Экономика

Іргедегі ауылдың ірілі-ұсақты түйткілі көп

Іргедегі ауылдың ірілі-ұсақты түйткілі көп

Амангелді ӘБІЛ Жамбыл ауылдық округі тұрғындарының тілегі неге ескерілмейді? [gallery bgs_gallery_type="slider" ids="111523,111524,111525,111526"] Мемлекет басшысының былтырғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес. Біз Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет» деп нақты міндет жүктеді. Жамбыл ауданындағы 7000-ға жуық халық тұратын Жамбыл ауылдық округінің облыс орталығына небәрі 2-3 километр жердегі елді мекендеріне №6 бағыттағы жалғыз автобус қатынайтынын, ал аудан орталығына жолаушылар көлігі мүлде жүрмейтінін айтсақ, Жолдау талаптары орындалып жатыр дей алмаймыз. Осы жалғыз жолаушылар көлігі Тараз қаласының А.Асқаров көшесімен келіп, Шайқорық стансасынан, Қоңыртөбе және Шайқорық ауылынан өтіп, Танта ауылының Танта көшесінің соңына дейін барып, келген жолымен кері қайтады. Жолаушылар көлігі кері қайтқанша Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесі арқылы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне дейін барса, деген өтініштерін ауылдықтар түрлі орындарға жазып келе жатқандарына біраз уақыт болыпты. Автобустан автобусқа ауысып мінетіндіктен тұрғындар үшін жолкіреге әжептәуір қаржы кетіп, біршама уақыттарын жоғалтады. Бұл өзекті мәселені облыс әкімдігінің жолаушылыр көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшыларына, жолаушылар тасымалдаушы серіктестіктің жетекшісіне және облыстық мәслихаттың депутаттарына ауылдық округ әкімі мен тұрғындар қанша рет хат жазса да нәтиже шықпаған . Ауыл әкімі Бақыт Садырбаев былтырғы 19 желтоқсан күні облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков пен аудан әкімі Сәкен Арубаевқа жырға айналған мәсені қозғап, тағы хат жолдапты. Жамбыл ауылдық округі тұрғындарының жанайқайына осы уақытқа дейін құлақ аспай келе жатқан тиісті мекемелердің басшыларын түсінбедік. Ауылдағы ағайын қолындағы малына жемшөп сұрап отырған жоқ немесе үйіме газ кіргізіп, жарық жағып бер деп мазаны алса бірсәрі. Ауылға қосымша автобус шығарыңдар да демейді. Жалғыз жолаушылар көлігінің бағыты халық үшін тиімді болса дейді. Басқа көше туралы әңгіме бөлек, №6 бағытта қатынайтын автобус жүретін көше бойлары асфальтталған. Айтып отырған уәждері орынды. Жеті мыңға жуық халықтың еңбекке қабілетті тұрғындардың көбі Тараз қаласына қатынап, жұмыс істейді. Жоғары және аурнаулы оқу орындарында оқып жатқан студенттер бар. Ауылдықтар тұрмыста күнделікті тұтынатын тауарларын да Тараздағы базарлардан, басқа да сауда орындарынан алады. Іргедегі Тараз қаласына жету мұңға айналғанда он бес километрдей Аса ауылына барып, қайту да азап. Қоғамдық көлік жүрмейтіндіктен округке қарасты ауылдардың тұрғындары үлкен жолға шығады. Аудан орталығы болған соң, жолға шығатындар қарасы қысы-жазы бір басылмайды. Қыстың көзі қырауда жол жиегінде көрінген көлікке қол көтеріп тұрған адамдарды өзіміз де көріп жүрміз. Жолаушыларға қызмет көрсететін мекеменің барлығы жекешеленіп кеткенін белеміз, дегенмен бір амалын табуға болмас па? Ауыл әкімінің қолы қысқа, әйтпесе ауылдан бір автобусты Тараз қаласына, тағы бірін Аса ауылына шығарып қояр еді-ау. Бұл мәселе жаңадан тағайындалған аудан әкімі С.Арубаевты да ойландыруы тиіс. Шайқорық ауылына жаңа мектеп керек Президент Жолдауында: «Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражат, көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға жұмсалады. Қаржының орындалуы барлық мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болуы тиіс» деді. Мемлекет басшысы Үкіметке пәрмен беріп, ауылға бөлінетін қосымша мол қаржының қандай мақсатқа жұмсалатынына дейін айқындап берді. Бірақ 1974 жылы салынған, 640 оқушыға арналған Шайқорық орта мектебінде былтырғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 1128 оқушы білім алуда. Мектеп тарлық етуде. Ал қосымша ғимарат салу үшін жер учаскесін алуға мүмкіндік жоқ көрінеді. Алайда Шайқорық ауылының оңтайландырылған бас жоспарына сәйкес, 400 оқушыға арналып мектеп салынады деп жоспарланыпты. Құжаты реттеліп, білім ошағының құрылысы әне-міне салынып, пайдалануға беріле қалған күннің өзінде жылдан-жылға ауылда бала туу көрсеткіші еселеп артып, қаладан және басқа өңірлерден көшіп келушілер қатары көбейіп жатқанда 400 орындық мектеп бірер жылдан кейін қайтадан тарлық етпей ме? Оның үстіне бүгінде балалар оқып жатқан мектеп ғимаратының пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жақындапты. Қанша күрделі жөндеу жүргізіп, әрлесең де ескінің аты-ескі. Осы жерде мына мәселе ойға келіп отырғаны. Облыс, аудан орталығынан әлдеқайда шалғайда жатқан тұрғындары аз шағын ауылдарға екі-үш қабатты зәулім мектеп ғимараттарын миллиардқа жуық қаржыға салып, оның тұтастай бір қабаты бос тұрғанын көруші едік. Дегенмен облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың «Былтыр облыстық құрылыс басқармасы жобалау-сметалық құжаттамаларды келісу барысында іс-шараға сәйкес талдау нәтижесімен 134 жобаның құны оңтайландырылып, 10,7 миллиард теңгеге негізсіз шығындар қысқартылды» дегені есте. Дұрыс, үнемдеген ұтады. Алайда қала іргесіндегі болашағы зор іргелі ауылдарға мемлекеттік мекемелер, оның ішінде білім ошағы сынды нысан құрылысын соғарда болашақты болжаған да жөн-ау дейміз. Бүлінген жол қашан бүтінделеді? Тағы да Жолдауға жүгінсек, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет» деп атап көрсетті. Обалы не керек, округтегі әр ауылға «көгілдір отын» келіп тұр. Жақында ауызсу құбырының құрылысы аяқталды. Енді үй-үйге кіргізу ғана қалды. Меншік иесі анықталған соң, үй іргесіне келген сапалы ауызсуды тұтынатын күнде алыс емес. Әттеген-айы. бір жыл бойы жүргізіліп, былтыр желтоқсан айында ауызсу құбырының құрылысы аяқталады. Жұмыс барысы кезінде бес елді мекеннің 41 көшесінің асфальт және шағал тас төселген жолының астаң-кестеңі шықты. Әйтеуір әупірімдеп жүріп, бүлінген көшенің жартысы ретке келтірілгенімен жартысы сол күйі жатыр. Осының салдарынан көлік тұрмақ, жаяу жүргіншінің өзі жауын-шашында ми батпаққа батып, қарға адым аттау мұңға айналуда. Әлбетте, айдың-күннің аманында автокөлікті былай қойып, адамдар аттап баса алмай жатқан-да ауыл әкімі қарап отыру-шы ма еді. Былтыр 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасына хат жолдаған. Былтыр 28 көшені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар ұсынылыпты. Осы мәселемен аудан әкімі С.Арубаев бір топ ауыл тұрғынын арнайы қабылдағанын да естідік. Бір күнде немесе бір айда, тіпті бір жылда да бүлінген көшені, басқа да дүниені тұтастай жөндеп шығу мүмкін емес екенін айтқан әкім, мәселе бірте-бірте шешімін табатынын жеткізіпті. Жамбыл ауылдық округіне қарасты елді мекендердің түйткілі мұнымен бітпейді. Танта, Шайқорық және Қоңыртөбе ауылдарындағы бірқатар көше жарығының қуатын көбейту үшін электр бағаналарын орнатып, желісін тарту, Шайқорық ауылындағы «Ақбота» балабақшасын ағымдағы жөндеуден өткізу, ауылдың бас жоспарына сәйкес, 280 бүлдіршінге арналған балабақша құрылысын салу, тағы басқа мәселелер бар. Міне, осының бәрі үлкен қала іргесіндегі ауылдарға да көңіл бөлу керектігін аңғартады. Жамбыл ауданы. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.