Саясат

Ел еркіндігі – зор байлық

Ел еркіндігі – зор байлық

Облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастыруымен «Даңқ залында» «Тәуелсіздік – біреу, ал, халық оған – тіреу!» атты іс-шара өтті. Іс-шараны аталған орталықтың ғылыми қызметкері Мадияр Ералыұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол еліміздің Тәуелсіздігі ең қастерлі құндылық екеніне, қазақ халқы осы күнге жету жолында талай кезеңдерді, оқиғаларды бастан кешкеніне тоқталып, жиналғандарды патриоттық тақырыптағы әңгімеге шақырды. Мұнан соң 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Талғат Кеншінбеков пен Света Иманқұлова сол ызғарлы күндер туралы естеліктер айтып, елдің көңілін толқытты. Мұнан соң «Даңқ залының» жетекшісі Сайлау Лесбаев, «Руханият және тарихтану» орталығының ғылыми қызметкері Фарида Медербекова өз ойларын білдірді. Жас ақын Елдар Боранбек әуелі Қайрат Рысқұлбековтің отты жырларын, кейіннен Тәуелсіздік тақырыбына арнаған өлеңін оқып берді. Жиын соңынан бірқатар азаматтарға Алғыс хат беріліп, құрмет көрсетілді.

Есет Досалы