Экономика

ІСКЕР ӘЙЕЛ, БІЛІКТІ КӘСІПКЕР

ІСКЕР ӘЙЕЛ, БІЛІКТІ КӘСІПКЕР

Оның жаны ерекшелікті сүйеді. Бірізділік, өзгенің ізімен жүріп отыру – ол үшін жат. Сондықтан да болар, айналысатын кәсібі де ерекше. Ерекше деуімізге себеп, елімізде, жалпы әлемде рестораторлық іспен көбіне тек ер азаматтар айналысады. Ал Айгүл Сағымбекқызы арпа ішіндегі бір бидай секілді, 13 жылдан бері осы кәсіпті дөңгелентіп келеді. Ол басқаратын мейрамханалар да ерекше. Облыс орталығындағы архитектуралық құрылысы айрықша, іші жағымды атмосферасымен ерекшеленетін «Марракеш», көлік жуу, бильярд, караокесі мен кеме пішініндегі жазғы алаңшасы бар «Monteray» комплексі, тарихи «Түрксіб» мейрамханасы жиылғандарға тек жағымды әсер қалдырары сөзсіз.

Нәзік жанды кәсіпкерден бұл салаға қалай келгендігі туралы сұрап, сөзге тартқанымызда: – Бұл негізі қызық оқиға. Бәрі де ойламаған жерден болды. Менің негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Тараздағы №11, №24 орта мектептерде азды-көпті жұмыс істедім. Содан тұрмысқа шығып, балалы болдым. 2004 жылы әкемнің 60 жас мерейтойын тойлайтын болдық. Ал ол кісі облысымызға белгілі теміржолшы. Өзінің мерейтойын да теміржолшылардың Мәдениет үйінде өткендігін қатты қалады. Ал 90-жылдары ол ғимарат, яғни қазіргі «Түрксіб» мейрамханасы өте нашар халде, тоз-тозы шыққан болатын. Үйдің үлкені ретінде той қамы менің иығыма артылды. Мен екі қолды сыбанып, алдымен банкет залының жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттім. Одан соң пердесін таңдадым, ас мәзірін жасадым дегендей. Білесіз бе, бұл іс менің қолымнан келді. Мұнымен айналысу маған өте ұнады. Әрі өзімнің еңбегімді, жұмсалған қаржыны ойлап, ғимаратты қайта қараусыз қалдыруға қимадым. Мені әкем мен жолдасым да түсініп қолдау білдірді және маған керемет тосын сый жасады. Олар маған ғимаратты сатып алып берді. Бұл оңай іс емес, әрине. Үнемі ізденісті, арнайы білімді, соңғы жаңашылдықтарды мүлт жібермеуді талап етеді. Сол себепті де мен әлі де оқып, білім алу үстіндемін. Мәскеуде, Киевте, Санкт-Петербургте білімімді жетілдірім, аспаздар мен даяшыларымды да тәжірибеден өтуге, оқуға жіберіп тұрамын, – дейді Айгүл Ақшалова. Мейрамхана ісінің хас маманы облысымызға тек кәсіпкер келіншек ретінде емес, облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы ретінде де танымал. Бұл салада да ол түрлі жобаларды ұйымдастырып келеді. Соның бірі – жас кәсіпкерлерге менторлық көмек көрсету. Жоба бойынша облысымыздағы 9 ірі кәсіпкер істерін жаңадан бастауға ниетті 9 жас кәсіпкерге 9 ай бойы бағыт-бағдар көрсетіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын егжей-тегжейлі үйретеді. Нәтижесінде олардың жетеуі ЖК ашып, кәсіптерін дөңгеленткен көрінеді. Мұндай жобаны кәсіпкер келіншек жыл сайын жалғастыруға ниетті. Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы сондай-ақ арулардың кәсіптерінің кеңінен құлаш жаюына да барын салуда. Қаржылық, заңдық, психологиялық тұрғыдан кеңес беретін, ораторлық шеберлікті арттыратын тегін тренингтер өткізуде. Кәсіптерін жаңа бастаған жандардың жолындағы кездесетін кедергілерді шешу мүмкіндіктерін де қарастыруда. Айгүл Сағымбекқызының үлгі етер тағы бір тұсы – қайырымдылықпен айналысуы. Іскер әйел жыл сайын «Мектепке дайындық» акциясына қатысып, көп балалы отбасыларға демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған. Өз мекемесімен бірге «Бақуатты отбасы» атты акция ұйымдастырып, онда кәсіпкерлермен бірге жұмыссыз тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды жұмысқа орналастырумен де шұғылданады. Арыс оқиғасында зардап шеккендерге миллион теңге жинап, алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған нәзік жандының бірі де осы Айгүл Сағымбекқызы болатын. «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес». Бұл Елбасының әйелдердің қоғамдық істердегі белсенділігіне берген бағасы. Іскер әйел, білікті кәсіпкер Айгүл Ақшалованың да биыл құрылғанына 80 жыл толған облыстың қоғамдық өмірінде алар орны айрықша.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА