Әлеумет

Марғасқа

Марғасқа

«Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды».

(Жүсіп Баласағұн).

Қазақстан Жазушылары мен Журналистері одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мақұлбек Рысдәулеттің ел үшін сіңірген еңбегі зор. Ол ғибратты ғұмырының соңына дейін қасиетті Тараз, Әулиеата, Жамбыл өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын ұдайы жазып, тарихын зерделеуде жемісті еңбек етті. Халықтың рухани байлығын өркендетуге сүбелі үлес қосты. Республикалық газеттерде меншікті тілші болып қызмет істеп жүрген кезде облыстағы көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал жасады. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Аманкелді газын игеру туралы проблемалық мақаласы табиғи газдың ел игілігіне айналуына мұрындық болды. Ол – көркөмсөздің шебері де болатын. Көзі тірісінде он бестен астам кітабы жарық көрді.Оның іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті облыстық «Ақ жол» газетінде бас редактор болғанда жарқырай көрінді. Мақаң журналистерді тәрбиелеп, білікті маман даярлауға ерекше көңіл бөлді. Қазір олар облыстағы мерзімді басылымдарда жемісті еңбек етіп жүр. Міне, абзал азаматтың өмірден өткеніне де 40 күн болып қалыпты. Біз осыған орай Мақаңның досы, белгілі қаламгер Көпен Әмірбектің естелік-эссесін жариялап отырмыз.

Көпен ӘМІРБЕК, белгілі сатирашы-ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Оқуға түстім. КазГУ-ге. Журналистика факультетіне. О заманда оқуға түсу патшаның тағына отырғаннан артық еді ғой. Жүзіміз нұрлы, жүрегіміз таза. Бірінші курс. Елу студентпіз.Тоғызы – қыз, қырық бірі – қылшылдаған жігіттер. Содан бері де елу бір жыл өтіпті-ау! Сол қырық бірдің бірі – «маң, маң, маң басқан, шудаларын шаң басқан» атан түйе секілді апай төс, маңғаз мінезді Мақұлбек болатын. Келбеті де келген. Бадырақ көз. Тұлғасы да, тұрпаты да баяғының батырларындай. Нағыз нар жігіт! Таудан аққан тас бұлақ, Құймай қоймас теңізге. Жақсы атадан туған ұл, Тартпай қоймас негізге! – дегендей, кейін білдік, біздің марқасқа Мақұлбегіміз алты алаштың аузындағы Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов, Шерхан Мұртазаның кіндік кескен Жуалы жерінде дүниеге келген екен. Парасатты ойы бар, сабырлы, өткір сөзі бар. Ұқсап тұр. Кеңес өкіметінің «кестесі» бойынша күллі студент ауыл шаруашылық жұмысына жегілетін. Тың өлкесіне барып егін орағына қатысады, оңтүстікте мақта тереді, құрылыс отрядын құрып, үй тұрғызады немесе ала жаздай пойызда жолсерік болады. Біздерді Алматы облысының Шелек ауданындағы «Қазақстан» жеміс-жидек совхозына апарып жүзім тергізді. Бәріміз жүзімдікте табыстық. Таныстық. Байқаймын, шеттерінен арыны қатты өзендей. Аузын ашса жыр шумақтары төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр! Екі күннің бірінде жыр мүшәйрасы. Суырылып шығып өлең оқиды. Дүбірге қосылайын десем, поэзиядан жұрдаймын. Өлең жазбаймын. Көкшетаулық курстасымыз Мұхамедияның бір дәптер лирикасының ішінен көңіліме қонған бес-алты шумағын жаттап ортаға мен де шықтым. – Мынау сенің өлеңің бе? – деді Мақұлбек. – Жоқ, менікі емес. – Енді кімдікі? – Мұхамедияныкі. – Өзі неге оқымайды? – Оқи алмайды. – Е, неге, мылқау ма? – Жоқ. Ептеп кекештігі бар, ұялады. – Біреудің байлығын арқалап бай болам деп жүрсің бе? – деп теріс айналды. Сол сөзі шаншудай қадалды. Бірақ үндемедім, іштей ренжідім. Бір қарағанда оныкі де дұрыс. – «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» сүйреп жүрсің бе әлі?! – деді бір күні. Тиісті. Сосын: «Әй, неге өзімдікін оқымаймын. Лирикам болмаса да сатирам бар ғой» деп тынышталдым. Бейімделдім. Дайындалдым. Қазір ойласам, Мақұлбек мені қайраған екен ғой... Жүзімдік алқабына бәрімізді автобуспен алып барып, алып қайтады. Тойдан қайтқан қазақтар секілді жол-жөнекей ән шырқайды. Курстастарымыздың ақындығын былай қойғанда, шеттерінен әнші. Әсіресе, Әсет Бейсеуовтің «Мұңайма» деген әні жастық шақтың желбіреген жалауындай. Сөзін Оспанхан аға жазыпты. Асқанбай мен Мырзан жеке дауыста орындайды да, қайырмасына келгенде бәріміз қосыламыз. Жаралғандай сағыныштан, Қайда сенің жақсы әнің? Жүрегімді жарып ұшқан, Дауысыңды аңсадым. Мақұлбек не өлең оқымайды, не әнге қосылмайды. Тым-тырыс. Біртоға. Таудың тасындай қозғалуы қиын. «Мына жігітті биыл тастап кетсең, келесі жылы осы жерден тауып аласың-ау!» деп ойладым. «Ең жақсы сөз – айтылмаған сөз» дейді ғой данышпандар. Шынында да, ішіне сақтаған құпия сөзіңе өзің ие, өзің қожайынсың. Ал ауыздан шыққан сөзге әркім иелік етіп, өзінің ыңғайына қарай пайдаланбай ма? Солай! Айтылмаған сөз – қазынаң. Мақұлбек қазыналы студент болды. Бірінші курста екеуміз классикалық грек-рим күресіне қатыстық. Денені қыздыру үшін жүгіреміз, иілеміз, бүгілеміз. Кір тасын көтереміз. Жалғыз штанга жалпымызға жете ме, бірімізді-біріміз арқалап спорт залының ішінде жүгіреміз. Күндердің күнінде Қаратаудың тасындай қаңлының тұқымын маған арқалатып қойды. Әуелгіде: – Ауыр ғой! – деп шегіншектеп ем, Жамбылдың тумасы Тоқтахан Абаев деген жаттықтырушымыз: – Көтер! – деп бұйырды. Ағайдың айтқаны заң, амал жоқ арқаладым. Арқама мініп алғасын екі өкпемді тепкілеп: – Оңға жүр, солға жүр, тоқта! – деп құлақ кесті құлындай әмірін жүргізді. Байқасам, баладай қылжақбас мінезі бар екен. – Бала кезде есекті ерттемей мінуші ек. Есек айтқанды тыңдайтын. Сен не... есек құрлы жоқсың ба? – деді Мақұлбек көк желкемді шұқып. «Түс» десем, түспейді. Есектей тоңқып, етбетінен түсірдім. Одан кейін мінген жоқ. Қазір ойлаймын: «Сексен кілә пәлені көбірек тасығанымда бұдан да гөрі шымыр болар ма ем, қайтер ем?!» деймін. Айтты не, айтпады не, студенттік шақтардың сағымға айналған сағынышты сәттері ғой бұл. Үшінші курста бірге оқитын қызға үйленді. Арқаның аруы. Қарағандыдан. Дәметкен Ахметова. Пысық. Қайнап тұрған қыз. Орысша сөйлесе орыстардың аузын аштырмайды. Неміс тіліне де жетік. Дәметкеннің немісшесі біздің орысшамыздай. Мақұлбек ол қызды қашан айналдырды, қашан махаббат құрды – ешкім білмейтін. Бір-ақ күнде жария етті. Содан боз кілемдегі күресті тастады да, біржола Дәметкен жеңгейімізбен «күресіп» кетті. Мақұлбек пен Дәметкеннің қосылғаны жан досымыз Нұрмахан Өзбеков екеумізге жақсы болды. Футбол, хоккей болатын күндері жалдамалы пәтеріне барып жалға алған теледидарынан сол ойындарды тамашалаймыз. Мақаңның туған күніне Нұрмахан екеуміз екі жыл қатарынан ЦК-ның маңайындағы әдемі гүлдердің бір шоғырын жұлып әкеп, сыйлаған күндер естен шыға ма?! Адамның ғұмыры да төрт маусымнан тұратын бір тұнық табиғат сияқты ғой. Жастық шақ – көктем, бүкіл бітім-болмысың бүршік жарып, көктей бастайсың. Үй болып, үйленгесін жаз секілді жадырайсың, жапырағың жайылып, діңгектен өскен бұтағың көбейеді. Ұлың – ұяға, қызың – қияға самғап, немере сүйген жылдарың жапырағы сарғайса да жемісін төккен алтын күзден аумайды-ау! Бірте-бірте қыс келеді. Ол маусым – қар жамылған қара ағаш сияқты. Қалтырап тұрасың. Пайғамбар жас – алтын күз. Ілгерілі-кейінгі заманда аумалы-төкпелі күн кешіп, өткінші дүниені сүзгіден өткізген ата-бабаларымыздың әр жасқа берген бағасы бар. Он бестегі жасым-ай, Жарда ойнаған лақтай. Жиырмадағы жасым-ай, Көлге біткен құрақтай. Отыздағы жасым-ай, Таудан аққан бұлақтай. Қырық деген жасыңыз, Қырымдағыға көз салып, Байлаулы тұрған құр аттай. Елу деген жасыңыз, Қайта көшкен ел екен. Алпыс деген жасыңыз, Қоңыр салқын күн екен. Жетпіс деген жасыңыз, Желмаяға мініп ап, Жерұйығын іздеген Асанқайғы атаңдай... Әрі қарай 80, 90, 100... Қыстың да қызығы бөлек. Шөбере-шөпшек сүйесің. Шөпшектерің «Ата!» деп мойныңа асылғанда, сірескен сүңгің еріп, тамшы тырс-тырс тамады. Ол да ғажап тылсым дүние ғой. Сәл шегініс жасайық. Алғашқы курстың соңына таман әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов пен Виктор Пұсырманов факультеттерді аралап жүріп, біздің арамыздан түйедей-түйедей төрт жігітті іріктеп, «Қыз Жібек» фильміне түсу үшін аттай қалап алып кетті. Соның бірі – Мақұлбек. Жауынгердің рөлінде ойнайды. Ала жаздай Күрті өзенінің бойындағы Тасқотанда Нұрғиса Тілендиев, Асқар Сүлейменов сияқты біртуар азаматтармен және Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбеков секілді актер ағаларымен араласып, әңгімелерін құлағына құйып, есейіп оралды. Дүниетанымы, түсінік-түйсігі, тіршілікті қабылдауы мүлде бөлек. Байпағын сүйреткен бала Мақұлбек емес, басқа Мақұлбек. Байыпты Мақұлбек. Екінші курстың соңында балалар мен жасөспірімдер театрының сол кездегі бас режиссері Виктор Пұсырманов арнайы іздеп кеп, Мақұлбекке «құда» түсті. – Мына оқуды таста. Біздің жастар театрына кел, үлкен рөл берем. Сен табиғи әртіссің! –деді. Ол: – Ойланайын! – деді. Режиссер: – Ойланба! Сен әйгілі киноактер Ватоевқа ұқсайсың. Сәл-пәл жетілсең Рүстемнің рөлін ойнаған Ватоевың далада қалады. Әуелі сахнаға шық. Шеберлігіңді шыңда. Бірте-бірте киноға түсесің. Біздің «Қазақфильм» былай тұрсын, сені «Мосфильм», «Ленфильм» шақырады! – деп қызықтырып, бір жылдай айналдырғаны бар. Көнбегесін: – Кейін өкінесің. Айтпады деме, өкінесің. Өзің біл, Тарзан! – деді режиссер өкпе-назын байқатып. «Тарзан деген кім?» дейсіз бе? Мақұлбек қой. Диплом алғанша оны үш түрлі айтатынбыз. Азан шақырып қойған аты – Мақұлбек. Жеңгеміз – Мәулен дейді. Біздер «Тарзан» деп кеттік. Оның да себебі бар. «Қыз Жібек» киносына түсіп жүргенде өзен бойындағы биік ағаштың басына шығуды әдетке айналдырса керек. Шіркін, жастықтың жалыны-ай! Қой десе де қоймайды. Бір күні ағаштың түбінде дастарқан жайып дамылдап отырған актерлер Мақұлбекті жоғалтып алады. Әрі іздейді, жоқ, бері іздейді, жоқ. Сөйтсе бәйтеректің ұшар басына шығып алыпты. – Әй, құлап өлесің ғой, мұның не? Түс! – десе: – Я – Тарзан! – дейді екен шыңғырып.Сол дәуірдегі Американың «Тарзан» киносына еліктегені шығар. Кім біледі, сол Тарзанымыз режиссердің сөзіне ергенде, ағаштан-ағашқа секірген «Тарзан» секілді әлемге әйгілі актер болар ма еді? Құлап қалуы да мүмкін ғой, ә? Мертіксе ше? Құдай сақтасын! Онда Дәметкен жеңгем кімнің түтінін түтетер еді? Жезқазған облыстық газетіне 20 жыл бойы кім қалам тербер еді? «Халық кеңесінің», ел газеті «Егемен Қазақстанның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері кім болар еді?.. Қазақстан Жазушылар одағының бір мүшесі кем болар еді-ау!. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы» деген тарихи-танымдық кітаптарды кім жазар еді? Бәрінен де бұрын Ботакөз, Нұрбек, Нұрқуат деген ұл-қыздары мен немерелері бар. Біріне – әке, біріне – ата! Шүкір, шүкір! Мақұлбек досым Пайғамбар жасынан асып, зейнетке шыққанда той жасады. Бардық. Сый-сияпатым мен сыйластығымды өлең арқылы өрнектеп ем-ау сонда. Шіркін, жастық! Жастық шақта – бәрі ыстық, Тай кезден-ақ тапырақтап таныстық. КазГУ біздің басымызды қосқанда, Мойнымызда болмады ғой галстук. Бұрымы бар, Мұрыны бар сәл істік, Қайнататын қара тасты қаны ыстық, Үйленсең де Сарыарқаның қызына Мойыныңа таққан жоқсың галстук.

Бес жыл бойы білім қуып жарыстық, Жарыстық та жарасымды табыстық. Дипломды алған кезде о, Мақа, Бірінші рет тағып алдың галстук.

Сені Құдай жаратқан ба Арыс қып, Таныс іздеп тапқан жоқсың табыс түк. Қызық қумай, Қызмет қып еліңе, Бар тапқаның – мойныңдағы галстук.

Жастық шақты жіберсе де алыс қып, Өткен өмір өрттей жанды, табы ыстық, Тірі адамның Тіршіліктен тапқаны – Қыл мойынды қылғындырған галстук.

Беу, дүние! Бұл өмірдің дәмі ыстық, Ыстық дәмнен татамыз деп алыстық. Ыстық, ыстық ықыластың белгісі – Саған тағы сыйлап тұрмын галстук.

Жетпістен асқан шағыңда қара жердің қойнына кірген қайран досым-ай! Артыңда алтындай ұл-қыздарың мен несібесі мол немерелерің, сосын том-том тозбайтын мұраң қалды. Жалған өмірдің жарнамасындай галстугің ілулі тұр. Басынан асырып байлай қоятын мойын қайда? Жатқан жерің жәннатта болсын!

Нұр-Сұлтан қаласы.