Жұмыс есеп беру үшін атқарылмауы тиіс
Жұмыс есеп беру үшін атқарылмауы тиіс
Балалар мен жасөспірімдер мәселесі бүгінде басты назарда екені белгілі. Осыған байланысты жыл бастала салысымен-ақ облыстық әкімдікте облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырыс өткізді. Онда аталмыш комиссияның өткен жылдың қорытындысы бойынша есебі тыңдалып, алда атқарылуы тиіс жұмыстар пысықталды. Баяндама жасаған комиссияның жауапты хатшысы Бақыт Жақсылықова бірнеше жайтқа қатысты мәліметтер келтірді. – Жыл басынан бері комиссияға 430 құжат түсті. Ал 120 азамат жеке сұрақтары бойынша қайырылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 149-дан 143-ке азайса, 137 ата-анаға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша шара қолданылды. Барлығы 128 баласы бар 32 тұлға ана-ана құқығынан айырылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында аудандар мен Тараз қаласында прокуратура, полиция департаменттері мен білім саласы қызметкерлерінен құрылған 84 мобильді топ тұрақты жұмыс атқаруда. Бұлар 47 колледжді де қамтып келеді, – десе, басқа да комиссия мүшелері зорлық көрген, жүкті болғандар мен суицид мәселесін қозғады. Алайда бұл мәселеге қатысты облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Сұлушаш Құрманбекова келтірілген деректер толық сарапталып, талданбағандығын айтып, мәліметтер әбден жіктеліп, сарапталып, сараланып талдану қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, қатысушы басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Жиын соңында Сұлушаш Сәтбекқызы қолға алынатын жұмыстар есеп үшін емес, жақсы көрсеткіштер мен нақты нәтижелер шығару үшін атқарылуы тиістігін қадап айтты.
Альмира Омарова