Қоғам

Жошы хан мен оның ұрпақтары

Жошы хан мен оның ұрпақтары

1223 жылы Шыңғысхан Сыр бойында Түркістан маңындағы Күлтөбе деген жерге құрылтай шақырады. Оған батырлар, әскер, ру-тайпа басшылары және Шыңғысханның ұлдары жиналады. Осы құрылтайда Шыңғысхан жаулап алған жерлерін бәйбішесі қоңыраттың қызы Бөртеден туған ұлдарына бөліп береді.

Кіші ұлы Төле ата-баба жолымен қара шаңыраққа ие болып, ішкі Моңғолияны алады. Екінші ұлы Шағатайға Алтайдан Әмударияға дейінгі жерлер, Қашқария, Самарқан мен Бұхараға дейін, Солтүстік Жетісу, Шығыс Түркістан жерлері беріледі. Үшінші ұлы Үгедейге Моңғолия жерінің батысы мен Тарбағатай аймағы үлестіріледі. Үлкен ұлы Жошыға Ертіс пен Орал тауының аралығы, Каспий, Арал теңіздерінің маңы, Жетісудан Оңтүстік Ресей, Еділ, Жайық бойы, Азов даласы, Солтүстік Кавказ, қазіргі Омбы, Томбы, Орынбор, Астрахан жерлері тапсырылады да, Дешті Қыпшақ мемлекеті немесе Жошы ұлысы атанады. Жошы осы Дешті Қыпшақ мемлекетінің немесе бүгінгі қазақ жерінің бірінші ханы болды. Жошы бақилық болған соң осынау кең-байтақ далаға оның ұлы Бату билік жүргізеді. Ол әкесінің иелігіндегі жердің көлемін ұлғайтты. Бүкіл Ресейді, Батыс Еуропаны, Кавказды, Иран мен Иракты, Ауғанстанды бағындырды да, Алтын Орда мемлекетін құрды. Осы Алтын орда мемлекетіне 300 жылдай уақыт Жошы ұрпақтары билік жүргізіп, хан болды. Атап айтқанда, Батудан кейін Берке хан, Тоқта хан, Өзбек хан, Орыс хан, Барақ хан. Одан соң қазақ хандығы құрылған кезден бастап, Жәнібек, Керей, Есім, Қасым, Тәуке, Абылай сынды хандар және қазақтың соңғы ханы Кенесары болғанын жұрт жақсы біледі. Кейіннен кіші жүзде Жәңгір, Нұралы, орта жүзде Уәли, ұлы жүзде Жолбарыс хан болды. Берке ханның кезінде қазақ жерін мекендеген ру-тайпалар мұсылман дінін қабылдап, имандылыққа бет бұрды. Жошы хан ұрпақтары Төре атанды. Осы хан мен ұрпақтары қазірге дейін қазақ еліне қызмет етіп келеді. Қоқан хандығы қазақ жерін басып алып, мал салығы, түтін салығы, қыз салығын енгізіп, аймақтарды басқарып, салық жинау үшін әр елден арнайы адамдар бекітеді. Оларды датқа дейді. Осы датқалар аймақтарда билік жүргізіп, салықтың дер кезінде төленуін қадағалап, ай сайын қыздарды Қоқан хандығына жіберіп тұрған. Осындай жөнсіз салықтар үшін Абылай ханның Аспандияр деген баласы (лақап аты Тентек төре) 1821 жылы Қоқан хандығына қарсы көтеріліске шығып, Тәшкенді басып алады. Тәшкен бегі келісімге келіп, қызы Айбегімді Тентек төренің ұлы Рүстем сұлтанға ұзатады. Тентек төре кейін 1823 жылы Қоқан ханының қолынан қаза табады. Ел бостандығы, тәуелсіздігі үшін Қасым сұлтан мен ұлдары Саржан мен Есенгелді де қоқандықтармен соғысып, Шымкентті, Сайрамды басып алғанымен, қоқандықтардың әскерінен жеңіліс тауып, жау қолынан мерт болады. Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары бостандық үшін, еліміздің тәуелсіздігі үшін он жыл бойы орыс патшасының әскерімен, Қоқан ханының бектерімен, қырғыздың манаптарымен соғысып, Сыр бойындағы қалаларды, Шымкентті, Сайрамды, Созақты Қоқан ханынан, Әулиеата мен Құлан, Меркі жерлерін қырғыздардан босатты. Соңында өзі де, інісі Наурызбай да 25 сұлтандарымен және көптеген жауынгерлерімен қырғыз манаптарының қолынан ажал құшты. Ол басқа да сұлтандар секілді орыс билігін мойындамай, үш жүздің басын қосып, патша әскеріне қарсы шықты. Бодан болғысы келмеді. Тәуелсіз ел боламыз деп күресті. Бостандық үшін, қазақ жері үшін шейіт болды. Кенесарымен бірге туған қарындасы Бопай ханша Қасымқызы он жыл соғысты. Балалары жер аударылады. Бәріне көнді, еліміздің бостандығы үшін. Кенесарының баласы Сыздық сұлтан әкесінің ісін жалғастырып, патша әскерімен жиырма жылдай соғысты. Ақыры патша билігін мойындауға мәжбүр болды. Кенесарының немересі Әзімхан Алашорда үкіметін құруға атсалысып, егеменді ел боламыз деп күресті. Ақырында 1938 жылы «халық жауы» деген желеумен атылды. Жошы ханның ұрпақтары Ә.Бөкейхан, С.Аспандияров, Б.Қаратаев, Д.Тунгашин, А.Алтынұлы және басқалары елі үшін өмірден озды. Жошының бір ұрпағы Шоқан Уәлиханов халқына қызмет етсе, күйшілер Дәулеткерей, Жантөре қазақ музыкасының дамуына елеулі үлестерін қосты. Кеңестік кезеңде Жошының талай ұрпағы халыққа қалтқысыз қызмет етті. Атап айтсақ, ғалым-профессорлар: Ермұхан Бекмаханов, Шота Уәлиханов, Аман Шотаев, Қарлығаш Шота, Нұрлан Темірбеков, Шөптібай Байділдаев, Шәкір Ибраев, партия, совет, шаруашылық, әкімшілік саласының қызметкерлері: Әміреқұловтар, Арыстанбековтер, Қохаевалар, М.Қатаев, Қ.Аманжолов, Ж.Аманжолов, Р.Рахманбердиев, С.Мәкежанов, А.Заурбеков, Р.Өзбеков, құқық қорғау саласының қызметкерлері: А.Жантекеев, С.Аспандияров, А.Тілеуқабыл, Ш.Салықбаев және басқалары әр салада абыройлы еңбек етіп, қазақ елінің өркендеуіне өз үлестерін қосты. Әлі де тер төгіп жүр.

Москау Ноқрабеков, журналист.

Тараз қаласы.