- Advertisement -

«Aspara»-ның қыздары алаша тоқиды

131

- Advertisement -

Маржан РАҚАЙ

Қазақ қыздарының сұлулығы, әсемдігі, көркем мінезі өз алдына, бармағынан бал тамған шеберлігі де ерекше назар аударуға, ыстық ықыласқа әбден лайықты.
Көптің көңіліне қуаныш сыйлап, ерекше мақтанышымызға айналған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде орналасқан қолөнершілер және туризм орталығы бар. Сол орталықта қазақ қыздарының қолынан шыққан сан-алуан сырлы да сұлу дүниені кезіктіруге болады. Орталықтың «Қолөнер бөлімін» аралай жүріп, онда 51 қолөнер шеберінің түрлі бұйымын кезіктіресіз. Ал менің назарым ерекше ауғаны бүгінде әлемдік сән индустриясында өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген жергілікті дизайнер Айдархан Қалиевтің еңбектеріне арналып берілген бөлмеде жұмыс істейтін қыздар болды. Қашан барсаңыз да арнайы станокта алаша тоқып отырған Талшын Тәпен мен құрбысы Ләззат Сауранның еңбекқорлығына тәнті боласың. Бұл қыздар Тараздағы «Aspara» колледжінің төртінші курс студенттері екен. Бала күндерінен тігіншілікке, сән мен сұлулыққа, қолөнерге қызығып өскен олар мамандықты өз қызығушылықтарымен ұштастыра отырып таңдаған.
«Кішкентай кезімнен түрлі маталардан ойша киім құрастырғанды жақсы көремін. Өскенде сәнгер болуды армандадым. Сол арманның жетегімен осы колледжге оқуға түстім. Мұнда дизайнерлер арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы киімнің түр-түсін, дизайнын жасап шығады. Біз соны тігіп шығамыз», – дейді Ләззат.
Ал Талшын станоктағы жұмысын жалғастыра отырып өзінің қолөнерге әуестігін айтып берді. «Менің апам тігінші болған. Сондықтан, қолөнерге деген құштарлығым қанымда бар деп есептеймін. Бұл жұмыстан ләззат аламын», – дейді ол.
Арнайы бөлмені аралай жүріп қыздардың қолынан шыққан қазақы нақыштағы түрлі бұйымдарға қызыға түсесіз. Ата-бабадан келе жатқан ою мен өрнекті заманауи киім үлгілеріне ұтымды қолдана біліп, неофольклор стилін қалыптастырған дизайнер Айдархан Қалиевке риза бола отырып, сол идеяны сәтті жүзеге асырып отырған қазақ қыздарына тәнті боласың.
Осындай сәтте еске еріксіз «Алма ағаштың гүліндей-ау, Текеметтің түріндей-ау…» деген ән жолдары түсіп кететіні бар. Шынында, мұнда қайран қалуға тұрарлық қолөнер бұйымдары баршылық-ақ.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support