорлыққа қарсы күресті арттыруға күш салуда. Негізі, барлық басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес міндеттелген. Заңда көзделген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және мониторинг жүргізудің тиімді тетіктері арқылы кез келген басшы ұжымда жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау, алдын алу және жоюға қатысты тиісті шаралар қабылдай алады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек уәкілетті органның ғана емес, барлық басшылар мен мемлекеттік қызметшілердің, тұтас қоғамның міндеті әрі азаматтық борышы деп санаймын. – Агенттіктің кадр саясаты, қызметкерлер іріктеу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр? – Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жас кадрлар резервінің мүшелерімен кездесу барысында «Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасады. Жаңа Қазақстан үшін де осындай маңызды әрі жауапты сәт келді деп санаймын», деді. Аталған кадр резервіне Агенттіктің орталық аппараты мен территориялық департаментінің 5 қызметкері өтті. Осыған орай, Агенттік жұмысына жасампаз, жаңашыл жастарды тарту басымдыққа ие. Былтыр Агенттікті қайта ұйымдастыру барысында қызметкерлердің басым көпшілігі өз бағыттарын сақтап қалды. Бізде берік ұстанатын меритократия қағидатына сәйкес жүзден аса қызметкер жоғары лауазымдарға тағайындалды. Жеке құрам басқа құқық қорғау және арнаулы органдардың жоғары білікті мамандарымен күшейтіліп, ұлттық қауіпсіздік органының – 13, прокуратураның – 23, азаматтық сектордың – 17, Президент Әкімшілігінің 5 қызметкері қабылданды. Жалпы, кадр саясатында отандық және шетелдік жетекші білім ордаларын бітіргендерге басымдық береміз. Агенттікте қазір шетелдік жоғары оқу орындарының 17 түлегі жұмыс істейді, оның 7-еуі «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқыған. 3 қызметкер PhD дәрежесіне ие, 6 ғылым кандидаты, 96 магистр бар. Агенттікте жұмыс істеуге сұраныстың өте жоғары екенін атап өткен жөн. Әкімшілік лауазымдар бойынша конкурстарда бір бос орынға үміткерлер саны 25 адамға дейін жетуі – осының айғағы. Былтыр қызметкерлердің жаңа генерациясын қалыптастыру және Жастар жылын қолдау мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 30 жаңа тұлғасы» атты рекрутингтік жоба іске асырылды. Конкурс нәтижесінде 25 үміткер қызметке тағайындалды. Біз кадр саясатын жаңғырту және дәйекті жүргізу арқылы азаматтардың жоғары сенімін қамтамасыз етуді көздейміз. Осы ретте қабылданып жатқан шаралар мекеме жұмысының тиімділігін арттыруға, қызметкерлердің халыққа адал және қалтқысыз қызмет етуіне ықпал етеді деп үміттенемін.

Ашықтық жемқорлыққа қарсы күреске септеседі

– Ашықтық пен әділдік – сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі қағидат. Осы ретте еліміздің өңірлерінде жүзеге асып жатқан «Адалдық алаңы» жобасының тиімді тұстарын айтып берсеңіз. – Азаматтық қоғаммен ашық және айқын қарым-қатынас орнату – мемлекеттік аппаратты дамытудың басты қырының бірі. Біз үшін ең алдымен ашық, тиімді құқық қорғау органын және қоғамдық диалог құру маңызды. Жемқорлыққа қарсы жобадан жалпыұлттық қозғалысқа айналып, күн өткен сайын қарқын алған «Адалдық алаңы» жобасы осы өзгерістердің басында тұр. Бүгінде «Адалдық алаңының» жобалық кеңселері облыстық әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдарда тұрақты жұмыс істейді. Үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдерінің, танымал қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйымдардың белсенді қолдауымен асырылатын жоба өз тиімділігін көрсетті. «Оpen space»-ке көшу арқылы мемлекеттік органдарды трансформациялау жалғасуда. Бұл форматқа 960-қа жуық мемлекеттік мекеме көшті. Жүзден аса сервистік әкімдік ашылып, 4 мыңға жуық басшы бірінші қабатқа ауысты. Мұндай жаңа тәсілдер шенеуніктердің ұйымдастырушылық мәдениетінің өзгергенін ғана емес, тұтынушыларға бейімділігі артқанын да айғақтайды. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында құрылған «Адалдық алаңы» жобасының аясында түрлі саланы қамтитын «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», «Сапалы жол», «Адал жол», «Protecting Business and Investments» жобалық кеңселері, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін арнайы мониторингтік және ақпараттық-ағарту топтары жұмыс істейді. Мәселен, «Protecting Business and Investments» жобасының аясында отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы сомасы 12,1 трлн теңге болатын 421 бизнес-жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге ие болып отыр. Инвестициялық жобалардың 28%-ы шетелдік инвесторлардың үлесінде. Кәсіпкерлер мен инвесторлардан келіп түскен шағымдардың 90%-ы (684 шағымның 625-і) олардың мүддесіне шешілді. Алты мыңнан астам мектепте 1 миллионға жуық мүшесі бар «Адал ұрпақ» мектеп клубы жұмыс істейді. Осы клубтар арқылы былтыр 25 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» акциясы өткізілді. Бұған қоса «Transparency International Kazakhstan» ҚҚ қолдауымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектептер» мен парасаттылық мектептері жұмыс істеді. Скандинавия елдерінің тәжірибесі бойынша «Адалдық дүкендері» (Integrity Shop) ашылды. Жалпы, еліміздің барлық өңірлерінде халықты ішкі мәдениет пен парасаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған 5 мыңға жуық сатушысыз дүкен жұмыс істейді. Сондай-ақ былтыр «Адалдық алаңы» жобасы қоса ұйымдастырушы ретінде өткізген «Халық заңгері» акциясында 18 мың азаматқа тегін құқықтық кеңес беріліп, оған 2 500 сарапшы қатысты. Акция бір уақытта 176 елді мекенде өткізілді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық бақылау мен үкіметтік емес сектордың белсенділігі артуына байланысты, мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтық азайды. Сол себепті мемлекеттік аппарат неғұрлым ашық және айқын бола түсті. Менің ойымша, «Адалдық алаңы» алдағы уақытта ар мен адалдықтың, әділдік пен заңдылықтың, сенім мен парасаттылықтың орталығына айналуы тиіс. Мен қоғам мен азаматтардың ұтымды ұсыныстары мен пайымды пікірлері Агенттік пен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын одан әрі жетілдіріп, қарқынын күшейтетініне сенемін. – Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтық ұстанымы бар ел тұрғындарын ынталандыру тәжірибесі енгізілді. Былтыр Call-орталыққа қанша қоңырау түсті және оларға қандай көлемде сыйақы берілді. Бұл ретте қай өңірдің тұрғындары көбірек белсенділік танытты? – Агенттік Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес халықтың мұң-мұқтажын естіп қана қоймай, оны шешуге тырысып жатыр. Өзім азаматтарды апта сайын, орынбасарларым мен басқа басшылар күн сайын қабылдайды. Былтыр 2 201 азамат қабылданып, олардың саны бұрынғымен салыстырғанда 3 есеге артты. Сондай-ақ менің, орталықтағы және өңірлердегі басшылардың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша барлық шағымдарына кідіріссіз жауап беріледі. Еліміздің 11 өңірінде азаматтық бастамалардың диалог алаңына айналған «Антикор орталықтары» ашылды. Биыл мұндай орталықтарды барлық өңірде ашу жоспарлануда. Орталықта халыққа ашық, жайлы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге барлық мүмкіндік жасалған және кез келген азамат түрлі мәселе бойынша тегін құқықтық көмек пен кеңестер алады. Біз азаматтармен жедел және үзіліссіз кері байланыс орнатуға мүдделіміз. Сондықтан Агенттікте тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларды қабылдайтын 1424 Call-орталығы жұмыс істейді. Бұл жұмыс Еуропа елдері мен АҚШ-тың озық тәжірибесіне негізделген. Былтыр сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1 000-ға жуық қоңырау тіркедік. Бүгінгі таңда расталған фактілер бойынша 66 қылмыстық іс қаралуда, 18 іс сотқа жолданды. Былтырғымен салыстырғанда, қоңыраулар мен тергеліп жатқан істердің екі есеге артуы азаматтардың Агенттік қызметіне сенімінің артқандығын көрсетеді. Өңірлер бөлігінде ең көп өтініштер Түркістан – 148, Алматы облыстарынан – 137 және Алматы қаласынан – 112 түсті, бұл АЕК-те тіркелген осындай өтініштердің жалпы санының жартысына жуығын құрайды. Басқа өтініштер қалған 14 өңірге тиесілі (Шымкент қ. – 84, Нұр-Сұлтан қ. – 76, Жамбыл – 63, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары – 30-дан 50-ге дейін, Қостанай, Ақтөбе, БҚО, СҚО, Қызылорда, Атырау облыстары – 20-дан аз). Call-орталығына түскен шағымдар негізінде соттарда қаралған қылмыстық істер бойынша 9 азамат 1,5 млн. теңге (126 250-ден 176 750 теңгеге дейін) мөлшерінде сыйақы алды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысында – 2, Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 1 сыйақыдан төленді. Жалпы алғанда, 2019 жылы сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған 214 адамға 31 811 080 теңге көлемінде сыйақы берілді. Біз Call-орталығының жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында оны техникалық және бағдарламалық қайта жабдықтау, оның ішінде мобильді қосымша және орталыққа хабарламаларды әлеуметтік желілер арқылы жолдау, сондай-ақ операторларды бағалау жүйесін енгізу мүмкіндігін пысықтаудамыз. Сондай-ақ, орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған келісімге қол жеткіздік. Біздің жобалық кеңселер мен арнайы мониторингтік топтардың көмегімен 1424 Саll-орталығы жұмысының адвертайзингі бойынша жұмыс жүргізілуде. – Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет!

Әңгімелескен Айбын Шағалақ.

(«Egemen Qazaqstan», 23 қаңтар, 2020 жыл).