Жаһан

Мемлекет басшысы «Сарыарқа» АЭА-дағы күдікті жағдайды қолға алуды тапсырды

Мемлекет басшысы «Сарыарқа» АЭА-дағы күдікті жағдайды қолға алуды тапсырды

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жауапты органдарға Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы күдікті жағдайды ретке келтіруді, сондай-ақ облыс басшысына инвесторларды тарту бойынша бұдан да жақсырақ жұмыс жасауды тапсырды. «2011 жылы Үкімет облысқа «Сарыарқа» АЭА-ны құру мәселесі бойынша қолдау білдірген. Ол үшін 25 млрд. теңге бөлінген. Әкімдік өз тарапынан 150 млрд. теңге жеке инвестиция тартуға және тауар өндірісін жылына 800 млрд. теңгеге жеткізуге уәде берген», - деді Елбасы өңірге жұмыс сапары барысында қоғам және кәсіпкерлер өкілдерімен болған  кездесуде. Жоспар бойынша, АЭА территориясында бүгінгі таңда 53 зауыт жұмыс істеп тұруы тиіс болатын, ал қазір небары 2-ақ зауыт жұмыс істеп тұр, - деп атап өтті Президент. Облыс әкімінің орынбасары Ануар Әкімжановтың айтуынша, осыған дейін 6 млрд. теңге инвестиция тартылған. «2012 жылы біз инфрақұрылымды салуға бел шешіп кірісіп кеттік. Биыл барлық инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталады. Яғни, қазіргі таңда АЭА инвесторларды қабылдауға толықтай дайын. Біз жұмыс жоспарын іске қосамыз. Сіз айтып өткендей негізгі көрсеткіштер бар. Оларды жүзеге асыруға барымызды саламыз», - деді ол Мемлекет басшысына. Сондай-ақ, Елбасы басқарушы компаниялардың жұмысына да назар салды. «Маған «ҚарағандыИнвест» басқарушы компаниясы құрылды деп баяндаған болатын. Оның акцияларының 49 пайызын әкімдік өте күдікті түрде Total Quality Service фирмасына берген. Ал оның Астанада офисі ғана бар, одан басқа дымы жоқ. Бұл фирма бұған дейін жобалармен айналыспаған, азық-түлік өнімдерін сатумен айналысып келген», - деді Н.Назарбаев. Президент осы күдікті жайға байланысты арнайы органдарға жағдайды тексеруді, ал облыстық әкімдікке бұл қателікті тез арада түзеуді тапсырды. «Басқарушы компания нақты инвесторларды тартудың орнына АЭА-ны «бос» фирмалармен толтырған, одан соң олардың құжаттарын әлеуетті инвесторларға сатып жіберген. Сонда сендер қалай жұмыс жасайсыңдар? Мен өз Жарлығыммен Қарағанды облысы қуатты инвестиция тартсын деп «Сарыарқа» АЭА-сын құрдым. Қай елде болсам да мен оларға: Қарағандыда индустрия бар, ол жерге құрылыс салуға болады, келіңіздер, деп жүрем. Олар келеді, сендер оларды келген ізімен қайтарасыңдар», - деп сынады Елбасы. Бұған дейін хабарланғандай, Президент Н.Назарбаев 30 тамыз күні Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған болатын. Мемлекет басшысы жаңа спорт клубында өңірдің үздік спортшыларымен жүздесті. Одан соң «Сарыарқа» АЭА-ға бет алып, ол жерде екі кәсіпорынның жұмысымен танысып, қоғам және кәсіпкерлер өкілдерімен кездесті. Кешке Елбасы Қарағандының 80 жылдығына және Шахтерлер күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Ақпарат көзі: www.kazinform.kz