- Advertisement -

Құтты болсын, қоныс той!

258

- Advertisement -

тараз қаласында Сексен пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Шаһарда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Бір ғана №15 шағын ауданында бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 26 көп қабатты тұрғын үй салынып, 1300-ге жуық пәтер ел игілігіне берілген болатын. Жалпы, қаланың бас жоспарына сәйкес бұл тұрғын алқапта 280 көп қабатты, 969 жеке тұрғын үй салу жоспарланған. Екі жылдан бері мұнда 20-дан астам көп қабатты тұрғын үй беріліп, жүздеген адам қоныс тойын тойлады. Қазіргі таңда шағын ауданда 29 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көп балалы аналарға 323 пәтер берілген. Жергілікті бюджет есебінен өңірімізде 1 миллиард 360 миллион теңгеге 144 пәтер сатып алынып, осы санаттағы азаматтарға таратылған болатын. Бұдан бөлек, «Қарасу» шағын ауданында берілген 4 көп қабатты жатақхана көп балалы аналарға қуаныш сыйлады. Ал «Арай» шағын ауданында осындай 4 көп қабатты жатақхананың құрылысы жалғасуда.
Кеше №15 шағын ауданда №28 көп қабатты тұрғын үйдің пайдалануға берілгенінің куәсі болдық. 80 пәтерден тұратын тұрғын үйді «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Бұл үй тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілді. Атап айтсақ, пәтер кілтін алғандардың 16-сы балалар үйінің тәрбиеленушілері, 27-сі көп балалы аналар, 23 әлеуметтік жағынан осал топ санатындағы азаматтар.

Тұрғын үйдің ашылу салтанатына жиналған қауымды алдымен қала әкімі Айтқазы Қарабалаев құттықтады.
– Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тағы бір үйдің тұсауын кескелі отырмыз. Бұл шаһарымызда жыл басында беріліп отырған алғашқы көп қабатты тұрғын үй. Осымен қатар басқа да көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Оларды да алдағы күндері ел игілігіне тапсыратын боламыз, – деген Айтқазы Дәулетқұлұлы пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтады.
Осыдан кейін Айтқазы Қарабалаев пәтер кілтін салтанатты жағдайда иелеріне тапсырды. Пәтер кілтін алғандардың атынан көп балалы ана Индира Бекежанова сөйлеп, аналық алғысын жеткізді.
Бұл күні мүмкіндігі шектеулі азамат Тахир Миркамилов та пәтер кілтін алып, ол қуанышты отбасымен бөлісті. Екі бала тәрбиелеп отырған Тахир жұбайымен бұған дейін пәтер жалдап тұрып келіпті. «Пәтер кезегіне 2007 жылы тұрған болатынмын. Енді, міне, кезегім келіп, пәтерлі болып отырмын. Бүгін көптен күткен арманым орындалды. Жұбайым мен балаларым қуанып жүр. Біздің қуанышымызға әкем де келіп ортақтасуда. Балаларым да енді өз үйіміз болады деп мәз. Бүгін мені отбасыммен қуантқан Үкіметке айтар алғысым шексіз», – деді ол.
Бір атап өтерлігі, бұл тұрғын үй пәтер иелеріне сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Қанша жыл тұрамын десе де, өздері біледі.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support