Саясат

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі қалай төленеді?

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі қалай төленеді?

Мемлекеттік атаулы көмек биылғы жылы 1 қаңтардан бастап жаңа тәртіппен беріле бастады. Жаңа жүйені түсінбейтіндер әлі де бар. Өйткені биыл жәрдемақы төлеудің формасы да, сомасы да біршама өзгерген. Осы орайда тұрғындарға түсінікті болуы үшін Тараз қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаевамен сұхбаттасқан едік.

– Гаухар Елубайқызы, ең алдымен көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы жайлы айтып беріңізші?

– Әлеуметтік көмектегі ең үлкен жаңалықтың бірі – көп балалы отбасылардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақының тағайындалуы. Бұл жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасылар ай сайын алып отырмақ. Нақтырақ айтқанда, бюджеттен 4 балаға – 42496 теңге, 5 балаға – 53127 теңге, 6 балаға – 63757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74388 теңгеден ай сайын тұрақты төленеді. Жәрдемақыны осы жүйеде төлеу басталды.

– Ал атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда қандай өзгерістер бар?

– Аталған көмек осы жылдан бастап жаңа тәртіппен беріле бастайды. Ондағы бірінші өзгеріс АӘК тоқсан сайын тағайындалатындығы. Екінші өзгеріс көмек қаржының мөлшеріне қатысты. Өлшем-шарттар өзгеріссіз қалды. Яғни отбасының орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жетпейтін болса атаулы әлеуметтік көмекке ие болады. Облыс бойынша 2020 жылдың 1 тоқсанына күнкөріс деңгейінің 70 пайызы 19757 теңгені құрайды. Енді адам басына 21 мың теңге берілмейді, орташа табыстың кедейлік шегінен айырмасы ғана төленеді. Яғни 2018 жылғы тәртіп қайта қалпына келтірілді. Есесіне, АӘК алушылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама алады.

– Кепілдендірілген әлеуметтік топтама жайлы тарқатып айтып өтсеңіз.

– Бұл топтама ретінде айына 1 рет азық-түлік, тоқсанына бір рет гигиеналық құралдар беріледі. Мектеп жасына дейінгі балалар жасына қарай Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, баланың физиологиялық ерекшелігін және тағамдық құндылығын арттыру мақсатында азық-түлік топтамасымен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Мектеп жасындағы балалар мектеп формасы мен оқу құралдарымен, ыстық тамақпен қамтылады және жол жүру жеңілдіктері қарастырылады. Жаңа механизмнің негізгі мақсаты – атаулылығында. Егер отбасының табысы шынымен төмен болса, олар көп балалыларға берілетін жәрдемақыны да, АӘК-ті де алады және кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі.

– Сонда азаматтар осы көмекті алып, жұмыс істегісі келмей, масылдық психологияға ұрынбай ма?

– Мұндай пиғыл туындамас үшін АӘК алатын отбасындағы еңбекке жарамды азаматтарға жұмыс ұсынылады. Егер одан бас тартса АӘК беру отбасына толық тоқтатылады. Бұл санатқа 1,2 топтағы мүгедектер, 1,2 топтағы мүгедектерге және 80 жастан асқан қарттарға қарап отырған адам, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысатын еңбекке жарамды азаматтар, күндізгі оқу орнында оқитын студенттер жатпайды.

– Шын мұқтаж азаматтарды анықтау, олардың назардан тыс қалып қалмауы үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігінің материалдық жағдайын зерделеу үшін учаскелік комиссияның жұмыстары ұлғайтылды. АӘК-ке қайырылған азаматтардың арасында шиеленіс тудырмау үшін, өтініштерін уақтылы мерзімінде учаскелік комиссиямен зерделенуін қамтамасыз ету үшін, 11 аумақтық учаскелік комиссияның құрамы 17 аумақтық учаскелік комиссияға ұлғайтылды. Бұл комиссия құрамының қаулысы 2020 жылдың 10 қаңтарында бекітілді. Осы мақсаттарға Тараз қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 2 963,6 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке 1 675,82 миллион, облыстық бюджеттен 515,11 миллион, жергілікті бюджеттен 772,67 миллион теңге бөлінсе, әлеуметтік кепілдендірілген пакетке барлығы 187,7 миллион теңге қаржы қаралды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Маржан РАҚАЙ.