- Advertisement -

Хакім мұраларына арналған көрме

46

- Advertisement -

Хакімнің 175 жылдық мерейтойына орай Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Абайды оқы – таңырқа» атты көрме ашылды. Абай Құнанбайұлының өлең жинақтары, хикмет кітаптары, қара сөздері, жалпы шығармашылығына қатысты тың деректер қажет болса, іздегеніңізді осы жерден таба аласыз. Онда Абай әлемін зерттеушілердің еңбектері де бар. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы және «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» зерттеу кітабы, Зәки Ахметовтің «Абайдың ақындық әлемі», Рабиға Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» ғылыми-әдістемелік кітаптары да көрмеге қойылған.
Көрменің ашылу салтанатында аталған кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова сөз сөйлеп, Абай әлемінің балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінде де маңызы зор екеніне тоқталды. Кітапханашы Асылзат Сүйінтаева көрме жұмысымен, ондағы құнды шығармалармен таныстырып өтті. Кітапхананың тұрақты оқырмандары, «Жас қалам» үйірмесінің жетекшісі, Тараздағы №12 мектеп-гимназиясының оқушысы Батырхан Бейсембеков пен №8 мектеп-гимназиясының оқушысы Мәди Көпбай хакімнің бірнеше өлеңдерін жатқа оқып берді. Мұнан соң іс-шараға жиналғандар көрмені аралап, ондағы құндылықтармен кеңінен танысты.
– Бұл көрме хакім Абай Құнанбайұлының асыл мұраларын, философиялық ой-толғамдарын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Көрменің жұмысы жыл бойы жалғасады. Мұндағы ақынды зерттеуге арналған кітаптардың қатары жаңа шығармалармен толықтырылып отырады, – дейді аталған кітапхананың директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова.

Е.Жаңабайұлы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support