- Advertisement -

Жүз жасаған жүрек

114

- Advertisement -

Жасы жүзге келген қарттардың шаңыраққа шаттық пен ақ тілегін жаудырып отырғанын көргенде, көңіліңе қуаныш ұялап, ондай жандардың арамызда көп болғанын қалайсың. Бүгінде мұндай асыл сүйекті жандар саусақпен санарлықтай-ақ. Осындай ғасыр жасаған қариялардың бірі Тараз қаласында тұрады. «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» дегендей, тағылымға толы тағдырының талай қиын да қызық соқпақтарынан қара нардай қажымай өтіп, еселеп еңбек еткен соғыс және еңбек ардагері Әшірбек Сәрсенбиев ақсақал Алла тағаланың қалауымен 100 жасқа толып отыр.
Әр төбесі тұнған тарих, кешегі қол бастаған батырлар мен сөз бастаған шешендердің құт мекені болған Байзақ топырағында Әшірбек 1920 жылы 7 қаңтарда жарық дүние есігін ашады.
1942 жылы әскер қатарына шақырылады. Бұл кезде Батыста жаумен қиян-кескі ұрыс жүріп жатты. 1947 жылы ғана туған еліне оралған Әшірбек ағамыз басынан талай нәрсені кешірді. Қар төсеніп, мұз жастанып, оқ пен оттың арасында басын ажалға тігіп, сол кездегі ортақ отанымыз – Кеңес Одағының халқын айбат шеккен дұшпанның сесінен қорғап, жауынгер атанды.
Алғашқы кезде Өзбекстанның Ферғана қаласында кіші командирлер даярлайтын курста оқып, сержант шенін алады. Сол арада жас солдаттарды 4-5 ай соғыс техникасына үйретеді. 1943 жылдың қыркүйек айында 246-атқыштар полкі құрамында соғысқа кіріп, Запорожье қаласын азат етуде қолынан, аяғынан ауыр жарақаттанады. Ростов және Саратов қалаларындағы госпитальдарда емделіп шыққаннан кейін, 1944 жылы Мәскеу қаласында амфибия машинасымен жүріп, соғысудың тәсілін үйреніп, Нарва қаласындағы соғысқа кіреді. Сол жерде 200 неміс жауынгерін қолға түсіру операциясына қатысады. Одан кейін Эстонияның Таллин қаласын азат етуге қатысып, 283-механикаландырылған дивизион ОМКОКБОН (Отдельный механизированный Красно-знаменный орден Кутузова батальон особого назначения) құрамында болады. Саарема аралын азат етуге (Куресара қаласы) қатысып, әрі қарай немістің Франкфурт қаласын алғаннан кейін, Одер, Шпрее өзендерін жүзіп өтіп, Берлинге жетеді. Сөйтіп, мамыр айында Берлинде Ұлы Жеңісті қарсы алады. Соғыстан кейін ерекше бөлімде қызмет етіп, 2 жыл тазалау армиясы қатарында болады.
1418 күн мен түнге созылған алапат соғыс та жеңіспен аяқталып, ел өткенге салауат айтып, алдағы күннің жақсылығын үміт етіп, бейбіт өмір сүре бастайды.
Бес жыл сыртта жүріп өмір көрген Әшірбек Сәрсенбиев елге оралған соң туған жері Қарасу ауылындағы колхоздың шаруашылығын көтеруге өз үлесін қосып, одан кейін 1950-1955 жылдары сауда саласында еңбек етеді. 1955 жылдан бастап 27 жыл бойы ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарады. 1982 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де үйде отырмай 5 жыл тағы да колхозда еңбек етеді.
Ә.Сәрсенбиев Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері, бейбіт өмірдегі берекелі еңбегі үшін көптеген орден, медальдармен наградталған. «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Жуков», «Ұлы Отан соғысы жеңісі» сынды барлық мерекелік медальдармен қатар тағы басқа бірқатар марапаттардың иегері атанған.
Майдан даласында ерлік көрсетіп, бейбіт күнде жасампаз еңбектің үлгісін танытқан Әшірбек ата жұбайы марқұм Байдыматпен бірге алтын асықтай 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан бүгінде 37 немере, 40 шөбере, 3 шөпшек сүйіп, ризалық сезіммен Тәңіріне тәубе етуде.
Еліміздің бүгінгі жарқын бейнесін бағамдай келе, абыройлы ақсақал ретінде өз тілегін білдірді.
– Отанымыздың тұтастығының сақталуын, шаңырағын шайқалтпауды күнде бір Алладан тілеп отырамын. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың көсегесі көгерсін. Елімізде бейбітшілік туы желбіреп, «соғыс» деген зұлматты балаларымыз енді көрмесе деймін. Айналайын қарақтарым, болашағымызды тізгіндер жастарымыз аман болсын, – деп, ағынан жарылды.
Бүгінде қадірменді қария қызы Айсұлудың қолында тұрады. Ақсақалдың ақ батасына бөленіп отырған Айсұлу асыл әкесінің өте ақкөңіл, кеңпейіл, есте сақтау қабілеті жақсы, жайдары жан екенін жасырмады.
Ардагер үйінен қайтар кезде мені ширақ әрі тың көрінген Әшірбек қарияның өзі шығарып салды. Қолымды қысып, ақ жол тілеп, батасын берді.
Жаны таза, еңбекқор адамдар ғана осылай жақсы қартая білсе керек. Өмір жолы мен еңбек жолы, Отан қорғаудағы ерлік ісі кейінгілерге тағылымы мол тәрбие екенін баяндай отырып, ғасыр жасап, тамыры терең бойлаған бәйтеректей ақсақалдың әлі де мағыналы ғұмыр кеше беруіне тілектестік білдірдім.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support