Жаһан

Елбасы «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды

Елбасы «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды

Бүгін 5-ші шақырылған ҚР Парламентінің 4-ші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың соңына дейін Үкіметке «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы АӨК-ті дамыту тұрғысында заңнамалық қамтамасыз ету керектігін айтты. «Агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру үшін Үкімет салық заңнамасына өзгерістер блогы әзірленді. Биылғы күзде аталған заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілеуі тиіс. Сонымен қатар, Үкіметке биылдың соңына дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Елбасы. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту айрықша маңызды. Бүгінде осы салада 7 мыңға жуық ірі агроқұрылым, 184 мың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жұмыс істейді және АӨК-те 2 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылған. Тек биылдың өзінде саланы дамытуға 302 миллиард теңге қарастырылған. Оның 40 миллиарды қайтарымды негізде»,-деді Елбасы. Сонымен қатар, Президент осы салаға жыл сайын мемлекет тарапынан ұсынылатын субсидиялар артып отырғандығын атап өтті. «Жыл басынан бері 72,5 млрд теңге сомасындағы несие мен лизинг түріндегі қаржылық қолдауға 6,6 мың аграрлық бизнес субъектілері қол жеткізді. Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд теңгенің ішінен қайта өңдеу өндірістері жобасына 25 млрд. теңге бағытталады. Қаржының тиімді жұмсалуына қатаң қадағалау мен есептілік болуы тиіс»,-деді Н. Назарбаев.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz