Экономика

Сармұрзиндер отбасы

Сармұрзиндер отбасы

шаруа қожалығын шалқытып, жеке кәсіпкерліктерін де дөңгелетіп отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына басымдықтар берілген. Онда: «Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының Жолдауы ауылдарда шағын және орта бизнесте тер төгіп жүрген еңбек адамдарының көңілін көтеріп, атқарып жатқан жұмыстарына деген құлшынысын одан сайын арттырды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттің көмек-қолдауымен ауылдық жерлерде кәсіп ашып жатқан азаматтар аз емес. Кәсіпке бейім сондай талапты жастардың бірі – Нұрлан Сармұрзин. Диқан ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер аудандағы мал шаруашылығының өркендеуіне, оның ішінде сүт кластерінің дамуына өзінің мол үлесін қосып келеді. Жалпы, қазақтың қай баласына да атадан қалған кәсіп – мал бағу жат емес. Аудан аграрлық болғандықтан төрт түлікті асырап көбейтіп, жер өңдеп, өнім өндіру шаруаның күнделікті жұмысы. Осы орайда ұлы ойшыл Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қай заманда мәні өзгеріп, мағынасы жойылмайтын даналық сөзі еріксіз ойыңа оралады. Нарықтың талабы дейсіз бе, әлде заманның сұранысы дейміз бе, қазір қай жерге барсаң да кәсіп, өнер игеріп еңбек етіп жатқан халықты көресің. Әсіресе аға буынның жолын жастардың жалғастырып жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Нұрлан Жарасұлы Тәуелсіздіктің құрдасы. 1991 жылы Диқан ауылында дүние есігін ашып, осындағы орта мектепте білім алған. Жоғары оқу орнын Тараз мемлекеттік университетінде оқып, оны туризм мамандығы бойынша тәмамдаған. Біраз жыл жеке компанияларда жұмыс істеген. Алайда «Туған жерге туыңды тік», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген қазақтың даналығымен сусындап өскен жас жігіт өз ауылында кәсіппен айналысуға бел буады. – Бала кезімнен ауылда кәсіп ашсам, ата кәсібімізді дамытып, жоғары деңгейге көтерсем деген арман болды. Сәті түсіп, 2016 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз азамат ретінде тіркеліп, несие алуға өтініш бердім. Сөйтіп, сол жылдың қазан айында осы мекеме арқылы «Nur Otan» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында алты миллион теңге несиеге қол жеткіздім. Оны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан берді. Бұл сома маған 27 бас сиыр сатып алуға берілді. Бүгінгі күнге дейін белгіленген малды алып, еңбек етіп жатырмын, – дейді ол. Жас жігіт Мемлекет басшысының Жолдауындағы «2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімі күшіне енеді» дегенді «Президент тарапынан бұл біз сияқты еркін еңбекті таңдаған жастарға үлкен көмек» дейді. Диқан ауылының байырғы тұрғындары – Сармұрзиндер отбасының тіршілігі сан салалы. Оны біз Нұрланмен әңгімелесу барысында байқадық. Отағасы Жарас аға «Жазира» шаруа қожалығын құрып жұмыс жасап жатса, енді, міне, үлкен ұлы Нұрлан «Нұрасыл» жеке кәсіпкерлігін ашып, атакәсіпті дөңгелетіп келеді. Бұл отбасында тәрбиеленген балалардың барлығы адал еңбекке, ауыл тірлігіне бейім болып өсті. Соның әсері болар, тұңғыш ұл Нұрлан заман талабын ерте түсініп, кәсіпкерлікке бет бұрды. Отбасының иелігіндегі жерге жыл сайын мал азығына арналған арпа, бидай, жоңышқа егіледі. Бұл өз кезегінде малдың азық қорын молынан дайындауға мүмкіндік береді. «Мал – баққанға бітеді» демекші, малды бақсаң, қарасаң ғана мал болады. Оны жылдың төрт мезгілінде бағу, жемшөп дайындау, өнімді өндіру мен өткеру оңай шаруа емес. Осынау тірліктердің барлығын отбасы мүшелері ұйымдасып, ақылдасып, ынтымақпен атқарып отыр. – «Біріккен істе береке бар» демекші, ауылдағы ағайындар кооперативтерге бірігу арқылы мемлекеттің қолдауына ие болуда. Әрине, мұның барлығына қуанамыз. Ал өз тірлігіме келер болсам, қазіргі таңда 30 басқа жуық сиыр ұстап отырмыз. Осы малдың бәрін мемлекеттен берілген несие қаржысы арқылы алдым. Жұмысымыз жаман емес. Сиырды арнайы сүт сауатын аппаратпен сауамыз. Жемшөбі дайын. Өнімді аудан орталығындағы «Бурный сүт компаниясына» өткереміз. Сауын сиырды күтіп-баптап, жемшөбін уақтылы беріп, дер кезінде мал дәрігерін шақырып, ветеринарлық жай-күйін де үнемі назарда ұстап отырмыз. Өткен жылдан бастап қолдағы малды асылдандыруға бет бұрдым. Осы мақсатта жергілікті фермерлерден үш бас асыл тұқымды бұқа сатып алдым. Оған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен төленетін тиісті субсидияны да аламыз. Үш жыл бұрын алған қомақты несиені келесі жылы толықтай өтеп болған соң «Сыбаға» бағдарламасына да қатысып, бағымды сынап көрсем деймін. Болашақта осы кәсібімді кеңейтіп, үлкен ферма ашсам деген арманым бар. Сол арқылы ауыл тұрғындарын да жұмысқа тартып, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтерсем, аграрлық саланың дамуына өзімнің үлесімді қоссам, – дейді жас кәсіпкер Нұрлан Сармұрзин. Тағы бір айта кетерлігі, Нұрланның келіншегі Гүлзат Лесбекова да биыл «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, жаңа бизнес идеяларды дамыту бойынша 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған екен. Оған сиыр сауатын және жемшөп турайтын аппараттар сатып алған. Бір сөзбен айтқанда, отбасылық кәсіптің дамуына жас кәсіпкердің өзінен бастап ата-аналары, келіншегі де мол үлес қосып отыр. Ынтымақпен жасалған мұндай істің берекелі болмауы мүмкін емес.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.

Жуалы ауданы.