- Advertisement -

Басты саланың басым бағыт тары

95

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр» деп еліміздегі іргелі саланы өркендету жолында бірқатар міндеттер жүктеді. Елбасы мен Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындайтын міндеттерді және салаға тиесілі мемлекеттік бағдарламаларды іс жүзінде жүзеге асыру жолында өткен жылы бірқатар игілікті істер жүзеге асырылды. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлық көздерден 30,4 миллиард теңге бөлініп, бұл – алдынғы жылмен салыстырғанда 12,4 миллиард теңгеге артқанынан-ақ атқарылған шаруаның аз емес екенін аңғаруға болады.
Былтыр 275,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде егін шаруашылығында – 168,9, мал шаруашылығында – 105,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Салаға 23,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұрнағы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 118,1 пайызға артса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 6,5 миллиард теңге инвестиция салынып, 133,1 пайызға артты.
2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 687,1 мың гектарға жетіп, 9,7 пайызға ұлғайды. 333,5 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 23 центнерді құрады және 763,2 мың тонна астық бастырылып, 92,2 мың тонна өнім артық алынды. Жалпы, жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ол ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Өңірде өткен жылы 614 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 8,1 пайызға жаңартылса, бұрнағы жылы бұл көрсеткіш 5,6 пайызды құраған болатын.
Аймақта 5 494,9 гектар алқаптан 173 748,8 тонна тәтті түбір жиналып, 2018 жылмен салыстырғанда 7 168 тоннаға артты. Заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалану және жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде қант қызылшасының әр гектарынан алынған орташа өнім 316 центнерді құрап, жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Мәселен, Тараз қаласының шаруалары небәрі 20 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 634,6 центнерге дейін өнім алса, Меркіде – 367,0, Байзақта – 315,0, Шуда – 301, Қордайда – 283,0, Жамбылда – 252,0 және Талас ауданында алынған өнім әр гектарына 250 центнерді құрады. Бүгінгі күні қант зауыттарына 135564,1 тонна қант қызылшасы өткізілді және болжаммен 17 мың тонна қант өндіріледі деп күтілуде.
Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыруға қол жеткізу мақсатында ылғал сақтау технологиясы биыл 29 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, су үнемдеу технологияларының көлемі 20,5 мың гектар алқапқа жетіп, 12,6 пайызға артты. Облыста 2015 жылы отырғызыла бастаған үдемелі бақтардың көлемі 1064 гектарға жетіп, өңірдегі бақ 3375 гектарды құрады. Аумағы 32 гектарды құрайтын 300 дана жылыжай болса, олардан 2019 жылдың бірінші кезеңінде 2,9 мың тонна өнім алынды. Бұл – маусымаралық кезеңде ішкі нарықты 23 пайызға қамтуда. Қазіргі уақытта қосымша қажетті 37 гектар жылыжайлар құру жұмыстары жүргізілуде.
Мал басы саны да артып келеді. Биылғы жылы облыстағы мүйізді ірі қара саны – 379,3, қой мен ешкі саны – 2,9 миллион және жылқы саны – 124,5 мың басқа жетті. Құс саны – 1,6 миллион болды.
Облыста 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шет елден 4 000 бас мүйізді ірі қара малын әкелу жоспарланса, 4617 бас әкелінді. Нәтижесінде асыл тұқымды мал басы артып, соңғы үш жылда шетелден 6 мыңға жуық мүйізді ірі қара жеткізілді. Осылардың негізінде облыста 5 репродуктор-шаруашылық құрылып, облыста асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының жалпы пададағы үлес салмағы – 26,0, қой – 24,0 пайызды құрап, республикада алдыңғы қатардан көрінуде. Сондай-ақ «Ырыс» бағдарламасы бойынша заманауи екі тауарлы сүт фермасы құрылып, қазіргі уақытты Байзақ ауданындағы «Ақжар» және Жамбыл ауданындағы «Бірлік» шаруа қожалықтары игілігін көруде.
Облыста негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артып, еттің сойыс салмақтағы өнімі – 4,1, сүт өндірісі – 2,7, жұмыртқа өндірісі 2,9 пайызға ұлғайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан туындайтын тағы бір міндет – экспорт. «…Сауда және интеграция, ауыл шаруашылық министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет» деді Президент. Былтыр жыл басынан 2 239 тонна ет Иран, Бахрейн, Катар корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталды. Оның 1229 тоннасы – сиыр, 1010 тоннасы – қой еті.
Облыста сыйымдылығы 27,0 мың басты құрайтын, 11 ірі бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Бүгінгі күні бұл алаңдарда 3 523 бас бұқашық бордақылануда.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізу мақсатында «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорны базасында облыстық механикалық жасақ құрылды. Оның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен 423,4 миллион теңге бөлініп, барлығы 17 бірлік мелиоративтік-құрылыс техникалары сатып алынды.
Мемлекет басшысы суармалы жер көлемін арттыруға да үлкен мән беріп отыр. Мәселен, Жолдауда «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға дейін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді» деп атап көрсетті. Жалпы, механикалық жасақтың күшімен 2018-2021 жылдары 388 километр су шаруашылығы нысандарын жөндеп, 20 мың гектардан астам суармалы алқаптарды қалпына келтіру көзделген.
2018 жылы механикалық жасақ 3 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын және 7 каналға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, облыс көлемінде жалпы ұзындығы 26,8 километр канал тазаланып, 1404 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді.
Ал өткен жылы кәсіпорын ұзындығы 65 километрді құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 4843 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді және екі жылда жалпы 6247 гектар алқап толық сумен қамтамасыз етілді.

Берік НЫҒМАШЕВ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support