Жаһан

ҮКІМЕТ АПТАЛЫҒЫ: Қазақстан бала туудың өткен ғасырдағы тарихи жоғары көрсеткішіне жетуі мүмкін

ҮКІМЕТ АПТАЛЫҒЫ: Қазақстан бала туудың өткен ғасырдағы тарихи жоғары көрсеткішіне жетуі мүмкін

Өтіп бара жатқан аптаның дүйсенбісінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Астана-Теміртау автожолын жаңғырту барысымен танысып, осы жобаның мердігер мекемелерінің басшыларымен көшпелі кеңес өткізді.

Айта кетейік, Астана-Теміртау автожолының ұзындығы - 171 шақырым. Жоба бойынша ол 1-санаттағы 4 жолақты қозғалысы болатын бетонды жолға ауыстырылады. Автожолда құрылыс жұмыстары 2013 жылы ұзындығы 22 шақырымдық 2 учаскеде басталған болатын. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 109 шақырымдық 5 учаскеде жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 5 мердігер мекеме іске асыруда, құрылыс жұмыстарына жол-құрылыс техникасының 640 бірлігі, 5 бетон төсеу кешені мен 5 зауыт жұмылдырылған. 1 мыңнан астам адам жұмысқа тартылған.

Қазіргі таңда мердігер мекемелер барлық учаскелерде жер қазу жұмыстарын жүргізіп, жасанды құрылыстар салынуда, коммуникацияларды қайта салу мен «жол киімінің» құрылысы жұмыстары жасалып жатыр.

Ағымдағы жылдың қыркүйегінде тағы екі учаскеде мердігерлер анықталып, автожол түгелдей құрылыс жұмыстарымен қамтылатын болады.

Жылдың аяғына қарай алғашқы 12 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаны толығымен аяқтау 2016 жылға жоспарланған.

Кеңес қорытындылары бойынша Әсет Исекешев жұмыс қарқынын ұлғайтуды, сапа бақылауын қатаңдатуды және бүкіл учаске бойынша қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуді тапсырды.

***

Осы күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов биыл Қазақстанда жоғары білім беру орындарында оқыту ақысы көтерілмейтіндігін айтты.

«Жоғары оқу орындарындағы оқыту құны биыл өзгермейді, ол мемлекеттік гранттың құнына сәйкестендірілген. Өз кезегінде ол ұлттық және мемлекеттік ЖОО-ларда өзгеріссіз қалды», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, бұл - ҚР БҒМ-нің тұжырымдамалық ұстанымы.

«Біз стратегиялық мақсаттар қойып отырмыз - білім алу жастарға қолжетімді болуы шарт, осыған орай ЖОО-дағы оқыту құны мен бағасы биыл өзгеріссіз қалады», - деді министр.

***

Ал сейсенбіде өткен брифингке ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова келіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты бірқатар мәселелер туралы баяндады. оның айтуынша, қоғамдық бірлестіктер мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөніндегі заңнамаға 42 түзету ұсынуда.

«Бізде мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың бірқатар мәселесі бойынша заң жобасы әзірленуде. Аталған заң жобасына қоғамдық бірлестіктер тарапынан шамамен 42 толықтыру мен өзгерту енгізілді. Жұмыс топтарының отырыстарында біз оларды қарастырдық. Бұл нормалар өмірдің барлық, атап айтқанда, сот ісін жүргізуден бастап білім алу, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтерге жүгіну сынды салаларды қамтиды. Бұған қоса, автомобиль мен темір жол көлігінен бастап, көліктің барлық түрлеріндегі инфрақұрылымды қайта қарастыруды көздейді», - деді вице-министр. С.Жақыпованың сөзіне қарағанда, бұл заң жобасын әзірлеу барысында шамамен 30-ға жуық заңнамалық актінің нормалары зерделенген. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Үкіметтің, одан кейін Парламенттің қарауына енгізуге дайын.

Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен арнайы құрылған Үйлестіру кеңесі айналысады. Кеңес құрамында 160-тан астам үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бар. «Бізде құрылған Үйлестіру кеңесінде қаралған барлық мәселелер оң шешімін табуда. Бүгінде жарымжан жандардың басты мәселелерінің бірі оларға қолжетімді орта қалыптастыру болып табылады. Бұл тек ғимараттарға қолжетімділік емес, сонымен қатар емделуге, медициналық қызметтерге, білім алуға, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік", - деді С. Жақыпова.

***

Сәрсенбі күні ҚР Энергетика министрлігінде өткен брифингте аталған ведомствоның бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин еліміздегі жанар-жағармай бағасына қатысты түсініктеме берді.

«Өздеріңіз білесіздер, 21 тамыздан бастап АИ-92 маркалы жанармай бағасы 128 теңгеге көтерілді. Ал дизельдік отынның бағасы сол күйінде қалды. Ал АИ-95 пен АИ-98 маркаларына келер болсақ, олардың бағасын мемлекет реттей алмайды», - деді Қарабалин.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің кейбір өңірлерінде, әсіресе шекара маңындағы аймақтарда АИ-92 маркалы бензинге дефицит байқалуда. «Онда көрші елдерден келіп қазақстандық жанармайды алуға тырысатын көліктер өте көп. Өйткені бізде көршілес елдермен салыстырғанда ең арзан жанармай болып отыр», - деді бірінші вице-министр.

«Жанармай қымбаттауының тағы бір себебі: Ресейдегі жанармай өндіру зауыттарының бірінде орын алған апат. Онда қазір жұмыс тоқтап тұр. Сонымен қатар, Павлодар мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - деді Ұ. Қарабалин.

Сондай-ақ, ол бирфинг барысында ведомство ЖЖМ нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға барлық шараларды қабылдап жатқанын баса айтты.

«Бүгінде біз ЖЖМ нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Қазір еліміздің базаларында АИ-92 маркалы жанар-жағар майдың 95 мың тоннасы сақтаулы. Болашақта өзіміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жетілдіріп, дамытқаннан кейін, 2016 жылдан соң Қазақстан өз нарығын жанармаймен толықтай қамтамасыз ететін болады», - деп атап өтті Ұ. Қарабалин.

Оның айтуынша, қазіргі кейбір жанармай құю стансаларында жанармай тапшылығы сезілуде. Оның себебі 21 тамызда жанармай бағасын көтергенге дейін Ресейден жанармай тасымалдаушы көптеген компаниялар шығынға батпас үшін өз жұмыстарын тоқтатқан. «Енді жанармай бағасын көтеру туралы шешім шыққан соң бұрыннан бері Ресейден ЖЖМ тасып келген компаниялар қайтадан елге жанармай әкеле бастады. Осылайша бір-екі аптаның ішінде біртіндеп жанармай құю стансаларындағы тапшылық жойылады», - деді ол.

Дизельдік отынның бағасына байланысты өз ойын айтқан бірінші вице-министр, нарық жағдайының тұрақсыздығын алға тартты.

«Біз қазір нарықты бақылап, зерттеп отырмыз. Сондықтан дизельдік отынның бағасы көтерілмейді деп толық сеніммен айта алмаймыз. Бізді қоршаған мемлекеттердің барлығында баға біздікінен жоғары. Ал ашық шекара жағдайында мұндай жағдайға төтеп беру қиын», - деді Ұ. Қарабалин.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазір егін науқаны жүріп жатыр. Ал еліміздегі дизельдік отын шығаратын зауыттардың бір айлық өнімінің тең жартысы осы ауыл шаруашылық қажеттіліктеріне жұмсалуда.

«Көп мөлшерде дизельдік отын егін оруға кетіп жатыр. Бұл енді екі-үш айға созылады ғой. Біз ай сайын бағасы төмендетілген дизельдік отынның 170 мың тоннадайын ауыл шаруашылығына беріп жатырмыз. Бұл еліміздегі зауыттар шығаратын дизельдік отынның жартысына жуығы. Бірақ бұл қыстай жүрмейтін нәрсе ғой. Сондықтан осы көлемдер қайтадан нарыққа кіреді. Сол кезде дизельдік отыннан тапшылық болмайды деп ойлаймыз», - деді ол.

***

Тағы да осы күні, яғни 27 тамызда өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан бала туудың өткен ғасырдағы тарихи жоғары көрсеткішіне жетуі мүмкін екенін айтты.

«Жақында сарапшылар бізге жақсы статистиканы көрсетті. Биылғы бірінші жартыжылдықта 198 мың бала туған. Егер де осы қарқын сақталатын болса, онда жыл қорытындысы бойынша бала туу көрсеткіші 400 мыңға жетеді. Салыстыратын болсақ, бізде бала туу бойынша ең жоғары көрсеткіш тәуелсіздікке дейін, яғни 1989 жылы болды. Сол уақытта да 400 мың нәресте өмірге келген еді. Атап айтқанда, біз тарихи жоғары көрсеткішке қол жеткіземіз»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.

Г. Әбдіқалықованың айтуынша, аталған өсім 2017 жылға дейін жалғасады. Бұдан кейін бала туудың жоғары деңгейі 2024 жылы байқалуы мүмкін.

«Яғни, осы кезде тәуелсіздік жылдары өмірге келген репродуктивті тұрғыда денсаулығы жарамды адамдардың жаңа ұрпағы келеді. Сондықтан да біз осы демографиялық серпіліске дайын болуымыз қажет. Осы орайда арнайы алаңдарды, спорт клубтарын салып, аула клубтарын құру керек»,-деді ол.

***

Ал бүгін өткен ІІІ Ұлттық кардиохирургтер конгресінде Г. Әбдіқалықова соңғы үш жылда Қазақстанда  7 жүрек трансплантациясы жасалғанын мәлім етті.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы құрылғалы бері онда жүрек-қан тамыр жүйесін тексеру мен емдеуге арналған 15-тен астам инновациялық технологиялар енгізілгеніне тоқталған Г. Әбдіқалықова, «Соңғы 3 жылда Қазақстанда 7 жүрек трансплантациясы жасалды, оның алтауын Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының ұжымы жүзеге асырды. Сонымен қатар орталықтың жасанды жүрек қарыншасы имплантациясы бойынша операциясын жасауы Қазақстанға осындай операцияны жүзеге асыратын жоғары дамыған 20 елдің қатарына енуге мүмкіндік берді», - деді.

Оның сөзіне қарағанда, Тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 10 еседен астамға артты. Бұл өз кезегінде саладағы материалдық-техникалық базаны нығайтып, тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізімін кеңейтуге мүмкіндік берді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында қан айналымы ауруларынан өлім-жітім екі еседен астам көрсеткішке төмендеді.

Айта кетейік, конгреске 500-ден астам отандық және шетелдік дәрігерлер, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Олардың арасында 47 спикер - кардиология, кардиохирургия саласындағы әлемдік танымал мамандар.

Бұл шараның мақсаты - тәжірибе, идея алмасу үшін түрлі елдердегі кардиохирургтерді біріктіру.

онгресті Назарбаев Университеті мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Чикаго Университетімен және Бүкіләлемдік Кардиоторокалды хирургтер қоғамымен ынтымақтаса отырып, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ ұйымдастырды.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz