Еріктілер құлшынысы қуантады
Еріктілер құлшынысы қуантады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлікті дамыту мақсатында 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Ол өз сөзінде еріктілікті ұлттық ауқымда ғана емес, әрбір қалада немесе ауылда да дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Сөйтіп, Еріктілер жылында барлық еріктілер жобаларын бірнеше бағытқа біріктіруді ұсынды. Атап айтатын болсақ, еріктілер «Сабақтастық» бағыты бойынша балалар үйлерінің балаларына қамқорлық көрсете алады, «Саулық» медициналық бағыты бойынша науқастарды күтуге көмек көрсетеді, «Таза әлем» – қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйрету, «Асыл мұра» бағыты халқымыздың материалдық және рухани, тарихи-мәдени мұрасын сақтауға шақырады, «Қамқор» бағыты қарттар үйіндегі жұмысқа бағытталған. Ал «Білім» – ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына еріктілік көмек көрсетуге бағытталса, «Үміт» жобасына қатысушылар екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыздың ерліктері туралы баяндайтын құжаттарды іздеуге жұмылдырылады. Сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес-көмек көрсету жөніндегі жұмысқа ерікті-заңгерлерді белсенді тарту қажеттігі атап өтілді. Еріктілік сағаттарды еңбек өтілі бойынша есептеу әдістемесін енгізу маңызды. Бұл әсіресе салада тұрақты негізде жұмыс істейтіндерге қатысты. Еріктілікпен айналысатын студенттердің шәкіртақысын арттыру бойынша Үкіметке тапсырма берілді. Бүгінде облысымызда түрлі бағыттағы волонтерлік қозғалыстар мен ұйымдар бар. Олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша бірқатар жұмыстарды атқаруда. Олардың қатарында халықтың демеуімен мұқтаж жандарға (жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі кісілерге, көп балалы, жалғыз басты аналарға, тағы басқа) баспана алып беру бағытында «Қарекет» қайырымдылық қоры, жалғызілікті қарттар мен жетім-жесірлерге, аса ауыр халдегі ауру балаларға көмек көрсету бағытында «Қайырымды жандар» ұйымы, көп балалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан дарынды балалардың қосымша білім алып, дамуына жағдай жасау бағытында «Жарқын болашақ», аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында «Ақ дастархан», мұқтаж отбасыларды отынмен қамтамасыз ету бойынша «Жылу сыйла» жобасын, тағы басқа қайырымдылық бағытындағы осындай жобаларды жүзеге асырып жүрген «Өркен ниет» қоғамдық қорын, мұқтаж отбасыларға киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен, азық-түлікпен нақты көмек көрсетуге бағытталған «Қамқор» еріктілік-қайырымдылық жобасын ерекше атап айтуға болады. Өткен жылы облысымызда еріктілікпен әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына көмек көрсетуге бағытталды. Облыста 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалды. Бұл жұмыстарды жүйелендіру мақсатында облыс әкімінің 2019 жылғы 14 наурыздағы Қаулысымен «Қамқор» еріктілік-қайырымдылық жобасын іске асыру жөніндегі жоспары бекітілді. Жоба аясында 1800 ерікті облыстағы 250 мыңға жуық отбасын аралап, әлеуметтік сауалнама жасалды. Барлық еріктілер алдымен сауалнама толтыру әдісін оқыды. Толтырылған сауалнамалар арнайы әзірленген дерекқорға енгізілді. Сөйтіп, анықталған мұқтаждықтар саралана отырып, әр аудан мен қала бойынша облыстың әлеуметтік картасы әзірленді. Жобаны іске асыруға облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасынан арнайы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 15 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаржыға Тараз қаласында үш «Qamqor» қайырымдылық дүкені (Төле би көшесі, 74 «Б», Ленин көшесі 97 «А», Бәйдібек би көшесі 1 «А») ашылып, қажетті жабдықтармен жабдықталды. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын сауда орындарында 5 қайырымдылық жәшігі орнатылды. Сауалнама арқылы анықталған отбасыларға аталған дүкендер арқылы 4 тоннаға жуық киім-кешек таратылды. Осы уақытқа дейін «Qamqor» қайырымдылық дүкендері арқылы барлығы 912 отбасыға 2720 килограмм киім-кешекпен көмек берілді. Басқармамыз бен «Қарекет» қайырымдылық қоры бірлесе отырып 10 мұқтаж отбасына пәтер алып берді. Басқарма тарапынан 10 отбасының балаларына қажетті құжаттарын заңдастыру, оқу орнына орналасуы сияқты қолдаулар көрсетілді. Әлеуметтік дүкеннің жұмысымен қатар біздің еріктілер облысымыздың демеушілерін «Қамқор» жобасын жүзеге асыруға тарту мақсатында түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, өткізуде. Мәселен, «Тәтті себет» дүкен желісінің демеушілігімен Тараз қаласындағы аз қамтылған 40 отбасыға гуманитарлық көмек көрсету бойынша азық-түлік таратуға арналған бір күндік акция өтті. Биылғы жылды Жастар жылының заңды жалғасы десек те болады. Сондықтан облысымыздағы еріктілердің әлеуетін одан әрі дамыту, олардың күш-жігерін қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағыттау мақсатында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 2020 жылға 12 миллион теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Ендігі міндетіміз, облысымыздағы барлық еріктілер ұйымдары мен қайырымдылық қорлардың басын бір арнаға тоғыстырып, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара» отырып нәтижеге бағытталған жұмыстарды бірлесе атқару. Оған атсалысу – барлығымыздың міндетіміз. Сондықтан біз бірігіп іс қылсақ, оны өзгелерге насихаттасақ, Еріктілер жылын абыроймен атқарып, алға қойған мақсаттарымызға жететініміз анық. Серікбол Берікқожа, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.