Жұрттың ықыласы әрқашан жүрегімде
Жұрттың ықыласы әрқашан жүрегімде
Қанат БОЗЫМБАЕВ, облыстың бұрынғы әкімі. Жамбыл облысында әкім болып төрт жылдан аса еңбек еттім. Ғасыр жасаған қарт жыраудың есімін иеленген өңірдің өсіп-өркендеуіне осы қысқа мезгілде сонша үлес қостым деп айта алмаймын. Әйтеуір қолдан келгенше еңбек еттік. Алға қойған мақсат – маған дейін облыс басқарған азаматтардың игілікті ісін жалғастырып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру еді. Оңтүстіктің осынау киелі өңірі мен үшін шыңдалу мектебі болды. Мұнда жасампаз халық тұрады. Менің осы елге деген алғысым шексіз. Алдыңғы толқын ағалар ақылын айтты, әр саладағы басшылық қызметтегі азаматтармен қандай да бір ортақ шаруаны пікірлесіп, бірге шешіп отырдық. Облысқа басшылық еткен жылдары ел есінде қалатын айтулы оқиғалар да аз болған жоқ. Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Тараз қаласында өткен республика химия өндірісі жетекшілерімен кездесуінде Ресейдің «ЕуроХим» компаниясының Қаратау өңірінен фосфор кенін игеруге келуге түрлі кедергілерге кезігіп жатқанына назар аудардым. Сол алқалы жиын үстінде-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке, тиісті министрліктерге нақты тапсырма берді. Сең қозғалды. Көп ұзамай алып елдің алпауыт компаниясы Жаңатас пен Қаратау қалаларында өкілдіктерін ашып, Сарысу ауданының «Бұзаушоқы» шатқалында жер қыртысына алғашқы жарылысын жасады. «Қордай-Шу» газ желісінің ашылуы да сол жылдармен тұспа-тұс келді. Өмір болған жерде түрлі жағдайлар болады. Қатты дауыл салдарынан Сарысу және Талас аудандарында болған төтенше жағдай есімнен шыққан емес. Ауылдарға қарағанда Жаңатас пен Қаратау қалалары қатты зардап шекті. Орын алған төтенше жағдай туралы Елбасына шұғыл хабардар етіп, Үкіметтен жедел көмек жетті. Күнде немесе күнәра осы екі қалаға барып, қалпына келтіру жұмыстарын қадағалаумен болдық. Сол бір қиын-қыстау күндері жаңатастықтар мен қаратаулықтардың төзімділігі мен шыдамдылығы тәнті етті. Аз уақытта бүлінген дүние қалпына келді. Осындай шыдамды да, сабырлы халқы бар – Жамбыл жұрты жүрегімде. Облыста азды-көпті қолтаңбам қалып, ізім түскеніне кей-кейде қуаныш сезімі билейді. Тотыдай таранған Тараз, құлпырып жатқан ауыл-аймақ одан сайын гүлдене берсін! Мерейлі мереке, 80 жылдықтарың құтты болсын, жамбылдықтар!