Саясат

Халық қалаулылары халықтың жағдайын ойлайды

Халық қалаулылары халықтың жағдайын ойлайды

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев, Абдалы Нұралиев және Қайрат Қожамжаров облыстық әкімдікте зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Халық қалаулыларымен болған басқосуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізіп отырды. Алғаш сөз алған сенатор Мұратбай Жолдасбаев зиялы қауым өкілдерін жаңа жылмен құттықтап, ескі жылға өкпе жоқ, жаңа жылға үміт көп екендігін жеткізді. Облысқа келудегі негізгі мақсаттары – халықтың әл-ауқатымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдау екендігін айтты. Келесі кезекте депутат Абдалы Нұралиев өткен жылы қабылданған жаңа заңдарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтыр барлығы 83 Заң жобасы қаралып, қабылданған. Тоғызы Парламент Мәжілісіне кері қайтарылыпты. Қабылданған Заңдардың ішінде Конституцияға өзгеріс енгізуге – 1, Конституциялық Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге – 2, дербес заңдарға – 8, қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге – 27, халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялауға бағытталғаны – 45. Қабылданған Заңдардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге, халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген. Абдалы Тоқбергенұлы сондай-ақ аграрлы облыстарға аса маңызды – субсидия мәселесіне де тоқталды. Өйткені «биылдан бастап субсидия берілмейтін болды» деген қауесет желдей есуде. Депутаттың сөзіне сүйенсек, субсидияға берілетін жалпы қаржы көлемі кемімеген, керісінше 4-6 пайызға артқан. Тек етке берілетін субсидия көлемі ғана талқылану үстінде. Өңіріміз үшін жағымды жаңалықтың бірі ретінде сенат депутаты Талас, Сарысу, Байзақ аудандарына бюджеттен қосымша әр ауданға 3 миллиард теңгеден 9 миллиард теңге қаражаттың бөлінуіне ықпал еткендіктерін жеткізді. Бұл қаражат аталмыш аудандардағы елді мекендерді газдандыруға жұмсалмақ.

Мінберге көтерілген Қайрат Қожамжаров облыс жұртшылығын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, жаңа саяси кезеңде тұрған еліміздегі ең бірінші мақсат – ішкі тұрақтылық, одан соң халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халықты тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұмыс істеп жатқандықтарын және кез келген азамат өзінің мұң-мұқтажын депутаттарға жеткізе алатындығын айтты. Мұнан соң сөз жиналған қауымға берілді. Бірінші болып өзінің ой-пікірін білдірген «ЖаңаРу» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыс» РҚБ облыстық филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев: – Бүгінде мемлекет ашықтық саясатын ұстанып, әлгінде өздеріңіз айтып өткендей «тыңдайтын мемлекет» құруға талпынудамыз. Бұл, әрине, дұрыс. Бірақ қазір өздерін «блогер» деп атайтын кейбір адамдардың әлеуметтік желіде мемлекеттік қызметкерлерді жерден алып, жерге салып, олардан әр нәрсені талап етіп жатқандықтарын жиі көзіміз шалады. Біріншіден, олардың көп нәрседен хабары жоқ. Сөйте тұра билік өкілдеріне қарсы кейде ұйымдасқан түрде жала жауып жатады. Сол жағы реттелер ме екен, оған құқық қорғау органдары тарапынан бақылау, шектеу болар ма екен? Мүмкін арнайы Заң қабылдау керек шығар, – деді. Қ. Қожамжаров аталмыш мәселе көптің көкейінде жүрген мәселенің бірі екендігін, кез келген азамат әлеуметтік желіде бейәдеп сөздерге бой алдырған блогерді сотқа бере алатындығын айтты. Жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев бүгінде Жамбыл жерінде небәрі 62 Ұлы Отан соғысы ардагері қалғанын, алдағы Жеңістің 75 жылдығы жоғары деңгейде ұйымдастырылса деген ойын жеткізді. Осы орайда тыл ардагерлеріне де көрсетілер қамқорлық артса деген ұсынысын айтты. Облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов болса, аудандық мәслихат хатшыларының мемлекеттік қызметкер санатына кірмейтінін және жалақыларының мардымсыздығын тілге тиек етті. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков қабылданып жатқан заңдардың санынан бұрын сапасы мен орындалуына мән беруді сұрады. Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің сапасының нашарлығын, жол бойында әжетханалардың заман талабына сай еместігін қозғады. Халық қалаулыларына БАҚ-пен байланысты нығайта түсуді ұсынды. Ал Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев ауыл халқына несие беруді бұрынғыдай аудан және облыс әкімдеріне тапсырудың тиімділігіне тоқталды. «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі» АҚ арқылы қарапайым халық несие ала алмайтынын жеткізді. Жиын соңында Мұратбай Сматайұлы еркін форматта өткен, ел үшін өте өзекті, шешімін күткен мәселелер қозғалған бұл басқосудағы ой-пікірлер мен ұсыныстардың барлығы да ескерусіз қалмайтынын айтып, оң шешімін табатынына сендірді.

* * *

Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев пен Қожахан Жабағиев қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға бірінші болып жазылған Тараз қаласының тұрғыны, мүгедек бала асырап отырған ана Айнұр Байдәулетова тұрғын үй мәселесі бойынша қайырылыпты. Ол 2015 жылы үй кезегіне тұрғанымен, әлі күнге дейін баспанасыз жүргенін айтты. Тиісті азаматтар аталған мәселе назарға алынғанын, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес кезекпен берілетінін түсіндірді. Ал Халық Қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев Айнұр Байдәулетоваға үлкен ұлын әскери мектепке беруге кеңес беріп, әскери салада қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді. Келесі кезекте қабылдауға келген Тараз қаласының тұрғындары Айнұр Серікбаева мен Фарида Сейдрашева да баспана мәселесіне қатысты сауалдарын жолдаса, Галина Пипия мен Гүлмира Саипова жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеу туралы проблемамен келген. Тұрғындарға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен партия қызметкерлері, Тараз қалалық әкімдігінің өкілдері тарапынан тиісті жауаптар беріліп, мәселелері назарға алынды.

* * *

Жамбыл ауданына атбасын бұрған Сенат депутаттары Мұратбай Жолдасбаев, Абдалы Нұралиев және Қайрат Қожамжаров жұмыс сапарын «Аса-ДАМУ» ЖШС Құс фабрикасының жұмысымен танысудан бастады. Келесі кезекте «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдау өткізді. Онда ауданның әр ауылдарынан келген азаматтар көкейлерінде жүрген түрлі сауалдарын жолдап, халық арасындағы мәселелерді көтерді. Олардың басым көпшілігі халықтың тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстарға бағытталған. Ал облыс әкімінің пилоттық жобасы аясында Бесағаш ауылының тұрмыстық жағдайын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан халық қалаулылары бастамаға оң бағасын берді. Сондай-ақ Сенат депутаттары Түрксіб ауылындағы 300 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстарын көріп қайтты.

«Аq jol»-дың тілшілер тобы: Эльвира Жарылқасынова, Маржан Рақай.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.