Қоғам

Тұрлаусыз тағдыр

Тұрлаусыз тағдыр

 width=

Рахым Садықбеков – саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнап келе жатқан белгілі ғалым. Ол – ғылым мен шығармашылықты қатар алып жүрген қайрат ты қаламгер. Оның қаламынан туған шығармалар республикалық көптеген әдеби басылымдарда жарық көрген. Талай талант ты шәкірт ті тәрбиелеп шығарған Рахым Садықбековтің ізбасар інілері де бүгінде ғылым жолын қуып жүр. Есімі елге танылғандары да бар. Рахым Садықбеков бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Шығармаларында адам тағдырын, оның мінез-құлқын қазақы қалыппен екшеп беріп жүрген Рахаңа зор денсаулық тілей отырып, жаңа әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.   (әңгіме) – Жәмпейістің әлгі неміске тиген шетелдегі қызы төркіндеп келіпті, – деген әңгіме Үшарал ауылында гулеп кетті. – Байғұс-ай, көп жылдан бері ел бетін көрмей кеткен еді. Ақыры шыдамаған екен-ау! – Е, неміс те адам баласы ғой. Өзіміздің әлгі көп жыл бірге тұрып, еліне көшіп кеткен Альфред, Моргель, Шульц дегендер қолынан өнері тамған қандай ісмер адамдар еді. Қимай кетті ғой, қазақ жерін. – Бәсе деймін-ау! Сол сабаздар кетерінде бізбен жылап қоштасып еді ғой! – «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген бар емес пе?! Еркіндік алған соң елін тапқаны да. Тегінде өзі өсекті еркектер бастайды да, әйелдер жағы гулетіп алып кетеді ғой. Хош, сонымен қызы таңдап тиген күйеу баланың аты Фердинанд екен. Соңынан ерген екі-үш «күшігі» бар. Шетінен беттері секпіл тартқан шикіл сарылар. Қазаққа ұқсап тұрған бір жері болсайшы. Шүлдірлеп бірдеңе дейді. Онысын түсініп жатқан ешкім жоқ. Ауылдың кішкентай жүгермектері қу ғой. Дереу ортасына алып айналдырып: «Ал сендер фашист болсаңдар, біз Совет боламыз, соғысып ойнаймыз» деп көндіріп, содан соң оларды тұтқынға алған боп, желкелеп алдына салып алады. Ауыл итінің құйрығы қайқы келеді емес пе?! Ел асып келген күйеу баланы ауыл жұрты Федя деп тез-ақ бауырына тартты. Өзі бір елпілдеген елгезек жан екен. Қолды-аяққа тұрмайды. Мойнына асып алған фотоаппараты бар. Соның әйнегінен сығалап біресе тал-теректің басына шығып кетеме-ау, біресе тізерлей отыра қалып, әркімді бір суретке түсіріп әлек боп жүрген біреу әйтеуір. Сонысына өзі мәз. Жәмпейіс көпке дейін көндіге алмай, оның сол бір мінезіне қарап: «Осының өзі қандай, дені дұрыс па өзінің?» деп қоятын. Қасынан әрі-бері өткен кемпіріне күңкілдеп: «Бар бәле сенен. Қаршадайынан қызыңды орысша оқытып. Одан әрі қыр асырып шетелге жіберіп, бүлдіріп тындың ақыры», – деп кейіп жүрді. Жәмпейістің өзі сонау бір сұрапыл соғыс жылдары немістің небір қаныпезерін көрген. Кектенгені сонша ішіне қан қатып, өмірі жібіместей болып қайтқан еді. Елуінші жылдары әр жақтан жер ауып келген грек, шешен, немістер ауылда қаптап кетті. Амал жоқ шаруа қамымен жүріп солармен қат-қабат араласып еді. Тіпті әлгі Моргель, Альфредтердің іскерлігіне тәнті боп, тамыр боп алған. Енді, міне, сөйткен неміс бауыр боп шаңырағына кіріп отыр. – Ой, тәубе-ай! Құдай шебер деген. О заман да, бұ заман неміспен құда-жекжат болам деген ойы түгілі түсіне кіріп пе екен? Соғыс кезіндегі бір оқиға есіне түсті. Немістің жеңіліп, тым-тырақай қашып жатқан уақыты болатын. Бұлар ұрыс сала Берлиннің шетіне ілікті. Қай үйге басып кірсе де көздері бақырайып, үрейленіп «Гитлер капут! Гитлер капут!» деп жалбарына шулаған немістерді көресің. Жәмпейіс бір жолы қасында Ефрем деген орыс серісі бар немістің бір үйіне кіріп келсе, бір-екі баласымен бұрышқа тығылып отырған кемпір-шалды көрді. Олар ботадай боздап жалбарынғанша болған жоқ әлгі Ефрем автоматты кезеп тұрып бытырлатып атып-ақ тастағаны. Жәмпейіс: – Өй, өй. О нең? – деп айтып үлгергенше болған жоқ. – Бұларға сол керек. Түп-тұяғымен жою керек. Бізге не істемеді бұлар. Бала-шағамызға дейін аяусыз қырған жоқ па!? Көздері әбден қанталап алған, тоқтар емес. – Әттеген-ай, обал болды-ау! Бұлардың жазығы жоқ еді ғой! – деп Жәмпейіс іші ашып тұрды. Әбден қаны қарайып кектенгендер сол кезде аз емес еді. Солар енді өшігіп неміс біткенді түгелдей жамсатып бара жатқан соң Сталинның арнайы бұйрығы шығып, «Жазығы жоқ бейбіт немістерге тимесін» деген болатын. Содан соң барып тыйылды. Әйткенмен Жәмпейістің неміске деген іштей кейістігі сақталып қалып еді. Енді, міне, көрмеймісің, тағдырдың жазуымен амалы құрып сол неміске төрін ұсынып отыр. Ой, тәубе-ай! Күйеу бала Федя жатырқайтын емес, жылмиып ішке кіріп барады. Су әкеліп, отын жара салады. Қазан-аяққа да араласайын десе қызы сырт көзден қымсынып тыйып тастайды. Былайғы жұрттың түсінген-түсінбегеніне қарамай: «Зер Гут, Зер Гут» деп немісше шүлдірлеп шаруаға араласып жүр. Бірер апта өткен соң олар енді қайтпақ боп жинала бастап еді. Күйеу бала Федя қайын атасының қасына кеп шүлдірлеп әлденені шұбыртып сөйлеп ала жөнелді. – Мынау не деп тұр? – деп Жәмпейіс қызына қараған. – Біз енді рұқсат болса қайтайық дейді. Рахмет айтады, – деді қызы. Содан соң Сізді Германияға қонаққа шақырып тұр, – деп қосып қойды. – Уа, қой-ақ қой, – деді әкесі ат-тонын ала қашып. – Барғанбыз баяғыда, астан-кестеңі шығып жатқанда. Не қызық бар дейсің о жақта? Дегенмен түнде көзі ұйқыға кетіп бара жатып: – Барып қайтса да болар ма еді? Баяғы жас кезде қан кешіп жүріп көрген жерлер қалай өзгерді екен? – деп те ойлап қойды. Ертеңіне таң азанмен кемпірін тұр-тұрлап оятып алып: «Ал бол енді. Мыналар мені еліне шақырып отыр. Жол жүрейін. Барсам, барып-ақ қайтайын. Несі бар аспанмен ұшып барып қайтамын ғой», – деді асығып. Кемпірі аң-таң. Бірақ қарсы болған жоқ. Шалын жолға дайындап, үндемей жүріп керек-жарағын түгендеп берді. Енді мінеки Жәмпейістің неміс еліне, оның бас қаласы Берлинге келгеніне де үш-төрт күн болып қалған. Мүлде бөтен жұрт, бөтен мекен. Сұп-сұр боп төбеңнен төніп тұрған зәулім тас үйлер. Баяғының ізі де жоқ. Әбден аралап болған соң бұл енді зерігейін деді. Қайран қазағым-ай! Осындайда «Оу, біздің құда келді» – деп шылауыңа орала кетуші еді қолпаштап. Бұлар ондайды қайдан білсін?! Жәмпейістің есіне баяғы өз елінде өмір кешкен неміс тамыры Моргель түсе кетті. Өзі осы қалада деуші еді. Дереу адресін блокнотынан іздестіріп тауып алды да, хабарласа қойды. Сөйтіп екеуі уәделі жерде кездесуге келісті. Бір жұпыны ғана кафенің ішінде бір-бірін көріп сағынысып, құшақтасып жатыр. Моргель байғұс дәл бір төркіні келгендей апалақтап сасып жүр. Ауылдағы өзі білетін тұрғындардан сұрастырып кеп: – Әлгі пошташы ақсақ Шәмсат аман ба, сиыршы Байтон тірі ме, жылқышы Жылгелді ше? Өзің бұл күндері зейнетке шыққан шығарсың?! – дейді ауыз жаппай. Қазақшаға әлі де судай бәлекет. Осыны айта жүріп ол қолындағы түйіншегін шешті. Жәмпейістің елден әкелген сәлем-сауқаты, қазы-қартасы бар еді. Соны ортаға жайып салып: – Жә, бері жақында бері. Сенің анау шөп-шаламың мен шошқаңның шұжығы мынаның қасында дәм бе тәйірі, – деп жатыр қолқалап. Моргельдің көзі жайнап-ақ кетті. Сұғына жеп, қарбыта асап, мұрнының астынан міңгірлеп бірдеңелерді айтып-ақ жатыр. – Байғұс-ай. Өзің қартайып-ақ қалыпсың ғой. Күйің төмен-ау шамасы. Біз жақта жүре бермей несіне ғана келдің екен бұл жерге? – деп жатыр аяп. Дәм үстінде екеуі шер тарқата әңгімелесіп отыр еді. Жәмпейіс төңірегіндегі көрші үстелдерге қараса, екеу-екеу әрқайсысы өзімен бірге ала келген өз түйіншектерін ашып жеп, әңгімені гөйітіп отыр. Алың-келің жоқ. – Ау, мынаусы несі? – дегені сол еді. Моргель тұрып: – Жә, алаң болма оған. Бұл елдің салты солай. Кездесуге әркім үйінен өз жейтінін ала келіп, осылай өз бетінше жейді, – деді. Ой бүйткен салт-дәстүріңді ұрайын! – деп боқтап жіберді Жәмпейіс. Неге екені белгісіз жүрегі сол жерде шаншып-шаншып кеткені. Бұрыннан келе жатқан өзінің бір кінәраты болушы еді. Сонысы сыр бергені ме, қалай? Қайтып келе жатып ол енді қызының жайын ойлады. – Сорлы қызым-ай, бөтен елде нең бар еді қор болып! – Қой енді омалып жата бергенім болмас. Есім барда елге жетейін. Әлдеқандай күн болады, – деп түйді. Өзі қауіп ойлап, қызы мен күйеу баласы Федяға шешімін айтып еді, анау киіп ала жөнелді. Айтып жатыр, айтып жатыр. Ара-арасында бір-екі ауыз орысша біледі екен: «Без проблем» деп қояды. Өзі тағы ыржың-ыржың етіп күле береді. Мұнысына түсінбеген Жәмпейіс аңтарыла қарап қалып еді, қызы қымсына-қысыла отырып тіл қатты: – Көке, сізге көп уайымдамасын дейді. Алда-жалда бірдеңе бола қалса осы жердегі қымбат та қадірлі зираттардың бірінен орын тауып беремін дейді. – Өй, нәлеті! – деп еріксіз тілдеп жіберді ол. – Мен бұдан өлетін жер іздеп келіппін бе, о несі-ей! Пиғылының бұзығын қарашы! Сол күні жолға шықты ол. У-шу алаңға шығарып салуға келген қызы мен күйеу баласы екеуі екіұдай күйде. Өз қызы әкесін қимай үнсіз жылап тұрса, күйеу бала Федя ешнәрседен ойсыз жан-жаққа алақтап қарап ыржалақтап тұр. Траппен жоғары көтеріліп келе жатқан Жәмпейістің іші қан жылап егіліп бара жатып: – Сорлы балам-ай! Ойнақтаймын деп от басқаның-ай. Тағдырың тұрлаусыз боп өтетін болды-ау!, – деп күрсінді. Рахым Садықбеков.