Әлеумет

Қордай – тарихы терең, келешегі кемел мекен

Қордай – тарихы терең, келешегі кемел мекен

Ұлы Жібек жолының бойында ақ басты Алатау мен қазыналы Қаратау түйіскен тұста орын тепкен біздің Әулиеата өңірі тарихы тереңнен бастау алатын, халқының береке- бірлігі жарасқан елдіктің тұғырлы мекені болса, оның ішінде ежелден жердің киесінен елдің иесіне құт қонған, қасиет дарыған Қордай жерінің жөні бөлек.

Елін, жерін жаудан қорғаған батырдың есімімен аталатын өңірдің тарихы тым тереңнен тартылады. Бұл өңір де барша қазақ жері басынан не кешті, соны өткеріп келеді. Қазақ халқының азаттық жолындағы ұлы жеңісі – «Аңырақай шайқасы» осы Қордай жерінде өткен. Көк найзасы көк тіреп Қарасай, Өтеген, Жолбарыс батырлар өтті бұл өңірден. Қазақтың елім деп еңіреген ержүрек ұлы, соңғы ханы Кенесарының соңғы шайқасы өтіп, ақтық демі үзілген жер де осында... Жүйелі сөзбен қара тасты еріткен, аса ділмар Кебекбай шешен, көреген де көсем Ноғайбай би ше? Саңылақтай сар желген Сарыбас ақын мен күміс көмей, жез таңдай Кененді кім білмейді. Он саусағынан бал тамған Байсерке күйші, көмейі бүлкілдеп Тілеміс шешен де өткен бұл маңнан. Қордай ауданы ресми түрде 1928 жылы 17 қаңтарда Алматы округінің құрамында құрылды. Тарихқа үңілсек, орыс патшалығы кезінде Жетісу облысы құрамында Верный және Пішпек уездері құрылып, қазіргі Қордай ауданының аумағы Пішпек уезіне қарап келді. Кеңес үкіметі орнаған тұста бұл уездер РСФСР құрамында алғаш Түркістан Республикасының, 1924 жылдан Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының (ҚАССР) құзырында болды. 1936 жылы Қазақстанның автономиялы республикадан одақтас республикаға айналуы себепті оның әкімшілік-аумақтық бөлінісіне өзгерістер енгізіліп, жаңадан бірнеше облыс құрылады. Осылай, 1939 жылы 14 қазанда Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының шекаралық аудандары есебінен бой көтерген Жамбыл облысына Алматы облысының үш ауданы – Красногор, Шу және Қордай аудандары өтті. Красногор ауданы кейіннен, 1957 жылы таратылып, оның Ақтерек, Дегерес тағы басқа елді мекендері Алматы облысында қалып, қалғаны Қордай ауданының құрамына берілді. 1973 жылы Красногор ауданы қазіргі Отар, Кенен, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Алға, Ноғайбай, Қақпатас ауылдық округтері шекарасында қайта құрылғанымен, он бес жылдан соң, 1989 жылы шілдеде Қордай ауданымен біржолата бірікті. Сөйтіп, ауданның қазіргі жер аумағы 8973 шаршы шақырымды құрайды, отызға тарта ұлт өкілдері тұрғындарының саны 150 мыңнан асады. Олар үлкенді-кішілі 41 елді мекенде 19 ауылдық әкімшілік аймақтарда қауымдасып өмір сүріп келеді. Қордайдың шын мәнінде қасиетті, киелілігінен шығар, бір кезде мұнда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан Бұқарбайқызы, ірі лингивист ғалым, академик Нығмет Сауранбаев, физика-математика ғылымының докторлары, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев, Сәрсенғали Әбдіманапов, Жұмәділ Байгөншеков, Тілектес Есболов, қазақ қыздары арасынан үш мәрте министр болған Балжан Бөлтірікова, қазақтың тұғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров, Матан Мұраталиев, Өмірбек Байділдаев, Мұрат Құсайынов, Асқарбек Сейілханов сынды белгілі өнер қайраткерлерінің, Сансызбай Сарғасқаев, Рза Қунақова, Марал Ысқақбай, Несіпбек Дәутайұлы тәрізді танымал ақын-жазушылардың кіндік қаны тамған жер. Еліміз тәуелсіз мемлекет болып өз тізгіні өз қолына тигелі тарих беттері қайта парақталып, тоталитарлық жүйенің қасаң саясатының әсерінен аттары нақақтан-нақақ өшіріліп келген ұлтымыздың бірегей тұлғаларының есімдері қайта жаңғырып ортамызға оралуда. Қордайда да көкірек көзі ояу, ел бірлігін, халықтың толайым тағдырын көксеуші, өткенімізді құрметтеуші қариялардың ой салуымен, оны іскер де алымды жастардың қолдауымен талайлы тарихымызға құрметімізді танытатын көптеген елдік шаралар жүзеге асырылып келеді. 1995 жылы Алмалы ауылында Қарасай батыр мен жаужүрек ұрпақтарына арналған ескерткіштер кешені ашылып, негізінен батырдың ұрпақтары мекендейтін осы ауылға Қарасай батыр есімі берілді. 1999 жылы Өтеген батырдың бейітінің басынан сәулетті кесене, аудан орталығында үлкен ескерткіші орнатылып, 300 жылдық тойы өткізілді. Кеңес ауылына Өтеген батырдың есімі берілді. 2002 жылы жүйелі іздестірулердің нәтижесінде Қордай асуынан Қордай батырдың сүйегі жерленген жер анықталып, басына «Қордай батыр I-II ғасыр» деп жазылған белгітас орнатылды. Сондай-ақ, Кебекбай шешен, Ноғайбай би, Кенен Әзірбаевтың әрқайсысына арналып ас-жиындар өткізіліп, ескерткіштері қойылды, ауылдарға, көшелерге есімдері берілді. Алдыңғы жылы ғана аудан орталығының іргесіндегі Қасық ауылына Нұрсұлтан Назарбаевтай әлем таныған дана перзентті өмірге әкелген ардақты ананың есімі беріліп, Әлжан ана мұражайы ашылды. Әрине, ескерткіштер еріккеннен тұрғызылмайды, олар тарихты терең түсіне отырып, ұрпақтары мен жерлестерін рухтандыратын күш береді. 2016 жылы қордайлықтар кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай тағы бір ұлағатты істі жүзеге асырды. «Алматы–Ташкент» автожолының Отар қиылысында өз дәуірінің халыққа танымал тұлғалары Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би және әнші-композитор Кенен Әзірбаевтай төрт тұлғаны қатар әспеттеген бірегей ескерткіш-монумент орнатылды. Тоғыз жолдың торабындағы ескерткіштің тағылымдық мәні зор. Төрт тұлғаға арналған сәулеттік нұсқасы ерекше ескерткіш сонадайдан көзге түседі. Күре жолдың бойындағы төбешікте бой көтерген төрт биік діңгектің басы шаңырақпен біріктіріліп, ортасына үлкен тайқазан қойылған. Яғни, төрт құбылаң тең, шаңырағың биікте болсын, қазаның оттан түспесін дегенді білдіреді. Ал, төрт діңгектің әрбіріне жоғарыда айтылған төрт тұлғаның есімдері жазылып, бейнелері бедерленген. Төңірегі абаттандырылып, сонау төменге дейін баспалдақтар жасалған, орындықтар орнатылған. Сөйтіп, ерсілі-қарсылы өткен жолаушылар аялдап, толайым тарихымызға ой жүгіртіп, ерлік рухына тағзым ететін қасиетті орынға айналды.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.