Жаһан

БҰҰ Бас хатшысы ядролық қарусыз әлем үшін күрескен қазақстандықтардың қайсарлығын атап өтті

БҰҰ Бас хатшысы ядролық қарусыз әлем үшін күрескен қазақстандықтардың қайсарлығын атап өтті

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттердің халықаралық күніне орай мәлімдеме жасады. Ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттердің халықаралық күні ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жыл сайын 29 тамызда атап өтіледі.

Осы күні 1991 жылы Қазақстан Семей маңындағы ядролық қару сынақтарына арналған полигонды жапқан болатын.  Осы күні 1949 жылы Кеңес Одағы бұл жерде ядролық қаруды алғаш рет сынаған еді.   Одан кейін бұл жерде 455 ядролық сынақ жүргізілген. Бұл әрекеттер жергілікті халық пен қоршаған ортаға аса ауқымды, орны толмастай зиянын тигізді.

«Мемлекеттік хатшы ретінде Хиросима, Нагасаки және Семейде жүргізілген ядролық қаруды сынағы мен ядролық қарудың пайдаланылуын  бастан кешкен ержүрек жандармен кездестім. Олардың батылдығы мен қайсарлығы біздің ядролық қарусыз әлем құруда қызмет етуін жалғастыруы керек», - делінген Пан Ги Мунның мәлімдемесінде.

БҰҰ Бас хатшысы ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттердің халықаралық күнінде  осындай сынды басынан өткеріп аман қалған адамдардың тарихын жаңадан бағалауды ұсынды.

«Бұл кісілердің сөздеріне құлақ түріп, мұндай жарылыстардың салдарын ой елегінен өткізіңіздер. Сол зұлматты өзіміз бастан кешкендей елестетуіміз қажет. Сонда ғана ядролық қару мен ядролық сынақтарға орын жоқ әлем құру қажеттілігін жақсы түсінеміз», - деді ол.

Сонымен қатар, ұйым басшысы  Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты бекітпеген мемлекеттердің азаматтарына, әсіресе 2-қосымшада жазылған және Шарттың күшке енуі үшін келісімі қажет мемлекеттердің: Қытай, Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы, Египет, Үндістан, Иран, Израиль, Пәкістан және Америка Құрама Штаттарының азаматтарына қаратып сөз сөйледі.

«Барлығымыз жұмылып ядролық қару сынақтарын тоқтатуды сұрайық, ядролық қарусыз әлем құру бойынша аяқталмаған шаруаны қолға алып, қауіпсіз және өркендейтін болашаққа жол ашайық», - деді Пан Ги Мун.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz