Тұңғыш рет «жаны бар» робот жасалды
Тұңғыш рет «жаны бар» робот жасалды
«Жүре берсең, көре бересің» деген рас екен. Титтей «ксеноботтар» ең қиын деген түрлі тапсырмаларды орындай алады. Яғни, организм ішінде тиісті жеріне дәрі жеткізуден бастап, улы заттарды шығаруға дейін. «Proceedings of the National Academy of Sciences» мерзімді басылымында жарияланған осы тақырыптағы мақалада авторлар бақа эмбрионынан алынған жасушалардан мүлдем басқа тіршілік иесін өмірге әкелгендерін баяндапты. Біз сөз етіп отырған тірі организм мен роботтың микроскопиялық гибриді қажет кезінде өз-өзін емдейді, яғни, зақымдалған жерін ешкімнің көмегінсіз қалпына келтіре алады. «Бұл жаңа тірі машина. Олар әдеттегі роботқа ұқсамайды немесе белгілі бір жануар түріне де жатпайды. Ол адам қызметінің нәтижесінде пайда болған жаңа класс: тірі, программаланған организм», – деді аталмыш зерттеу жетекшілерінің бірі, Вермонт университетінің компьютерлік технология және роботехника маманы Джошуа Бонгар. Ғалымдар алдымен UVM суперкомпьютердің көмегімен болашақ тірі робот үшін барлық есепті жүргізіп, содан соң Тафтса жоғары оқу орнының биологтарының көмегімен оны «құрастырды». Бұл бағыттағы зерттеу «биологиялық машинаны нөлден бастап толық жобалау» негізінде тұңғыш рет жүргізілген. Мұнда табиғатта кездесетін қандай да бір биологиялық түрді көшіріп алу немесе редакциялау, олардан қандай да бір түр жасап шығару мақсат болмаған. Конфигурацияны іріктеу үшін ғалымдар бақа ұрығының терісі мен жүрегінің жасушасын пайдаланды. Эволюциялық алгоритмнің көмегімен ғалымдар ұйғарылған мыңдаған нұсқалардың ішінен ең керектісін іріктеп алды. Ең үздік жоба алға қойылған міндеттердің үдесінен шыға білуі тиіс: мәселен, бағытталған жаққа жылжи алуы тағы басқа дегендей. Осы мақсатта жүздеген жасушаны сансыз комбинацияда қайта жинастырып, олардың қабілетін байқап көруге тура келген. Микрохирург Дуглас Блэкстонның жетекшілік етуімен ғалымдар ең оңтайлы әрі келешегі бар жобаны жүзеге асыру үшін «Xenopus laevis» деп аталатын африкалық бақа түрінің эмбрионынан діңгекті жасушалар алды. Ал ғалымдар оны қалай алды? Жасуша және жасанды материал. Қиындық тудыратыны – жасанды материал: ол қоршаған ортаға залал келтіруі мүмкін. Ал тірі тінде мұндай проблема болмайды. Десе де механикалық түріне қарағанда ғұмыры ұзақ болмайды және нәзік келеді. Есесіне инженерияның жоғарғы деңгейінде зақымдалған жерін өзі бітетін болады. Аталмыш зерттеу авторларының айтуынша, мұндай биотехнология – биологиялық кодтау мен ақпараттарды жеткізуді қатар ұштастыра алатын келешегі зор сала.