Қоғам

Рухани жаңғыруымыздың бағдаршамы

Рухани жаңғыруымыздың бағдаршамы

Еліміздің бүгінгі басты мақсаты – әлемдегі озық 30 өркениетті елдің қатарына қосылу. Біз оған әуелі біліміміз және біліктілігімізбен қол жеткіземіз. Елбасы бұл туралы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кеңінен тоқталғаны белгілі. Бізге бұл бағытта үйренетін, үлгі алатын нәрсе көп. Абай – ұлтымыз үшін рухани жаңғыруымыздың бағдаршамы. Оның 200-ге жуық өлеңі, қырық бес қара сөзі және үш поэмасы ұлтымыз ғана емес, жалпы адамзаттың баға жеткісіз құндылығы. Адамзат Абайды оқу арқылы өзін-өзі таниды, өмірдің мәні мен маңызын түсінеді. Ұлы ойшыл осыдан 100 жыл бұрын ұлтты жаңаруға, жаңғыруға және жаңа өмірге бейімделуге шақырған. Ғұламаның шығармаларына зер салсақ, елдің ілгерілеуінің негізі білім мен ғылымда екенін анық аңғарамыз. Оның бұл тұжырымдары қазір де өзекті. Кемеңгер бабамыз «Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді, сөзді ұғар, көкірегі болса көзді» деп текке айтпаса керек. Біз биыл ұлы Абайды ұлықтау, оның мерейтойын ЮНЕСКО аясында тойлау арқылы ұлтымызды әлемге кеңінен танытамыз. Әлемдік деңгейдегі ғұламаның еңбектерімен кеңірек танысамыз. Ақынның қай шығармасы болса да даналыққа тұнып тұр. Демек, келешекте оның шығармаларын орта және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына көптеп енгізуге ерекше көңіл бөлу керек. Атамыздың шығармаларының әлемнің ең көп қолданылатын он тіліне аударылатыны, ол туралы көп сериялы фильм түсірілетіні де қуантады. Жалпы, кез келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуде аса маңызды рөл атқарады. Мұғалім – араб сөзі, білімді, ғұлама деген мағынаны білдіреді. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – баршаның міндеті. Мұғалім де шәкірттеріне өзін сыйлату, мойындату үшін жан-жақты, терең білімді болуы тиіс. Бұл бағытта біздің бәрімізге Абай атамыз шығармалары шамшырақ әрі бағдаршам. Ол бізді шаруақорлыққа, іскер, отаншыл болуға, өз ұлтыңды риясыз сүюге, адал еңбек етуге және жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге шақырады. Ұлы ойшылды зейін қойып оқысаң, санаң сергіп, көкірек көзің ашылады. Кейде өзіңді толғандырып жүрген көп сауалдың жауабын Абайдың даналық сөздерінен табасың.

Еңлік Мамытова, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы.

Тараз қаласы.