Биыл білім саласында жаңашылдық көп болады
Биыл білім саласында жаңашылдық көп болады
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында білім саласында көптеген жаңашылдықтар енгізіледі. Әсіресе бағдарлама биыл қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңда көрсетілген баптарды басшылыққа алмақ. Осы уақытқа дейін облыста Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асты. Бағдарламада облыстар үшін 3 негізгі индикатор мен 31 көрсеткіш белгіленген. Оның бір көрсеткіші орындалмады. Яғни техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қабылданған студенттер санының өсуі 2016 жылмен салыстырғанда 22,3 процентке артады деп жоспарланса, ол кесірінше 25,2 процентке кеміген. Бағдарламаны іске асыруға 2019 жылы 34,3 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Соның шеңберінде 2019 жылы 4054 орындық 29 мектепке дейінгі ұйым (27 жекеменшік балабақша, 2 шағын орталық) ашылды. Бүгінде облыста 183 жекеменшік мектепке дейінгі білім мекемелерінде 19341 бала тәрбиеленуде. Бұл мектепке дейінгі біліммен қамтылған балалардың 33,9 процентін құрайды. Есепті кезеңде білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 20788 мұғалім оқытылды. Бұл барлық мұғалімдердің 82,68 проценті. Жаңартылған бағдарламамен сабақ беретін 23989 мұғалімнің айлық жалақысы 30 процентке артты. Өткен жылы 5 мектеп пайдалануға берілді. Оның біреуі – апатты, біреуі – үш аусымды, үшеуі – оқушы орнының тапшылығы бар оқу орындары. Үш апатты мектептің құрылысына облыстық бюджеттен 75 миллион теңге бөлініп, биыл пайдалануға беріледі. Ал үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілді. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мүгедек балалар үшін «кедергісіз қолжетімділікті» қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Инклюзивті білім беру үшін толық жағдай жасаған мектептердің үлесі 76,9 процент немесе 340 мектеп. Білім беру қажеттіліктері бар ерекше балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі облыс бойынша 42,7 процент. 2019-2020 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 47 мамандыққа 3082 орынға мемлекеттік білім тапсырысы бөлінді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірдегі еңбек нарығына жүргізген скрининг нәтижесі бойынша жұмысшы мамандарға қажеттіліктің төмендеуі себепті аталған көрсеткіш орындалмады. Облыс бойынша үш колледжге 750 орынды қамтитын жатақханалар салу қажеттігі бар. Оларды 2020-2021 жылдары инвесторлар тарапынан салу жоспарланып отыр. Жәмила Бекбатырова, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.