- Advertisement -

Anidor: Қазақша фильмге сұраныс көп, ал контент үшін оны бизнес ретінде көрсету керек

108

- Advertisement -


Anidor: Қазақша фильмге сұраныс көп, ал контент үшін  оны бизнес ретінде көрсету керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кинотеатрда фильмдерді қазақ тілінде көрсету мәселесі қоғамда қызу талқыланып келеді.

Бір тарап «мұны заң жүзінде қатаң талап ету керек» дегенді алға тартады. Енді бірі «сұранысқа сай қызмет етеміз» дейді. Әйтсе де қоғамдағы талқылаудан тыс қалып, сөзден іске көшкендер де жоқ емес. Сондай энтузиаст жастардың бір тобы шетелдік фильмдерді қазақша дыбыстап, онлайн кинотеатр құруды бастап кетті. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі аударманың қызығы мен қиындығы туралы Anidor.kz қазақша онлайн кинотеатрының жетекшісі Дәулет Дүкенбаймен сұхбаттасқан еді.

Мен Түркістан қаласының тумасымын. Жасым 23-те. 2014 жылы ҚазҰУ-дың «Ақпараттық жүйелер» мамандығына оқуға түстім. Қазір осы білімімді жалғастырып, магистратурада оқып жүрмін. Студент кезімде стартап-жобалармен жиі айналыстым. Мен үшін әр жобаның мақсаты тек қаражат табу ғана емес, қоғамға, қоршаған ортаға пайдасы тиюі керек болатын. Бір күні әлеуметтік желіден қазақша дыбысталған жапондық анимациялық сериалды байқадым. Еріктілерден құралған «Teń İz Group» командасы әйгілі «Наруто» аниме-сериалын дыбыстап жүр екен. Өзім аниме көріп өскендіктен, қазақша анимеге таң қалдым. Таңғалып қана қойған жоқпын керемет қуандым. Бұл маған ерекше әсер сыйлады. Себебі, жапондық туындылар баланы ойлануға, шабыттандыруға, еңбектенуге, қиындықтарға мойымауға үйретеді. Алайда олардың жұмысы өте баяу жүрді. Аптасына, кейде 2 аптада бір ғана сериалды аударып, дыбыстайтын болды. Бұлай болмауы керек, біз де құр отырмайық деп стартапер достарыма жаңа бастама ұсындым.

Осылайша күнделікті кешкі бос уақытымызды пайдаланып, өзіміз де аниме сериалдарды дыбыстауға кірістік. Хабарландырулар іліп, мәтін оқитын ұл-қыздарды шақырдық. Қазақ тілінің дамуына үлес қоссам деген жастар Қазақстанның түпкір-түпкірінен жауап жазды. Әрине, фильмдердің басым көпшілігін орыс тілінен аудардық, өйткені басқа шет тілін білетін еріктілеріміз аз болды. Оларды да көп жүктемеуге тырыстық. Бір сериалда 25 бөлім болса, бәрін бір адамға артып қоя алмаймыз. Ең кемі 4 адам кезектесіп аударуы мүмкін, сосын бір редактор жалпылама тексеріп шығады. Аударма біткен соң, әуесқой дыбыстаушылардың жұмысы басталады, оны дыбыс режиссері қадағалап отырады. 25 минуттық бір серияны дыбыстауға шамамен 6 сағат кетеді. Дайын жазбаны дыбыс режиисері дыбыс өңдеушіге береді. Өңдеуші дауыс ырғағын, кем тұстарын ретке келтіріп, рендерге саламыз. Соңында дайын фильмді желіге жүктеп, көрерменге ұсынамыз. Сырттан қарағанда оңай боп көрінетін бір 25 минуттық серияға шамамен 6-7 адам тер төгеді.

Кейінірек дыбыстаған материалдарды көрермендерге ұсынатын платформа қажет болды. Сөйтіп өзіміздің Anidor.kz алғашқы қазақша киносайтымызды жасадық. «Ani» — жапонның анимесінен, «Dor» — кәрістің дорама сөзінен алынған еді. Себебі жастардың көпшілігі дорама жанрындағы сериалдарды сүйіп тамашалайды. Осы екі жанрдағы сериалдарды қазақшаға аударудан бастағанбыз. Бірақ бұл сайтта тек біз дыбыстаған жұмыстар емес, жалпы қазақ тілінде дыбысталған барлық фильмдерді жинақтауды ойладық. Оның үстіне бұған дейін қазақтілді фильмдерді бір ортаға жинаған интернет-ресурс болмаған. Жаңа аудармаларды көптеп шығару үшін, жалға кеңсе алып, өз студиямызды жабдықтап, дыбыстауды мықтап қолға алдық. Өзіміздің негізгі кәсібіміз арқылы, яғни IT-тапсырыстарды орындап және сайттың жарнамасынан түскен қаражатпен шығындарымызды өтеп жүрдік. Дыбыстаған ең алғашқы фильмдеріміздің бірі «Өрмекші адам: Әлемдер арқылы» әлі есімізде. Кинотеатры жоқ ауыл балалары, орысша жақсы түсінбейтін жас мектеп оқушылары алғыс айтып, пікір білдіргенде бізден бақытты жан болмаған шығар.

Авторлық құқық мәселесіне келсек, ол жағынан әзірге қиындықтар туындамады. Себебі, біз фильмдерді түрлі видеохостингтер мен әлеуметтік желілерден алып отырамыз және авторлық құқыққа тікелей өздері жауап береді. Кей қазақтілді фильмдерді ғаламторға ресми түрде салып қояды. Біз солардың сілтемесін алып, өз сайтымызға қоямыз. Егер бізге қандай да бір фильм бойынша авторлық құқықтың бұзылғаны туралы хабарлама келсе, бірден сол фильмді алып тастаймыз. Себебі өзгенің еңбегін бағалаймыз. Қазір студия жұмысын уақытша тоқтаттық, құралдарымыз әзірге қоймада тұр. Біріншіден, кеңсені ұстауға қаражат болмады. Екіншіден студенттер (әуесқой редакторлар, әуесқой дыбыс өңдеушілер) оқуына кірісіп, аудармаға уақыт таппады. Әрине, жобамыз жалғасады. Негізі жазға қарай каникулда өнімдірек жұмыс істейміз. Көрермендеріміздің дыбыстап беріңіздер деген тапсырыстары да жиналып қалды. Шамамен биылғы наурыз айында аударманы қайтадан қолға аламыз. Жалпы, қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс бар. Тіпті көп десек те болады. Қазірдің өзінде сайтымызға күніне 1500-ге жуық адам кіреді. Әуесқой болса да, танымал фильмдердің қазақшаға аударылғанынан көп адам бейхабар. Енді осы сұхбаттан кейін біраз адам біледі деп үміттенемін.

Қазір біз дамудың моделін іздеп жүрміз. Мысалы ресейліктер шетелдік фильмді орыс тіліне дыбыстап, сайтқа салса, оны бүкіл ТМД аумағы көреді. Ең кемі 5 миллион көрермен табылады. Жарнама арқылы табыс табады, студия жалдап, команда жинап, жалақы төлеп, ауқымды жұмыстармен айналыса алады. Қазақша ондай нарық әлі жоқ. Жарнамаға көп қолданушылар наразылық білдіреді, жарнамасыз қаражат түспейтінін, сайтымыздың жұмысы жүрмейтінін түсінсе екен дейміз. Әлеуметтік желіде ақылы топтар жасап көрдік, аниме сериалдары парақшасына жазылым 200 теңге болды. Қызыққан адамдар болды, әрі кетсе 100 адам ғана қосылған шығар. Сол үшін қолайлы модель іздеп жүрміз. Қазақша контентті көбейту үшін жастарға оны бизнес ретінде көрсету керек.

kazinform.kz

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support