Жамбыл электршілері еңсерген биіктер
Жамбыл электршілері еңсерген биіктер
Желтоқсан айының үшінші жексенбісі – Энергетик күні. Облыстағы осы саланың қызметкерлері де кеше өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Бұл күні Тараз қалалық Мәдениет үйінде атаулы күнге орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада мемлекеттік Әнұран орындалып, одан кейін сала ардагерлеріне гүл шоқтары тапсырылып, құрмет көрсетумен басталды. Бұдан кейін «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-ның бас директоры Әлихан Жарболов баяндама жасап, жиналған жұртшылық өкілдерін ағымдағы жылдың он айында атқарылған жұмыстардың қорытынды нәтижелерімен, өздерінің алға қойған мақсаттарымен таныстырды. Оның айтуынша, сала мамандары электр желілері мен жабдықтарын сапалы жөндеулерден өткізіп, күзгі, қысқы кезеңдердегі жағдайларға сақадай сай дайын етуге күш жұмылдырып, аянбай еңбек етуде. Есепті кезеңде барлық деңгейдегі кернеуліктерге ие 1610 километрлік электр қуатын тарату желілері мен 345 қосалқы стансаның трансформаторлары күрделі жөндеулерден өткізілген. Сондай-ақ 74 23 километрлік қосалқы электр тарату желілері мен 1312 қосалқы станса трансформаторларының жабдықтары ағымдық жөндеумен қамтылыпты. Жалпы, бұл мақсатқа 493 миллион теңге жұмсалған. Әлихан Бірімжанұлы энергетиктер қауымын төл мерекелерімен құттықтап, олардың күш жұмылдыруымен салада мұндай жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретіндігіне сенім білдірді. Бұдан кейін Жамбыл облысының Құрметті азаматы, экс-сенатор Александр Савченко мен Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев өздерінің мерекелік құттықтауларын жеткізіп, жалпы облысты электр қуатымен қамту ісінің айрықша қажырлылық пен тынымсыз еңбекті қажет ететінін атап өтті. Айта кету керек, жалпы салада айрықша елеулі жетістіктерімен танылған өндіріс үздіктері көптеп саналады. Бұл күні олардың бірқатары «Қазақстан электр энергетикасы кауымдастығының», Энергетика министрлігінің, облыс әкімінің, Жамбыл электр жүйесі мекемесінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. «ТМД еңбек сіңірген энергетигі», «ҚР құрметті энергетигі», «ҚР энергетика саласының ардагері» атақтары да осы кеште иелерін тапты. Аудандық электр тарату жүйелері арасында үздік деп танылған мекемелерге заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Баймаханбет Ахмет