Саясат

Санға емес, сапаға мән беріледі

Санға емес, сапаға мән беріледі

Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Зарина Қуатова өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Баяндамашы айтып өткендей, 2019 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында барлығы 208 жоба жүзеге асып, 1 миллион 27 мың адам қамтылған 3026 іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудан туындаған «Туған жер» арнайы жобасы аясында жалпы 425 770 адамды қамтыған 1340 іс-шара өтсе, бұл орайда білім, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары, «Қоғамдық келісім» мекемелері белсенділік танытқан. Керісінше туризм, дін істері, дене шынықтыру және спорт басқармаларының бұл тұрғыдағы жұмысы көңіл көншітпейді. Сондай-ақ Тараз қаласы, Жуалы, Жамбыл аудандарында көрсеткіш жоғары болса, Талас, Сарысу, Қордай аудандарында іс-шара сиректеу өткені анықталған. Меркі, Мойынқұм аудандарында да жұмыс төмен деңгейде. Жобалық офис басшысы басқа да арнайы жобалардың орындалу барысына кеңінен тоқталды. Оның көпшілігінде Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының белсенділігі байқалса, Қордай, Байзақ, Мойынқұм аудандары салыстырмалы түрде төмен көрсеткіште қалып қойған. Талас, Сарысу аудандары да жоғары көрсеткішпен қуантпайды. «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында «Архив-2025», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобалары аясында да мәдениет, архивтер және мәдениет, білім, тілдерді дамыту басқармалары, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қаласы көш бастап тұр. Зарина Қуатованың айтуынша, алдында берілген хаттамалық тапсырмаларға сәйкес өңірімізде «Өлкетану» оқулығының хрестоматиясына тапсырыс беру желтоқсан айында 50 пайыз орындалуы тиіс болатын. Алайда бұл көрсеткіш Талас ауданында – 37, Тараз қаласында – 18, Сарысу ауданында – 16 пайыз ғана орындалған. Сондай-ақ биыл білім басқармасы «Qazaq epos» қоғамдық қорымен бірлесіп, «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, «Тарихи-әдеби» өлкетану жобасын ұйымдастыруы тиіс. Қазіргі таңда білім басқармасы тарапынан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын өткізуге 28 миллион 728 мың теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың QR-коды бар тақтайшаларын халық көп шоғырланған орындарға орналастыру жауаптыларға тапсырылған. Бұл тапсырма Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында мүлдем орындалмаған. Кеңес отырысында Сұлушаш Сәтбекқызы артта қалған аудандардың ішкі саясат бөлімдері басшыларын жеке-жеке тұрғызып, тиісті міндеттердің неге орындалмағанын сұрады. Қордай, Талас аудандарынан келген жауапты тұлғалар жобалық офистің мәліметімен келіспейтіндіктерін жасырмады. Бұл ретте жобалық офис жетекшісі Зарина Қуатова келген ақпараттар сарапталып, тек мазмұны жоғары, талапқа сәйкес жұмыстар ғана есептелетінін айтты. Яғни санға емес, сапаға жұмыс жасалады деген сөз. Мұнан соң Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының басшысы Сауран Қалиев «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің құндылықтарын тереңінен түсіндіріп, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан жұмыстарды көруге аудан тұрғындарын көптеп тартуға шақырды. Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова «Архив-2025» жобасы бойынша біздің өңір республикада көш басында тұрғандығын, Тараз қалалық мемлекеттік архивтің директоры Нұрхат Серікбаев құрастырған «Әулиеата зерттеулері» атты кітаптың республикалық сараптама тобынан жоғары бағаланғанын айтып, барлық жауапты тұлғалардың алдағы жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ бірқатар басқарма, аудан, жоғары оқу орындарына облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. Кеңес отырысына жиналғандар соңынан Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығын, өлкетану музейін, қолөнершілер галереясын аралады.

Есет Досалы