Елбасы Қарағанды облысындағы ҮИИДМБ барысын қатаң сынға алды
Елбасы Қарағанды облысындағы ҮИИДМБ барысын қатаң сынға алды
Елбасы Қарағанды облысының жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қарағанды облысы елдің ішкі жалпы өнімінің 8 пайызы тиесілі ірі өңір болып саналатынын айтты. Қазіргі кезде облыстың жалпы өңірлік өнімі 2,6 триллион теңгені құрайды, деп жазады Ақорданың ресми сайты.
- Облыс экономикасына салынып жатқан инвестициялар да өсуде, былтыр ол 400 миллиард теңгеден асты. Өңірдің бюджеті үш жылда 40 пайызға өсіп, 245 миллиард теңгеге жетті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өңірдің даму қарқынын атай отырып, Қазақстан Президенті бірқатар маңызды мәселелерге де назар аударды.
- Қарағанды облысында индустриялық-инновациялық бағдарлама үлкен диспропорциямен жүзеге асырылуда. Мәселен, Индустрияландыру картасындағы 80 нысанның тең жартысына жуығы Қарағандыға, ал облыстың өнеркәсіптік өндірісінің 15 пайызын қамтамасыз ететін Жезқазғанға небәрі 3 жоба ғана тиесілі, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Приозёрск қаласы, Осакаров және Ұлытау аудандары индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында мүлде қамтылмағанын айтты. Сондай-ақ бұрын айтылған ескертулерге қарамастан, бірқатар нысандардың әлі тоқтап тұрғандығын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өзінің жарлығымен 2011 жылы құрылған «Сарыарқа» АЭА жұмысына назар аударды.
- Мемлекет арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына 25 миллиард теңге бөлді. Жобаға сәйкес, онда 53 фирма жұмыс істеуі тиіс, бірақ қазір 2-еуі ғана жұмыс істейді. Басқарушы компания нақты инвесторлар тартудың орнына арнайы экономикалық аймақты өзінің «бос» фирмаларымен толтырған, сосын олардың құжаттарын әлеуетті инвесторларға сатқан. Неге бұлай болғанын анықтау керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы бірқатар кемшілікті де атады.
- Облыстың өңірлік жалпы өнімдегі ШОБ үлесі небәрі 20 пайыз. Өңірдің экономикасын негізінен «Арселор Миттал Теміртау» және «Қазақмыс» ұстап тұр. Мен ШОБ-ны 50 пайызға дейін ұлғайту міндетін қойдым, егер осы қарқынмен жалғасатын болса, ол көрсеткішке ешқашан қол жетпейді, - деді Мемлекет басшысы.
Облыстағы ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жеке талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 5 жылда облыстың 18 қаласы мен ауданының 11-інде «ҚазАгро» АҚ-ның қатысуымен бірде-бір жоба жүзеге асырылмағанын айтты.
- Бұл жергілікті биліктің АӨК-де қаржы институттарымен жұмыс жүргізбейтінін, тіл табыса білмейтінін және жағдай жасамайтынын көрсетеді, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы облыста пайдаланылмайтын 1,4 миллион гектар ауылшаруашылық жері бар екені анықталғанына да назар аудартты.
Қазақстан Президенті шағын қалаларды дамыту мәселесіне де тоқталып өтті. Ол өңірде 8 моноқала және оларды дамытуға арналған бағдарламаның бар екеніне қарамастан, бөлінген 2,2 миллиард теңге көлеміндегі қаражаттың бәрі 2012 жылы тек көшелерді жарықтандыруға ғана жұмсалғанын айтты. Сол мақсатқа 2013 жылы 4,8 миллиард теңге немесе барлық қаражаттың 92 пайыз шығындалған.
- Бұл көшелермен кім жүреді? Егер жаңа жұмыс орындары ашылмайтын болса, одан жұрт кете бастайды, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев облыс басшылығына моноқалаларды дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдай отырып, осы мәселе бойынша ахуалды шұғыл түрде түзетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы әлеуметтік дамуға қатысты бірқатар мәселелерді атады. Мәселен, соңғы 3 жылда Қарағандыда бірде-бір балабақша салынбаған, ал кезекте 13 мың бала тұр. Ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысы жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруда да келеңсіз жағдай байқалады. Биыл 17 амбулаторияны пайдалануға беру жоспарланған, бірақ іс жүзінде тек бір ғана нысанның құрылысы басталыпты.
- Бұл ел бойынша ең нашар көрсеткіш, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесуді қорытындылай келе, Қазақстан Президенті облыс басшылығына айтылған әрбір мәселені бақылауға алуды, олар бойынша нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.
- Облыс елдің қуатты индустриялық орталығы болып саналады, оған зор көңіл бөлініп отыр, қажетті қаражат бөлінуде. Өңірдің толыққанды дамуы үшін қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланған жөн , - деді Мемлекет басшысы.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz