ҚР Президенті қарағандылықтарды қаланың 80 жылдығымен, Конституция күнімен және Шахтерлер мерекесімен құттықтады
ҚР Президенті қарағандылықтарды қаланың 80 жылдығымен, Конституция күнімен және Шахтерлер мерекесімен құттықтады
Қарағандыдағы орталық стадионда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Конституция күнімен, ал қарағандылықтарды Шахтерлер күнінің мерекеленуімен құттықтады. Өз сөзінде Қазақстан Президенті биыл Шахтерлер күні Қарағандының, отандық көмір өнеркәсібінің символы саналатын қаланың 80 жылдығы аясында өтіп жатқанын атап өтті. «Қарағанды топырағына деген менің сезімім ерекше. Осында еңбек жолым мен саяси өмірбаяным басталды. Бұл жерден бүкіл Қазақстанның индустриялық дамуы бастау алады. Мен кеншілерге әрдайым зор құрметпен қараймын, өйткені шахтер еңбегі дегеннің не екенін жақсы білемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы бүгінде көмір өндіру саласы отандық индустрияның берік негізіне айналғанын, ал шахтерлер еңбегі бұрынғыдан да қажеттірек бола түскенін айтты. Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан экономикасы үшін көмір өндіру кәсіпорындарының маңызы атап өтілді. Айрықша алғысты сөздер Қазақстанның көмір өнеркәсібі саласын қалыптастырудың бастауында болған адамдарға арналды. Қазақстан Президенті Қарағандының күрделі белестерден өте отырып, өзінің қайталанбас келбетін қалыптастырғанын атап өтті. «Қарағандының шахтерлік шыңдалудың арқасында заманауи экономикада өзінің лайықты орнын таба білгенін көргеніме қуаныштымын. Қаланың және барша қарағандылықтардың келешегі зор екеніне мен сенімдімін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті қарағандылықтарға елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға көрсеткен қолдауы үшін алғысын айтты. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы қарағандылықтарға бақ-береке және Тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі. Ақпарат көзі: www.kazinform.kz