Саясат

Тұрғындар тілегіне құлақ асты

Тұрғындар тілегіне құлақ асты

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға Тараз, Шу қалалары және Жуалы ауданының тұрғындары келді.Ең бірінші болып қабылдауға кірген Шу қаласының тұрғыны Тұрбосын Қоянбаева баспана мәселесімен келген. Ол өзінің асырауындағы ата-анасынан айырылған немересінің үй кезегінде тұруы себепті өзінің баспанадан тыс қалып отырғанын айтты. Кейуана осыдан әлденеше жыл бұрын қалалық әкімдікке барып, үй кезегіне тұру үшін арнайы өтініш жазғанымен, бүгінде кезекте тұрғандар қатарында болмай шыққанын айтып шағымданды. Мәселемен жан-жақты қаныққан Бекболат Серікбекұлы Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевқа Тұрбосын Қоянбаеваның жазған өтінішін тауып, табылмаған жағдайда қайта құжат рәсімдеуге, сөйтіп баспанаға қол жеткізуге заң аясында көмек көрсетуді тапсырды. Баспана мәселесімен қайырылған тағы бір азамат – Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген Тараз қаласының тұрғыны, 83 жастағы Ділдахан Аяпбергенов ақсақал. Ол 2017 жылы ғана үй кезегіне тұрғандықтан, кезектен тыс пәтер берілмейтінін айтқан Бекболат Серікбекұлы кезексіз үй кімдерге тиесілі екенін жан-жақты түсіндіріп берді. Сондай-ақ қарияны бағып-қағып отырған немересіне үй алу немесе үйін кеңейту қажет болған жағдайда Тараз қалалық әкімдігі арқылы мемлекеттік бағдарламаларға жүгіне алатынын түсіндірді. Ал Құмшағал ауылынан келген Орынбасар Тоқбергенов Өтемісұлы, Тайман, К.Әзірбаев, Жандосов, Абай көшелерін жарықтандыру үшін уақытша жарық трансформаторын қойып беруге ықпал етсеңіз деген тілегін жеткізді. Бүгінгі таңда Құмшағал ауылы Тараз қаласының балансында болғанымен оған жарық беруді Жамбыл ауданы іске асырады екен. Сәйкесінше, трансформатор қою жұмысы Жамбыл ауданына, ал жұмысты үйлестіру Тараз қаласына тиесілі. Қала мен ауданның осы мәселеге қатысты тиісті мамандарын арнайы шақырған Бекболат Орынбеков олардың да уәжін тыңдап көрді. Белгілі болғандай, нақтылы кезеңде тиісті жұмыстар басталған, зерттеу-зерделеу ісі аяқталған. Демек, бұл мәселенің шешілетін күні алыс емес. Дәл осы Құмшағал ауылынан келген Марина Қамысбаеваны толғандыратын мәселе мүлдем басқа. Көп балалы ана облыс әкімінің орынбасарынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен жарының дертіне байланысты мүгедектігін рәсімдеп беруге көмек сұрады. Атаулы көмекке қатысты облыс көлемінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берген Бекболат Серікбекұлы тиісті мекеме өкілдеріне Марина Қамысбаеваның мәселесін заң шеңберінде оңтайлы шешіп беруді жүктеді. Ал өткен жылы Жуалы ауданынан мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын ашқан Дамира Мұхамедғали енді аталған орталықты дамыту үшін қажетті құрал-жабдықтар алуға банктен жеңілдетілген несие алуға қолұшын берсеңіздер деген өтінішін білдірді. Жуалы ауданы әкімдігі өкілдеріне нақты тапсырма берген Бекболат Орынбеков орталыққа қажетті бес тігін машинасын демеушілер көмегімен бірінші ақпанға дейін алып беруге уәде етті.

Маржан Рақай