Игілігін ел көретін батыл бастама
Игілігін ел көретін батыл бастама
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» негізінен 5 бағытты – үй іргесіндегі, сондай-ақ ауыл сыртындағы пайлық үлестік жер телімдерін тиімді пайдалануды, ауладағы мал мен құстың өнімділігін арттыруды, жеке қосалқы шаруашылық үшін қол байлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешуді және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыруды қарастырады. Өңір басшысы бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қолға алынған қанатқақты жобаның ауылдықтар үшін тиімділігін бірден-ақ байқауға болады. Бұған дейін де ширек ғасырдан бері тұралап, бір адым аттаса, екі адым кері кетумен болған ауылдардың тіршілігін қалай жандандырса болады, – деген ой талай ел азаматтарын мазалаған-ды. Енді, міне, соның реті келген сияқты. Десек те тұрғындардың патерналистік пиғыл мен масылдық психологиядан толық арылуы үшін үгіт-насихаттық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле беруге тиіс. Осы жерде айта кетерлік бір жайт бар. Мәселен, көрші Өзбекстан Республикасында 30 сотық жері бар отбасына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерге шектеу қойылған. Мұндай санаттағылардың көкөніс түрлерін өсіру бойынша жылдық кірісі есебінен жұмыссыздықтан арылып, аядай ғана аулалық жерін пайдаланып-ақ отбасын асырап отырғандары бар. Жақында олармен құдандалы болған бір туысымыздың қуанышына келген құдалармен әңгімелесе қалдық. Үй іргесіндегі атшаптырым жердің шым басып жатқанын көрген құдалар бастарын шайқап «Құдай берген ризықты таптап жүрсіңдер, мынандай жер бізде болса ғой, шіркін! Біздің жақта 20 үйдің ауласынан жылына кем дегенде солтүстік облыстарға жиырма «КамАЗ» жүк көлігімен көкөніс жөнелтіледі. Сіздер сияқты «жұмыс жоқ» деу бізде әсте болған емес. Жер-Ананы күтімдеуді бірінші кезекке қоямыз. Тіпті жұмысбасты қызметкерлердің жерін де пайдаланып, жеке қосалқы шаруашылық есебінен ризық жиямыз. Құдайға шүкір, міне, көріп отырсыздар, қызымыздың қалыңмалын қазекеңдерден де асырып әкеліп отырған жоқпыз ба?» – деп әдемі қалжыңға сүйеп, біздің жалқаулығымызды бір сынап өтті. Орынды уәжге қарсы дау айта алмадық. Табыстың атасы – еңбек екенін бәріміз білеміз. 40-50 сотық жері бар ауыл тұрғындары тиісінше көкөніс, жеміс-жидек түрлерін егіп, өнімінің өзінен артылғанын базарға шығарып сатып немесе айырбасқа беріп сауда-саттық жасаса, тұрмысы түзелмегенде қайтеді? «Еңбегіңді жерге бер, жер бермесе маған кел» деген шығыс халқының нақылы бұдан бірнеше ғасыр бұрын айтылса да әлі маңызын жойған жоқ қой. Бірақ Құдай немесе өкімет береді деп, жер басып жүргенінің өзін міндетситіндер арамтамақ емей, не? Қазақта «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген даналық сөз де бар. Құдайға шүкір дейік, бүгінде еліміздің кез келген азаматының жекеменшігінде үлестік жері бар. Бұрынырақта бір ағамыздың «кәпірәтіп» болып ұйысып, «қалхозға» біріксе ғана қазақтың ісі оңалады. Әйтпесе бас-басына би болғандар елдің емес, қарабасының қамын ойлап, уыздай ұйыған тірлік пен бірліктің тоз-тозын шығарады», – дегені көрегендігі екен. Қазіргі жағдайымыз осыған дәл келіп тұр. Жеке тірліктің анау айтқандай оңға басқанын көрген де, естіген де емеспіз. Аздаған ғана жетістіктер бар, әрине. Бірақ мемлекеттен несиеге қыруар қаражат алып қызмет көрсету орындарын, мейрамхана мен көлік жөндеу шеберханаларын ашып онысын кереметтей көретіндердің бәрі бірдей елдің керегін түгендеп жүр дей алмаспыз. Жеке иелігіндегі пайлық жер үлесін әркімге жартымсыз ақшаға сатып, өз ризығынан қағылып жүргендер – заман көшінен кейін қалғандар, біздіңше. 2019 жылы 26 ақпанда облыс әкімінің ұсынысы негізінде облыс әкімдігінің пайдаланылмаған жекеменшіктегі жер телімдері мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде қайтарылуы тиістігі жөнінде қаулысы шыққанынан хабардармыз. Алайда жергілікті атқарушы органдар басшыларының әбжіл қимылдап, аталған қаулы-қарар негізінде іс-қимыл әрекеттерін үйлестіре алып кеткендері шамалы. «Баяғы жартас, сол жартас» күйінде, қағаз жүзінде қалған сияқты. Мұны көзіміз көрген соң айтып отырмыз. Ауыл маңындағы жергілікті тұрғындардың ортақ пайдалануындағы азын-аулақ мал жайылымын жекешелендіріп алғандардың сол жерден мандытып өнім алып жатқаны аз. Мал азығы үшін еккен жоңышқалығынан жеткілікті мал азығындық қор жинап алса, әңгіме басқа. Не тракторы, не шөп орағы, не оны жүргізетін тракторшысы жоқ жер пайдаланушылар мен тұрғындар арасында дау-дамайлар да көбейіп тұр. Мұндай жеке шаруа қожалықтары бар екенін көптеп келтіруге де болады. Ағын су мәселесі өзінше бір «жыр». Осы орайда орыс жазушысы Н.Гоголь «Шөп қорыған ит» атты әңгімесі арқылы осындай тірлікті сынап-мінеген ғой. Уақ шаруашылықтар кооперативке бірігіп, бірлесе жұмыс істесе, ауқымды тірліктер тындырады емес пе? Кооператив іріленген сайын жұмыс көздері көбейетіні өзінен өзі мәлім. Сонда ғана өз еңбегінің нақты бағасын білген шаруаның бойында ерен құлшыныс пайда болып, болашаққа да сеніммен қарай бастайтыны анық. Ең бастысы, бұл іс өңіріміздегі жұмыссыздықты жою мен кедейшілік деңгейін төмендетуге едәуір септесетін болады. Шу өңірі мал ұстауға, егін, көкөніс егіп өсіруге қолайлы-ақ жер. Ал ауыл ішіндегі пайдаланылмай жатқан жер телімдерін игеру үшін шаруаларды кооперативтерге біріктіру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің де бірі. Кооперативтер шаруалар өндірген өнімдердің тиімді жолмен өткерілуіне де жол ашады. Олар ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдікпен алу мүмкіндігіне де ие. Кооперативтер шаруаларға жағдай жасау үшін құрылады. Мемлекеттен несие мен субсидия да соларға бірінші кезекте беріледі. Өңір басшысының қанатқақты жобасына ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру мәселесінің де енгізілуі өте орынды. Бірақ көпшілік арасындағы патерналистік пиғыл мен масылдыққа бейімдер «берген нәрсені ала беру керек, істей алмасаң, шаруаңды жүргізе алмасаң қарызыңды өкімет кешіреді» деген ойды бірінші кезекке қойып, өз ісіне өзі немқұрайдылықпен қарағанынан іс оңала ма? Бұл мәселені міндетті түрде қатаң қадағалау жөн. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жер телімдерін тиімді пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер беріліп жатқан тұста облыс әкімдігінің болжамдарына сәйкес шараларды жүзеге асыру кезінде ауыл әкімдерінің іскерлігі мен біліктілігі де сынға түсетіні белгілі. Осынау ауқымды жобаның түп-мақсаты ауылдарды дамыту арқылы мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыру деп білеміз. Сондықтан оған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар белсене атсалысуға тиіс. Сайып келгенде, тұп-тура өңірдің 80 жылдығы қарсаңында қолға алынған «Мырзахметовтің жобасы» ауыл шаруашылығын дамытуға үлестерін қосатын жеке қосалқы шаруашылықтар иелері арасында, сөз жоқ, үлкен серпін туындатады деп сеніммен айта аламыз.
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ, ардагер ұстаз.
Шу ауданы.