Жаһан

Елбасы Астанада жаңадан ашылған №75 көпсалалы мектеп-гимназиясында болды

Елбасы Астанада жаңадан ашылған №75 көпсалалы мектеп-гимназиясында болды

Бүгін Білім күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Есілдің Сол жағалауында есігін ашқан №75 көпсалалы жаңа мектеп-гимназиясында болды. «Біздің елімізде 7600 мектепке 2 млн. 600 мың бала партаға отыратын болады. Ең қуантатыны - 1 қыркүйекте 300 мың бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Олардың саны былтырмен салыстырғанда жетпіс мыңға артық. Бұған ерекше қуанамыз, себебі, жастарымыз, халқымыздың саны өсіп келе жатыр», - деді Президент. Мемлекет басшысы болған жаңа №75 мектеп-гимназиясында 1300 оқушы білім алатын болады. Білім ордасы заманауи техникалық қондырғылармен, мәжіліс залымен, 56 сынып бөлмесімен, электронды абономенттік кітапханамен жабдықталған. Айта кетейік, елордада 2014-2015 оқу жылында 103 мыңнан астам бала білім алады. Оның ішінде 13 мыңға жуығы бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер. Өткен жылы қаладағы оқушылардың жалпы саны 94 712-ні құраған болатын. Бүгін Астанада бес жаңа мектеп қолданысқа берілді. Сонымен қатар жылдың соңына дейін қосымша 8 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде балалар саны шамадан тыс мектептер мен үш ауысымдық оқу жүйесін реттейтін болады. Жаңа оқу жылында елордада 11 856 педагог қызмет атқаратын болады.