Сахидың сөзжұмбақтары
Сахидың сөзжұмбақтары
Тараздық Сахи Әбдіразақовтың ән айтып, сурет те салатынын, домбыра мен сырнайда шебер ойнайтынын, орайы келіп жатса, той-думандарда асабалық та ететінін... тіпті уақыты болып жатса, «бас қатырғыш» құрастыру өнерімен де беріле айналысатынын екінің бірі біле бермейді. Екі бірдей жоғары оқу орнын – Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты мен Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін бітіргені тағы бар. Кезінде институтта, қалалық әкімдікте мәдениет, жастармен жұмыс салаларында белсенділігімен танылғанын білеміз.
Бүгінде ол облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту қызметінің басшысы болып жұмыс атқарады. Оқыған, меңгерген мамандықтарының, тіпті, қазіргі атқарып жүрген қызметінің де сөзжұмбақ әлемімен титтей де байланысы жоқ. Тек ермек ісі («хоббиі») ғана демесеңіз...
– Бұл іспен қашаннан бері айналысасың? – деп сұрадық. – Бұл өнер мені мектепте жүргенде-ақ, айрықша қызықтыратын. Кейін өзім де аздап сөзжұмбақ құрастыра бастадым. Ең алғашқы кроссвордым 1984 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көрді. Бұл кезде әскер қатарында жүрген едім. Ауылдағылар сол журналдың бірін хатпен салып жіберіпті. Сондағы қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейін мұндай дүниелерім түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдардың барлығына да шықты. Сәкең қарап отырмай, әңгімелесу барысында маған математикалық фокустардың бірінен соң бірін көрсетіп, таң-тамаша қалдырмасы бар ма?! Кубтың түбірін, бірінің астына бірін тізіп жазған бесорынды цифрлардың қосындысын, тіпті жасырған саныңның өзін көзді ашып жұмғандай уақыт аралығында тез әрі дәл тауып бергеніне тәнті болып, «Мынауың балаларға да, ересектерге де әбден қажет дүние екен» деппін. Ол осы сөзімді іліп әкетіп, «Мұның бәрі қазақта ертеден бар амалдар ғой. Алғашқы кітабым оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бірқатар мектептерде кезінде тиімді әдістемелік көмекші құрал ретінде де пайдаланылды. Кітабым «қара базарларда» әдепкі бағасынан екі-үш есе қымбатқа өткерілді деп естимін. Онымен оқып, танысқан жеткіншектер ойынды былай доғарып тастап, ой, сөз жұмбақтарымды шешумен айналысыпты. Қайсыбірінің кітабымды базардан да таппай, үйіме іздеп келгендері болды» деп біраз жайдан хабардар етті. Шынында да, оның есімін елге танымал еткен «Тапқырлыққа саяхат», «Сиқырлы әріптер» танымдық кітаптары екені анық. Оларда сөзжұмбақтар, анаграммалар, афоризмдер, сөзтізбектер, криптограммалар, стрелкограммалар топтастырылған, математикалық фокустар да бар. Жалпы, мұндай танымдық дүниелер орыс тілінде болмаса, қазақша тым аз көлемде шығарылады. Түрлі басқатырғыштар құрастыру өнері де елімізде енді-енді ғана қолға алынып, қауырт өрістей бастады. Сапарға шыққан жолаушы, түздегі малшы, базардағы сатарманның да қолы істен сәл босай қалса-ақ сөзжұмбақ шешумен болып жататын үрдісі өмірімізге келді. Ең бастысы, қазақ үшін тосындау, Ж. Елшібеков, Т. Иманбековтер «ізашарлары» болып саналатын ой-танымдық осынау салада жерлесіміз С. Әбдіразақовтың да таныла бастауын тек құптауға тиіспіз. «Қиын сала, негізі. Тарихтан да, жағрафиядан да, жаратылыстанудан да, бар ғылым саласынан хабардар болуың керек. Қандай да бір басқатырғышты болсын құрастырып әзірлеуге кейде бір күн ғана кетеді. Апталап, айлап толғатумен жүретінің бар. Керек деректі кейде кітапханалардан іздестіруіңе тура келеді. Құнды деректерді бірер жолға сиғызып, түйіп беру ғой мақсат. Ерінбеген адамның ісі. Көп уақытың кетеді... Әлемдегі «Жұмыр жер» атты мыңға жуық сұрақ қамтылған ең алып сөзжұмбақты, ұмытпасам, ағылшынның математик ғалымы жасады. Менің де осындай дүние жасағым келеді. Біреуін бастап та қойдым» дейді ол. Гетенің «Уақыттың босқа кеткеніне оны бағалайтын адам ғана налып, қынжылады» деп айтқанындай, Сахидың бос уақытын өзіне де, елге де тиімді боларлықтай етіп өткізуі шынында да үлгі етерлік-ақ іс.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.