«Til janashyry» тірегіміз
«Til janashyry» тірегіміз
Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі ғимаратының мәжіліс залында облыс әкімінің «Til janashyry» жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Оған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, жүлдегерлерді құттықтады. Облыс әкімі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілінде сауатты сөйлеуді жастар арасында кеңінен насихаттау, туған тілге деген жастардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында тағайындалған жүлденің маңызы биік екеніне тоқталып, алдағы уақытта да тіл жанашырларына үлкен қолдау көрсетіле беретінін айтты. Облыс әкімінің «Til janashyry» жүлдесі 7 аталым бойынша өтті. Лауреаттарды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияға 20 адам құжат тапсырған. Байқау комиссиясы жұмысының нәтижесінде ең үздіктері анықталды. Атап айтқанда «Тіл майталманы» аталымы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ үздік деп танылса, «Тіл тірегі» аталымын облыс бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген иеленді. «Тіл жаршысы» аталымы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаманға бұйырса, «Тіл сақшысы» аталымы облыстық «JAMBYL» телеарнасының тілшісі Данияр Асқарұлына берілді. «Тіл білгірі» аталымына Байзақ ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының биология және география пәнінің мұғалімі Евгений Кравчук, «Тіл – қазына» аталымына М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі, филология магистрі Балмира Мырзабаева, «Тіл мерейі» аталымына «Жасыл ел» еңбек жасақтарының төрағасы Әлібек Мұратбаев ие болды. «Тіл майталманы» атанған белгілі ғалым Сәмен Құлбараққа жүлдені облыс әкімі Асқар Исабекұлы өзі тапсырды. Өзге жеңімпаздарды да облыстың белгілі азаматтары құттықтап, марапаттады. Бұл марапат қасиетті қазақ тіліне деген жанашырлықтың толастамай жалғаса беретіндігін көрсетті. Аталған байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының белсенді жұмысын айта кеткен жөн.
Есет Досалы