КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Жаһан жұртын шошытқан коронавирус кеселінің күн санап кеңінен етек жая бастағаны әлем халықтарын алаңдатып отыр. Әр ел қал-қадерінше сақтық шараларын қолға алып, бақылауды қатаңдатуда. Бірқатар іс-шаралар біздің елімізде де жүзеге асуда. Атап айтсақ, 26 қаңтарда Премьер-Министр Асқар Маминның қатысуымен өткен Үкімет отырысы кезінде «Қорғас» бекетін жабу туралы шешім қабылданды.
Негізінен Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу мәселесі талқыланған отырыста сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту, Қытайдан келгендерді медициналық бақылаудан өткізу, эпидемиологиялық ахуалмен байланысты төтенше жағдайға дайын болу, медициналық мекемелерді әзірлеу, Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, жеке және туристік сапарларды кейінге қалдыруға кеңес беру, транзитпен келген Қытай жолаушыларына Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз жүруге мүмкіндік беретін режімді тоқтату, Қытайдағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық көмек беру, қажет жағдайда Ухань қаласындағы ел азаматтарын шұғыл эвакуациялау, ведомствоаралық комиссия құрып, коронавирустың таралуына жол бермеу туралы жоспар әзірлеу тапсырылды. Осыған орай, біз де облыста атқарылып жатқан сақтық шаралары жөнінде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің (бұрынғы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті) басшысы Берік Жарқынбековпен жедел сұхбаттасқан едік: – Берік Құзарұлы, ең алдымен коронавирусты пневмонияның негізгі белгілерін айтып өтсеңіз. – Қытай билігінің мәлімдемесіне сәйкес, эпидемиологиялық жағдайды ушықтырған вирус – қызба, жөтел және тыныс алудың қиындауы секілді белгілердің пайда болуымен басталады. Бұл белгілер басқа ауруларда да бар белгілер болғандықтан, ауруды бірден анықтауда қиындықтар тудырары сөзсіз. Сондай-ақ бауыр мен бүйрек жұмысының бұзылуы, қатты жөтел, өкпенің қабынуы дамиды. Аурудың инкубациялық даму кезеңі орта есеппен 7 күнді құрайды, 2-ден 12 күнге дейін әлсіздіктің даму жағдайлары байқалады. – Коронавирустан қалай қорғана аламыз? – Вирустың ең басты тасымалдау жолы – ауа. Қорғанудың басты әдістері мен құралдарына келер болсақ, вирустың ықтимал тасымалдаушыларымен, оның ішінде жануарлармен қарым-қатынасты тежеген дұрыс. Дәрумендерді, әсіресе С дәруменін, антиоксиданттарды, жұқпалы аурулардан қорғайтын табиғи антибиотиктерді қолдана отырып, иммунитетті көтерген жөн. Жақсы термиялық өңдеуден өтпеген ет, жұмыртқа және балықты жеуді шектеп, үй-жайларды жиі желдетіп, таза ауада жиі болу керек. Қолды жиі жуып, адамдардың көп шоғырланған жерлерінен, қоғамдық орындардан аулақ жүрген дұрыс. Егер жөтел болса, шынтақ қатпасына жөтелу керек, хирургиялық маска киіп, оны әр үш сағат сайын ауыстырып отырған абзал. – Енді облысымызда ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға тоқталып кетсеңіз. Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы тапсырмалар да түскен болу керек? – Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «ҚР аумағында белгіленбеген этиологияның пневмониясының әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы» Қаулысына сәйкес облыста санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар күшейтілді. Бүгінде облыстағы медициналық қызметкерлерге арнайы семинарлар ұйымдастырылуда. Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасымен өзара байланыс орнатылып, Қытай Халық Республикасынан іссапармен келген азаматтарға жергілікті мекен-жай бойынша күнделікті медициналық бақылау орнатылды. Ауру белгілері бар науқастар тіркелген жоқ. Сондай-ақ 24 қаңтарда Тараз қаласындағы «Әулие Ата» халықаралық әуежайында «Этиологиясы анықталмаған пневмонияға күдікті науқасты анықтау, бірінші кезекте жүзеге асырылатын кешенді іс-шаралар» тақырыбында оқу-жаттығу өткізілді. Мемлекеттік шекара арқылы барлық аумақтық өткізу пункттері (Қордай, Меркі, Жамбыл аудандары) жеке қорғаныс құралдарымен, атап айтсақ, респираторлармен, қорғаныш көзілдіріктермен, 1 типті обаға қарсы костюмдермен толығымен қамтамасыз етілген. Облыстың стационарларында жұқпалы ауруларға арналған негізгі 503 төсекке қосымша 300-ден астам төсек қоры бөлінді. Барлық медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмектермен, науқастарға алғашқы көмек көрсететін жабдықтармен, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді. Темір жол вокзалында, әуежайда және автовокзалдарда коронавирусты пневмонияның таралуының алдын алу бойынша көрнекі ақпараттық құралдар орналастырылған, жолаушыларға мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарламалар берілуде. Мұнымен қоса, облыстық кеңестік топ әрбір аудан аумағына көшпелі жұмыс кеңестерін өткізуді бастады. Сапар барысында коронавирустық пневмонияға күдікті науқас анықталған кезде негізгі іс-қимыл алгоритмдері түсіндіріледі, медицина қызметкерлерімен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Ең бастысы, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, коронавирустың қандай да бір белгілері байқалған жағдайда кез келген азамат тәулік бойы 8-800-080-6626 Call орталығына тегін хабарласа алады. – Рахмет! Тараз қаласы.
Эльвира Жарылқасынова