IQ Bala қолданбасы Латын әліпбиін үйретеді

12

Көбісі баласы мазасызданып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермегенде оны смартфонмен алдай тұрады. Телефоннан түрлі қолданбаны ашқан бала шетел тілдеріндегі сөздерді жылдам есте сақтайды. Еліміздегі мамандар осыны ескеріп, бүлдіршіндерге қазақ тілін үйрететін IQ Bala қолданбасын жасап шығарды, деп хабарлайды baribar.kz.
Жоба авторы Алмас Төпеев бұл бағдарлама 1-3 жас аралығындағы балалар мен қазақ тілін үйренуді жаңадан бастаған адамға арналғанын айтты.
IQ Bala қолданбасы латын қарпінде жазылған. Жоба жасаушылар мемлекеттік органдар пайдаланып жүрген латын графикасын қолданғанын айтты. Әліпбидің соңғы нұсқасы бекітілгенде қолданбаның тілін 2 күнде аударып шығуға болады. Балаға қазақша дұрыс айтуды үйретеді және айтқан сөзінің не нәрсе екенін картинамен көрсетеді. Қолданбаның бас кейіпкері – барыс. Ол қолданушыға жол сілтеп, қайда басып, нені таңдау керек екенін айтып тұрады.
Қолданба ашық тұрған кездің бәрінде домбыраның үні естіледі. Басты бетте сөздер, түстер тобы мен бірнеше ойын түрі шығады. Қолданбада күнделікті өмірде жиі пайдаланылатын 300-ге жуық қазақша сөз бар. Олар отбасы, дене мүшесі, жануар, планета, сандар, әліпби сияқты 15 тақырыптық топқа бөлінген. Әр топта 15-25 шамасындағы сөз бар. Одан бөлек, қолданбадан латын әліпбиін үйренуге болады. Әр әріптің, суреттің үстіне басқанда барыс оның қай әріп, суреттегі не нәрсе екенін екі рет қайталайды.
Қолданбада бала қабілетін дамытатын төрт түрлі ойын бар. Соның бірі – «Жұптарды тап» ойыны. Терезеге басқанда аң мен құстың суреттері шығады. Әр сурет шыққан сайын барыс оның атын айтады. Бірдей сурет шыққанда терезелер жойылып отырады. Барыс дұрыс тапқан қолданушыны мақтауды да ұмытпайды.
Түстер тобы да жаңа сөз жаттауға бағытталған. Ақ шарды дұрыс тапқанша барыс «қайтала» деп айтады. Дұрыс тапқан соң сол түсті қолданушыға қайталайды.
Алмас Төпеев жобаны 2018 жылдың көктемінде іске қосқан. Бір жылдан соң қолданбаны жаңартып, оған танымдық ойындарды қосты. Бірақ ол кезде тек 2D-суреттер пайдаланылып, қолданбаның сыйымдылығы тым көп болып кеткен. Ұзақ жүктеліп, телефон жадынан көбірек орын алды. Сол себепті жоба әзірлеушілер форматы үлкен емес суреттерді арнайы салдырып, қолданбаға енгізген.
Алмас жобаға осы уақытқа дейін өз қалтасынан 60 мың доллар қаржы жұмсаған.
– Бір күні балам телефоннан орысша үйрететін қолданбаны қарап отыр екен. «Кошка», «собака» деп дауыстап, қайталап қояды. «Әй, қазақша айтсаңшы, «мысық», «ит» десем, телефонына бір, маған бір қарайды. Сол кезде қазақша үйрететін қолданба керек екенін түсініп, интернеттен іздеп шықтым. Бір-екеуін таптым, бірақ сапасы нашар, суреттері тартымды емес екен. Ағам Әнуар екеуміз осылай қолданба жасауға кірісіп кеттік, – деді жоба авторы.
Қолданбаға енгізуге дамытушы, көңіл көтеретін және қимыл-қозғалыс жасататын тағы үш ойын әзірленіп жатыр екен.

Таңшолпан Бегалықызы.

Comments are closed.