- Advertisement -

Айдынның жылқысы тоғызға жет ті

49

- Advertisement -

Кейінгі кезде ауылды жерден қалаға көшу «керуені» біршама тоқтаған сыңайлы. Оған қоса, бұрнағы жылдары қалаға қоныс аударған кейбір жастардың да бүгінде ауылын аңсай бастағаны рас. Олардың арасында «мал өсірумен айналыссақ» деген ниетпен ауылға атізін салып, ондағы жағдайды барлап жүргендері де бар.
Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынғанын айта кету керек. Міне, осы жоба жоғарыда аталған жастар мен ауыл тұрғындарының ыңғайына дәл келген жоба болды. Өңір басшысының ауылдағы ағайынды еңбекке тарту мен олардың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл бастамасы өзге өңірлерді де қызықтырып отырғанын құлақ естіп жатыр.

Қанатқақты жобаға енген ауылдық округтердің бірқатар тұрғындары бүгінде өздері қалаған қаражатты қолдарына алып үлгерген. Әуел баста тұрғындардың бір парасы бұл жобаға күдікпен қараған-ды. Ал қазір ауылдықтардың барлығы ала көңілдіктен арылып, әне-міне бастағалы отырған кәсібінің қам-қарекетімен алаңсыз айналыса бастады. Солардың бірі – Шу ауданындағы Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны Айдын Кенжебеков. Ауыл азаматының мақсаты – қорасындағы төрт түліктің санын арттырып, болашақта мал бордақылауды қолға алу екен.
–Жалпы, ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі малды өз төлі есебінен өсіріп, нәпақа табу ғой. Ал облыс әкімінің бұл жобасы қолда бар малды еселеп көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылдың соңында 4 миллион 300 мың теңге қаржыға өтініш берген болатынмын. Талап етілген құжаттарды дер кезінде өткізгеннен кейін көп ұзамай-ақ аталған қаражат қолыма тиді. Оның 3 миллион 600 мың теңгесіне тоғыз бас жылқы алып, қалған 700 мың теңгені жемшөпке жұмсадым. Мұның алдында өзімде 40-қа жуық қой, үш бас мүйізді ірі қара бар болатын. Енді, міне, қанатқақты жобаның арқасында қорамдағы жылқының саны бірден тоғыз басқа артты. Бұдан бөлек, өзімнің иелігімдегі «Наурыз» шаруа қожалығында алты гектар егістік жер бар. Қыстың қамын жазда ойлаған қазақ болғандықтан, егістік жерге түгелдей жоңышқа егеміз. Қазіргі кездегі ең бірінші мақсатым – қолымда бар малдың санын көбейту. Келешекте ет бағытында жұмыс істеуді де қолға алмақпын, – дейді А.Кенжебеков.
Үкіметтің мінберінде мақұлданған қанатқақты жобаның ауылдың әлеуетін арттыруға қосар үлесі үлкен болмақ. Байқасаңыз, ауылдықтардың басым бөлігі қолына тиген қаражатты мал шаруашылығына жұмсауда. Демек, облыс әкімінің төл жобасы байырғы саланы жаңа белеске көтерудің бастамасына айналды деуге толық негіз бар. Қаражатқа қолы жеткендер қам-қарекетін жасап жатыр. Ауылдықтардың алдында тұрған ендігі міндет – қаражатты оңды-солды ысырап жасамай, ықтиятты етіп, кәсібінің көкжиегін кеңейту болып тұр. Сонымен қоса басқа өңірлерден сатып алынатын малдың ауру еместігіне де баса назар аударуда.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support