Әдебиет

Фәнилік драма (рубаяттар)

Фәнилік драма (рубаяттар)

– Келмесе де әзәзіл тіліне ергің, Жолын қума жолбике «ірілердің». Заңды сыйла, ей, шырақ! Талап етем, Заңды жазған депутат бірі – менмін. * * * – Болсам да дос баламен – келешекпен, Бір досым жоқ, о, сұмдық ересектен!.. – деп ем Һәйям, Хафиздер дүрсе қойды: «Біз қайдамыз?!.. Шығардың неге есептен!?..». * * * – Ауырған да жақсы екен!.. Нанамысың? – Әзілің бе... жоқ әлде баламысың?.. – Жазылатын күніңді той күткендей күтсе ағайын – жан рахат табады шын! * * * – Түнерместен бұзылған шақта шырық, Жарқылдайсың жатпай-ақ бақты асырып!.. Сендей болса-ау жан біткен кетер ме еді, Мына дүние қабағы қатты ашылып? * * * – «Мына жұрттың деп санап бәрін қасың, Өзіңе-өзің дүниені тарылтасың!..». Қанша айтсам да осыны бір қоймадың... Ал мен қойдым!.. Бетіңнен жарылқасын!.. * * * Ойы – бұзық, ізгілікті сөз еткен – Әне, нағыз тебетін жау өзектен! Бақтың құсы қонса соған, бұрынғы жаман күнің болар жақсы тез өткен... * * * – Дүниенің түссем де жолына қай, Жер-жаһанда жаныма толып арай... Бір түс көрдім!.. Қажет пе – ақыл берем, Ал түсімді... берем, дос, оны қалай? * * * – Дегенмен, «Ала бергін, қопарып қал!» Жұлынып, түбірінен оталыпты Ар! – Жыртқыштық. Ал жыртқыштың түптің түбі алдынан ашылатын зоопарк бар... * * * – Жылы лебіз... О, шіркін жылы лебіз!.. Жақсылықтың жарқылы мұны деңіз. Жабырқау жан жапырақ жайса қайта, Көңіл көзге тосады гүлін егіз... * * * Құлап таудан қаптаған басына мұз, Тоқтау болмай ол таудың тасы да құз, Асықса өзен теңізге... өлгені де... Ал біз байғұс қайда осы асығамыз? * * * Сезіледі «Өрте, мейлі, сілте!» деген, Білмеймін – енді әйтеуір ірке берем. Неге іркем?.. Білемін ғой кетерімді, Келмеске ертең кетер бір кемемен... * * * – «Өлсем» деуің... Ей, мұның одағай тым! Сен емессің ажалды жобалайтын. Керектеусің, мен білсем, сен фәниге, Бақида көп сендейді он орайтын. * * * – Мен осы қашан мәз боп көңілденем? Не қызық бар көзге әлі көрінбеген?.. Заманмен бір келісіп, бір келіспей, Әйтеуір өтіп жатыр өмір деген... * * * – Құшса да құйрығы от, жалы жалын, Қорғасқан жаудан қазақ жанын, арын, Тұлпардың көзісің ғой, аман жүрші, Тортөбел, айналайын, жануарым! * * * Бақпен, тақпен қоштасса жылап адам – Есуастау немесе сірә надан. Қайдан тұрсын бақта олар тұратындай аспанда Ай, Күн барында мына ғалам?.. * * * Келмейтін дос яки туыс деуге, Көбейді-ау, көп ішінде қуыс кеуде! Неліктен? Зардабы ма замананың?.. Онда оны зорлаған кім мұны істеуге?.. * * * – Екіленіп, екі езу сабынданып, Өлең жазғыш өлермен жанын жанып! – Өлең дейсің... сандырақ шығар ертең тұра алмайтын ой-сезім шамын жағып? * * * Естігенім данадан сұрап тұрып: – Анықтайды тағдырды бір-ақ қылық! Асқарына адамдық ап шығар ол, Жіберер де тағы сол құлаттырып... * * * Жаңа әлгінде түс көріп бір ғажайып, Түрлі кірбің сейіліп, мүлде азайып, Мөлдіреді көңілім көк аспандай!.. Түспен бірге болмаса-ау бұл да ғайып... * * * Кезде өзіңнен Күн мен Ай тасаланған, Қайғыдан да таяныш жасап алған, Сенде қандай құдірет?.. Әй, шамасы... бәрі солай жаратқан Жасағаннан. * * * Шыннан ба осылардың теңі еткені? Тіл табам қалай ғана, не деп тегі?!.. Айналам абалаған ит боп тұрса, Арсылдап мен де үруім керек пе еді?.. * * * – Мендегі сен сүйінген сөнді жалын... Білмеймін не боларын енді, жаным. Жылытып жүр тек жалғыз Күн – сендік рух, Байғұсты көзі мұңды, көңлі жарым... * * * – Қара, дос, мына заман бой-басына: Зұлымдық көрдің бе – оны жой, жасыма. Қайсар бол! Жан-жүрегің айналмасын, Күйреген күресіңнің қоймасына!.. * * * Өмір деген ғарасат жорықта адам, О, нелерге бетпе-бет жолықпаған?! Бейнет, ләззат, қиянат, құлау, самғау... Өтер бәрін өрлікпен қорықпаған. * * * Сезім де бір асау ат ерттелмеген, Басын ала қашатын серт-кермеден. Әлде жайдың оты ма ішке түскен?.. Бір керемет әйтеуір зерттелмеген. * * * – О, Шындыққа адал құл бола алғандар, Ортаңда оттан он рет оралған бар. Алла берер сендерге жәннаттан жай, Бұл дүниеден әйтсе де жоғалмаңдар. * * * – Жаман, жалпы, туыстан алыстаған, Дінде бұлай етпеуі табысталған. – Дұрыс-ақ қой... Бірақ та бір туса да, Кәззап «қазақпын» десе – намыстанам. * * * «...Аққудың көлге тамған көз жасындай...» – Білемін әннен мұндай сөзді асыл қай?! Ол көз жас өз көз жасыма қосылды да, Бір өксік өртей берді тез басылмай... * * * Шешсем де көп ойлаумен түйінді не, Бір сұрақ қинаумен жүр күйіндіре: Зұлыммен жұлқысқаннан гөрі адамға, Сырласу сыр берместен тиімді ме? * * * Ербең-ербең мінберге төніп келіп, Көбік сөзбен кетті аузы көбіктеніп. Арсызды да «арқалы» деп жатса жұрт, Сол ғой берген жын шатыс желікке ерік. * * * – Елжіретті-ау сол кезгі елестерің! Сен бойжеткен, мен жігіт емес пе едім... Енді бізге қалғаны қалқалау ма, Сезімдердің іштегі егескенін? * * * Көрместей ой-көзбен оң, солыңды анық, Бұл дүние кетті-ау әбден қоңырланып! Қоңыр ән, қоңыр өлең... қоңыр залда, Тек солар отыр биік орынды алып. * * * Жақсылыққа жамандық қапталдаса, Қапырық кеш орнатты-ау, қаптар маса! Заман жүзі жарқырап тұрар ма еді, Оңбағандар оңдырмай дақ салмаса? * * * – Не қалдырам?.. Мың тәубе, бала-шаға... Өзімнен із... Қалмауы жараса ма? Құс не балық емеспін, көктен, судан ізін тірі жан таппас қараса да... * * * Ая, сенде пайымды жүрмес шыдап, Бола алмадың маған да білмес сұрақ. Кісі таныр жастамын, меніменен түспен емес, ішпенен тілдес, шырақ! * * * – Жан-жүректі ауыр бұлт – торлайды арман, Керегім жоқ... күтіп пе ем мұндайды алдан. – Салтымыз ол!.. Қазаққа қартайғанда Төле би де тым керек болмай қалған. * * * Көр тышқанша тықпыштап алғандарын, Орынтақта тоздырған шалбарларын, «Пысығың» көп, халайық! Қалайды олар Рамзес боп төрде әлі қалғандарын... * * * – Көңілім көркем! О, ешкім бұзбаса екен, Көркемдеген өнерін сызбаса екен!.. Жылпың-жылпың ете ме-ау мына өмір?.. Жылпыңдардан алатын қыз да секем...

17Арғынбай БЕКБОСЫН.

Тараз қаласы.