Экономика

Еңбектері еленіп, сый-құрметке бөленді

Еңбектері еленіп, сый-құрметке бөленді

Аудандық Мәдениет үйінде ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің салтанатты жиыны өтті. Оны аудан әкімі Мейірхан Өмірбек құттықтау сөз сөйлеп ашып, есепті кезеңде салада атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Айта кету керек, Меркі ауданы соңғы бес жылдың көлемінде саладағы көрсеткіштері бойынша облыста алдыңғылар қатарында. Ал биыл ауданның балтамыр өсірушілері 2 000 гектар қант қызылшасы алқабынан 50 мың 57 тонна өнім жинап, қант зауыттарына жөнелткен. Яғни өңірімізде жиналып алынған 131 229 тонна қант қызылшасы өнімінің 38,1 пайызы меркілік диқандар үлесіне тиіп отыр. Биылғы жаз айларының қуаңшылығына қарамастан олар әр гектардан 335,7 центнерден тәтті түбір жиналуына қол жеткізген. Ал «Сыпатай батыр» ЖШС 185 гектар алқапқа қант қызылшасын егіп, одан 15935 тонна өнім жинапты. Бұл – гектар қайтарымы 861 центнерден айналды деген сөз. «Трансфер» шаруа қожалығы әр гектардан 1100 центнерден балтамыр өнімін жинап, облыс бойынша үздік агроқұрылым атанып отыр. Жиында биыл барлығы 20 жылыжайдың 1,1486 гектар алқабынан 122 тонна қияр, қызанақ жиналып алынғаны да аталып өтті. Жыл аяғына дейін тағы да 16 жылыжай салынып, іске қосылады деп күтілуде екен. Жылыжай кешендерінде көкөніс өнімдерін ғана емес, лимон өсіру де қолға алынуда. – Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен биыл ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жаңа қанатқақты жоба жүзеге асырылу үстінде. Осыған байланысты Сұрат ауылдық округі пилоттық ауыл болып белгіленіп, бұл мақсатқа барлығы 630,057 миллион теңге бөлініп, бес бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Мейірхан Азатұлы. Ауданның мал шаруашылығы саласында да елеулі жетістіктерге қол жеткізіліп отыр екен. Ағымдағы жылдың 10 айында жалпы өндірілген сүттің көлемі – 26973,9 тоннаны құраған. Қозы және сиыр еттерін экспорттау ісі де жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Мал басының да өсімі бар. Бұдан кейін жыл қорытындысына сәйкес мал және егін шаруашылығы еңбеккерлерін, жеке кәсіпкерлерді марапаттау рәсімі басталды. Бірқатар азаматтар Ауыл шаруашылығы министрінің, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің, «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Жыл қорытындысы бойынша егін шаруашылығы саласында жеткен жетістіктері үшін «Сыпатай батыр» ЖШС бірінші, «СмартАгроҚарқара» ЖШС екінші, «Мырза-Т» шаруа қожалығы үшінші орындарды иеленді. Ал мал шаруашылығы саласы бойынша «Талдыбұлақ» шаруа қожалығы, «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС, «Олжа» шаруа қожалығы бірінші, екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Аудандағы үздік жылыжай аталымы бойынша «үштіктен» көрінген шаруашылықтар аты да аталды. Үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылықтары жерін тиімді пайдаланып, үздік көрсеткішке жеткен кәсіпкерлер Алмас Жәрдембаев, Талғат Уәлиев және Сәкен Мәутеновтер үздік «үштікті» түйіндеді. Ал «Талдыбұлақ-2017», «Ерхан Дильназ» және «Береке Бірлік» агроқұрылымдары үздік ауыл шаруашылығы кооперативтері деп танылып, ерекше белгілерге ие болды. Жиын соңында аудан әкімі Мейірхан Өмірбек сала еңбеккерлері облысымыздың құрылғанына 80 жыл толуы мерейтойын лайықты еңбек тартуларымен қарсы алғалы отырғанын атап өтіп, алдағы уақытта олардың жаңа еңбек жетістіктеріне жетіп, еліміздің көркейіп, гүлденуіне сүбелі үлестерін қоса беретіндеріне сенім білдірді.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Меркі ауданы.